Облыс әкімінің орынбасары Рүстем Құрмановтың төрағалығымен үстіміздегі жылғы өрттің қауіпті кезеңінің қорытындысы бойынша кеңес өтті. Аталған шараға мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың басшылары, аудан әкімдерінің орынбасарлары және аудандық төтенше жағдайлар бөлімдерінің бастықтары қатысты.
Отырыста Рүстем Құрманов қауіпті кезеңде табиғи өрттердің алдын алу және орман алқаптары мен елді мекендерді тиісті қорғауды қамтамасыз етудегі міндеттер туралы баяндады. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Аслан Ахметжанов қатысушыларды табиғи өрттердің алдын алу жөніндегі іс-шараларды орындау бойынша атқарылған жұмыс туралы баяндады. Әсіресе лауазымды тұлғалардың алдын алу мәселесіне қатысты жұмысына ерекше тоқталды.
Облыс аумағында қауіпті кезеңде 78 гектардан астам алқапта 27 орман өрті болып, шамамен 15 млн. теңге залал келген. Үш дала өрті және астық алқабында бір оқыс оқиға тіркелді.
Аслан Жасұланұлы өртке қарсы ерікті құрылымдар мен өрт сөндіру бекеттерінің жұмысы жайлы баяндады. Олардың күшімен 35 өрт және 86 тұтанған от сөндірілген. Сондай-ақ қауіпті кезеңге дайындыққа 1223 техника және жеке құрамнан 2630-дан астам адам жұмылдырылған. Сондай-ақ департамент жоспарға сәйкес алдын алу жұмыстарын жүргіз-ген.
– Жалпы саны 318 адамнан тұратын 54 жедел мобильдік топ құрылды, 1400-ден астам рейдтік іс-шара ұйымдастырылды. 189 кінәлі тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 174 ескерту жасалып, 776 мың теңге сомасына 15 айыппұл салынды. Орманды алқаптарда өрттің алдын алу бойынша 13 мыңнан астам іс-шара өткізілді, – деді Аслан Ахметжанов.
Селекторлық режімде аудан әкімдері орынбасарларының есебін тыңдаған Рүстем Құрманов табиғи өрттердің алдын алу және оларды жедел жою жөніндегі жұмыстың тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар тапсырмалар берді. Атап айтқанда, өртке қарсы ерікті құрылымдарды нығайту, олардың дайындығын қамтамасыз ету, елді мекендерде өрт сөндіру бекеттерін құру қажеттігін атап өтті.
Асқар ЫСМАҒҰЛОВ,
облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бас маманы.