«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛ ӘКІМДЕРІ САЙЛАНДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

26 қарашада өңіріміздің бірқа­тар елді ме­кендерінде әкім сайлауы өтті. Маңызды саяси науқан Есіл ауданының Николаевка ауылдық округінде де ұйымдастырылды. Жергілікті тұрғын­дар бұл лауазымға үміткер ретінде тіркелген екі адамға дауыс берді. Кандидаттардың есімі тұрғындарға жақсы таныс. Олар тұрғындар арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген. Сайлауалды бағ­дарламаларына елді мекеннің түйткілді мәселелерін енгізіп, оларды шешу жолдарын қарастырыпты.

Бұл сайлау ауылдық округ әкі­мінің өз еркімен жұмыстан кетуіне байланысты “Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы” Заңның талаптарына сәйкес жүзеге асы­рыл­ды. Николаевка ауылдық округіне екі елді мекен – Николаевка және Қаратал ауылдары қарайды. №145 сайлау учаскесі Николаевка елді ме­кеніндегі мектепте орналасқан. Таң­ғы сағат 7:00-де ашылып, алғашқы дауыс берушілер келе бастады. Солардың бірі – Қайыржамал Омар­қызы. Николаевка орта мектебінде қырық жылдан астам уақыт ағылшын тілінің мұғалімі болып жұмыс істеген ол қазір зейнет демалы­сында. Саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған еңбек ардагері мұндай маңызды іс-шаралардан тыс қалған емес.

“Су мен жол мәселесі біртіндеп өз шешімін тауып келеді. Бізді жас­тардың жұмыссыздығы мәселесі алаңдатып отыр. Жұмыспен қамту­ды бірінші орынға қою керек деп ойлаймын. Мәдениет жағын дамы­туға да көп көңіл бөлінсе құба-құп, бізде бұл сала ақсап жатыр”, – деді Қайыржамал Омарқызы.

Николаевка елді мекені тұрғын­дарының айтуынша, округ әкіміне лайықты тұлғаны тұрғындардың өзі таңдауы өте дұрыс шешім. Бұл – әкімнің халыққа жақын болуына сеп.

Сайлаудың қорытындысы бойын­ша 577 дауыспен Николаевка ауылдық округінің әкімі болып “АМАNАТ” партиясы Есіл аудандық филиалы ұсынған үміткер Далабай Қабдуалиев сайланды. Ол 1989 жылы туған. Жалпы сайлауға 945 дауыс берушінің тек 673-і ғана қа­тысты.

Аққайың ауданындағы Иванов­ка ауылдық округіне Қанат Дүйсембаев әкім болып сайланды. Бұл күні дауыс берген 369 адамның 289-ы Қанат Болатұлының кандидату­расын таңдаған. Ал Уәлиханов ау­данындағы Көктерек ауылдық окру­гін Қанат Жексембаев басқа­ратын болады. Тимирязев ауданын­дағы Интернационал ауылдық округі­нің әкімі болып Азамат Теміров, Ле­нин ауылдық округінің әкімі болып Еркебұлан Райымбеков, Тимирязев ауылдық округінің әкімі болып Мақсат Нұрикенов сайланды. Қызылжар ауданындағы Асанов ауылдық округіне Мұрат Қапаров, Петер­фельд ауылдық округіне Асылхан Қасымов, Қызылжар ауылдық ок­ругіне Ринат Шұғайыпов басшылық етпек.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp