Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифингте Тимирязев ауданының әкімі Ерлан Жаров “Темирязев ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша қорытындылар мен алдағы уақыттағы жоспарлары” тақырыбында баяндама жасады.
– Аудан экономикасының негізгі драйвері – ауыл шаруашылығы саласы. Жыл басынан бері жалпы сомасы 7,9 млрд. теңгені құрайтын 133 техника мен қосалқы жабдық сатып алынды. Шаруалар қамбаға 221,6 мың тонна дәнді және бұршақты дақыл құйды. 2023 жылдың 10 айында ауданға тартылған инвестиция көлемі 11,3 млрд. теңгені құрады. Облыс әкімі 2024 жылы ет, сүт және астықты терең өңдеуді дамытуға ерекше назар аудару міндетін қойды. Қазіргі уақытта осы бағытта жұмыс жүргізілуде, – деді аудан басшысы.
Тимирязевте шағын және орта бизнесті дамытуға айрықша назар аударылуда. Бүгінгі таңда ауданда 2500 мыңнан астам адам жұмыс істейтін 753 бизнес субъектісі тіркелген. Үстіміздегі жылы наубайханаларды жаңғырту, жаңа сауда нысандарын ашу, бал өндіру, жылыжайлар салу, мал шаруашылығын дамыту және ет өнімдерін қайта өңдеу үшін 33 бизнес иесіне мемлекеттік қолдау көрсетілген. Нәтижесінде 79 тұрақты жұмыс орны құрылыпты.
Ерлан Жаров құрылыс жұмыстарына да тоқталды. Тимирязево ауылында блоктық-модульдік қазандық құрылысының жобасы әзірленген. Бұл нысан қазіргі уақытта әбден тозған қолданыстағы қазандықты жаңасына ауыстыруға мүмкіндік береді. Аудандық маңызы бар жолдарды жөндеу бойынша биыл 2 жоба іске асырылды. Есіл – Ақсуат бағытындағы 19 километрлік жол жөнделуде. Хмельницкое ауылына кіреберістегі 9 шақырым жол орташа жөнделген.
“Ауданда 110 көпбалалы отбасы тұрады. Үстіміздегі жылы жұмыспен қамту шаралары есебінен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар саны 64-тен 38-ге дейін қысқарды. Дәрігерлердің жетіспеушілігі өткір тұр. Бізге жоғары білімді 9 маман қажет”, – деді аудан әкімі.
Аудан басшысы мәдениет саласын дамытуға маңыз беріліп отырғанын жеткізді. Ақсуат және Құртай ауылдық округтерінде мәдени-сауықтыру орталықтарының құрылысы басталған.
Биыл ауданның құрылғанына алпыс жыл толды. Бұл мерейтойды тұрғындар сән-салтанатпен атап өткен. Орталық алаң қайта жаңғырып, көшелер абаттандырылыпты. Бағдаршамдар орнатылып, жаңа саябақ пайдалануға берілген.
Ауданның алдағы жылға арналған жоспары ауқымды. “Райт АА” серіктестігі базасында 400 бас ірі қара малға арналған тауарлы-сүт фермасын салу және сүт өңдеу цехын ашу көзделуде. “Восход-Агро-СК” серіктестігі 6000 тонна астық қабылдайтын қойма салуды жоспарлап отыр. Одан өзге “Сарыарқа КЗ” диірмені жаңартылып, Ақсуат, Дзержинское, Хмельницкое, Тимирязево, Москворецкое елді мекендеріндегі су құбырлары жөнделеді.
Аманжол ЗАҒЫПАР,
“Soltüstık Qazaqstan”.