Ауылдардың көп жағдайда сол елді мекенде тұратын еңбекқор жандардың игі істерінің арқасында даңқы аспандайтыны белгілі. Біздің өңірімізде ауыл шаруашылығы саласы мамандарының жұмысы жоғары бағаланады. Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда қазіргі уақытта осындай үлгі тұтар елді мекендер де, ауылын көркейтіп жатқан шаруашылықтар да аз емес. Бірлік ауылындағы мектептің 8-сыныпқа дейінгі оқушылары осындағы шаруашылықтың есебінен тегін тамақтанады.
Бірлік орта мектебінде барлығы 116 оқушы болса, соның 87-сіне түскі ас тегін беріледі. Ал, қалған жоғары сынып оқушылары үшін тамақ бағасы небәрі 250 теңге. Мектептің мұғалімі Алма Иманованың айтуынша, “ES GLOBAL AGRO” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі асхананы толық жабдықтап берген. Сондай-ақ қажетті азық-түлікпен қамтамасыз етіп отыр.
Кәсіпкер жолды, әлеуметтік нысандарды жөндеуге жыл сайын қаражат бөледі. Тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылған. Александр Пономаренко бұл ауылда 40 жылдан астам уақыт бойы тұрып жатыр. Ол көлік жүргізушісі болып жұмыс істейді. Бүгінгі тұрмысына көңілі толады.
“Малға қажет жем-шөп, сондай-ақ пай беріледі. Пайдың мөлшері шыққан өнімге байланысты. Егер неғұрлым жоғары өнім алса, берілетін пай да көп болады. Сондықтан жақсы өнім алу үшін бар күшімізді салып жұмыс істейміз”, – дейді ауыл тұрғыны.
“ES GLOBAL AGRO” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бүгінде 150 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Орақ қызған шақта жұмысшылар саны артады. Серіктестік жергілікті тұрғындардың қажеттілігін ескеріп, ауылдағы әлеуметтік ғимараттарды жөндеп, пайдалануға берген. Бірлігі жарасқан, түтіні түзу ұшқан ауылдан ешкімнің кеткісі жоқ. Себебі, өмір сүруге қолайлы. Бұл – ауылдың ең үлкен жетістігі.
“Бізде 22 мың гектар егістік жер бар. Соның 13 мыңға жуығы – тұрғындарға тиесілі. Арнайы келісім бойынша жұмыс істейміз. Шартқа сәйкес, жыл сайын өнімнің 7 пайызын адамдарға беруіміз керек. Дәл қазіргі уақытта біз пайды үлестіріп болдық”, – дейді шаруашылықтың директоры Матвей Скорняков.
Гүлжан Табдығова да – осы ауылдың тумасы. Ол – серіктестікте аспаз. Биыл ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған салтанатты шарада оған үздік маман ретінде құрмет көрсетілді.
“Жергілікті биліктің еңбегімді бағалап, елеп-ескергеніне өте ризамын. Жұмысым өзіме ұнайды. Жыл сайын түрлі сый-сияпат, мақтау қағаздарын алып тұрамыз. Үйде мал ұстаймыз. Ал серіктестік сол төрт-түлігімізді жемазықпен қамтамасыз етіп отыр”, – дейді Гүлжан Табдығова.
Диана Батықова – жас кәсіпкер. Өзінің қайсар мінезі мен еңбекқорлығының арқасында бүгінде “Нежинка-Агро” серіктестігінің ісін өрге домалатып отыр. Ол әкесі Мұрат Жұмабековтің ісін жалғастырып қана қоймай, ауылға жаңа леп әкелген.
“Бүгінгі күні мен балалар алаңының құрылысын аяқтадым. Онда футбол, баскетбол алаңдары, түрлі әткеншектер бар. Біз балалардың саламатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылдана алуы үшін бар күшімізді саламыз”, – дейді жас кәсіпкер.
Балалар алаңында ойын құралдарына ғана емес, қауіпсіздікке де ерекше назар аударылыпты.
Ал “Нежинка Агро” серіктестігінде 450 пай иесі бар. Тұрғындардың үлестері ақшалай беріледі. Сондай-ақ, ауыл тұрғындары арзан бағамен жемшөп те алады. Червонное елді мекенінің тұрғындары 900-ге жуықтайды. Бүгінде мұнда сүт фермасы жұмыс істеп тұр. Григорий Каратай ферманың ашылған сәтінен бастап еңбек етеді. Қазір ол – сауыншы.
“Мен осы ауылда туып, өстім. Туған жерім көз алдымда көркейіп келеді. Жұмысым да қиын емес. Технологияның дамыған заманы ғой. Жалақы жағынан да ешқандай мәселе жоқ. Уақытылы алып тұрамыз. Ал пай әрбір жиын-терім науқанынан соң міндетті түрде беріледі. Кейде ақшалай, кейде бидай ретінде аламыз”, – дейді ауыл тұрғыны.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.