Оқу-ағарту министрлігіне қарасты “Талап” акционерлік қоғамы ұйымдастырған “WorldSkills Kazakhstan 2023” VIII республикалық чемпионаты өз мәресіне жетті. Үш күн бойы өңірлік чемпионаттардың жеңімпаздары 30 құзырет және 7 бағыт бойынша үздік атану үшін бақ сынасты. Салтанатты марапаттау рәсіміне Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қатысты.
Министр өз сөзінде барлық қатысушыларды техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы айтулы шарамен құттықтап, ел экономикасын дамытудағы жұмысшы мамандардың рөліне ерекше тоқталды.
Байқау жеңімпаздарын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова марапаттады. “WorldSkills Kazakhstan 2023” чемпионатында барлығы 100 медаль: 38 алтын, 26 күміс және 36 қола ұтысқа салынды. 153 қатысушы үздік атанды.
Өңір студенттері бұл додада 2 алтын мен 1 күміс алқа иеленді. Ал 8 қатысушы “Үздік медальонға” ие болды. Жастар кірпіш қалау, құрылыс және сылақ, сантехника және жылу жүйесі – барлығы 30 бағыт бойынша кәсіби машықтарын паш еткен.
“WorldSkills Kazakhstan 2023” VIII республикалық чемпионаты 2023 жылдың 23-25 қарашасы аралығында өтті. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен 545 студент пен 510 сарапшы қатысты. Графикалық дизайн, дәнекерлеу технологиясы, кондитер, шаштараз ісі, мейрамхана сервисі сынды бағыттарды тағдаған талапкерлердің жобаларына қызығушылар саны аз болмады. Жеңімпаздар 2024 жылдың 10-15 қыркүйегі аралығында Францияның Лион қаласында өтетін “WorldSkills” халықаралық чемпионатына барады.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.