Қоғамда үлкен дүрбелең тудырып, ел ішін бүлдіре жаздаған “атышулы” оқиғаға нүкте қойылды. Петропавл қалалық сотында “Еңбекшілер халық кеңесі” деп аталған астыртын сепаратистер тобына қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты.
Биылғы жылдың наурыз айында “Еңбекшілер халық кеңесі” жиналысына қатысушылар Қазақстан мемлекетін мойындамайтын, оның тәуелсіздігін жоққа шығаратын декларация қабылдап, Петропавл еңбекшілерінің дербес халық кеңесін құратындарын мәлімдеген болатын. Бұл жиынның бейнежазбасы әлеуметтік желіде желдей тарап, наразылық тудырған еді. Өңір тұрғындары оларды сепаратизм үшін жауапкершілікке тартуды талап етті.
Наурыздың 30-ы күні Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті сепаратизм фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Күдікке іліккен 19 адамның төртеуіне сепаратизмді насихаттау ісіне байланысты сот үкімі шықты. Ал қалғандары іске куәгер ретінде қатысқан.
– Сот шешімі бойынша Зудерман В.А. қылмыстық кодекстің 179, 180 бабының 2-ші тармағы, 287 бабының 2-ші тармағы бойынша 9 жылға бас бостандығынан айырылады. Ал Болдырева Е.А, Капарова және Бережноваға 179 және 180 баптың 2-ші тармағы бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырылады. Олардың барлығы жазаларын қауіпсіздігі орташа деңгейдегі мекемеде өтейтін болады, – деді Петропавл қалалық сотының судьясы Алмас Жұмағазин.
Бережноваға қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы жойылып, сот залында қамауға алынды.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.