Ұлттық банк 24 қараша күні базалық ставканы 15,75 пайыз деңгейінде бекітті. Еліміздегі ең басты қаржы ұйымы биыл базалық ставканы қатарынан үшінші рет төмендетіп отыр. Алғаш рет биыл тамызда 16,75-тен 16,50 пайызға түскен болатын.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, бұл ретте назар аудармаса болмайтын жекелеген тәуекелдер жоқ емес. Олар – азық-түлік бағасының өсуі, негізгі сауда-серіктесіміз – Ресейдегі инфляция, өз ішіміздегі инфляциялық күтулердің динамикасы және бюджеттік шығындар.
Сыртқы секторда инфляциялық қысымның төмендегені байқалып отыр. Бұл қатаң монетарлық саясаттың әсерін, азық-түлік бағасының оң динамикасын және энергия бағасының қысқа мерзімге баяулағанын білдіреді. Соған қарамастан, қысқамерзімді келешекте проинфляциялық факторлардың ықпалы біршама күшейеді деп күтеміз”, – дейді Тимур Сүлейменов.
Оның айтуынша, биыл базалық сценарийде инфляция 9,3-10,3 пайыз шегінде болжанып отыр. Болжамды осы жылға қайта қарау тұрғын үй-коммуналдық қызметтер тарифінің және азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының бірқалыпты өсуіне байланысты. Ортамерзімді келешекте сыртқы орта қысымының әлсіреуі және монетарлық саясаттың ұстамды қатаң сипаты инфляцияның төмендеуіне ықпал етеді. Алдағы жылдарға болжам мынадай: 2024 жылы инфляция 7,5-9,5 пайыз деңгейінде, 2025 жылы 5,5-7,5 пайыз деңгейінде сақталады.
2024 жылы инфляция одан әрі баяуласа, Ұлттық банк инфляцияны тұрақтандыру үшін ортамерзімді келешекте ұстамды қатаң ақша-кредит шарттарын сақтап, мөлшерлемені бірқалыпты төмендетуді қайта қарастырмақ. Бұл ретте деректерді жинақтау және тәуекелдер балансын бақылау үшін базалық мөлшерлемені өзгертуде кідіріс болуы да мүмкін.
Әсет ҚАНАФИН.