«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛТЫ ЖҮЗ ОТБАСЫНЫҢ ҚУАНЫШЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету қашан да маңызды. Елімізде осы бағытта жүйелі жұмыстар жүзеге асырылып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың аясында жаңа үйлер салынып жатыр. Ал жылдап пәтер кезегінде тұрғандардың баспаналы болды – үлкен қуаныш.

Облыс орталығындағы “Береке” шағынауданында жалдамалы-коммуналдық 6 көпқабатты үй қолда­нысқа беріліп, 600 отбасы баспа­на­лы болды. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жаңа пәтерлердің иелеріне кілттерді салтанатты түрде та­быс етіп, қоныстоймен құттықтады.

Үйлі болғандардың басым бөлігі – көпбалалы отбасылар, жетімдер, мүгедектер және толық емес отба­сылар.

– Халықты тұрғын үймен қамта­масыз ету – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Тұрғын­дарға баспана қолжетімді болуы керек. Бұл – Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы. Об­лыста бұл бағытта кешенді жұ­мыстар атқарылуда. Бүгін тапсыры­лып отырған 6 үй – соның айқын дәлелі. Бүгінгі таңда “Береке” ша­ғынауданында мектеп, спорт ке­шені мен балабақша салынуда. Жақын күндері емхана ашылады. Яғни, тұрғындардың жайлылығы үшін бар­лық жағдайлар жасалады, – деді Ғауез Торсанұлы.

Баспаналы болғандардың қуа­нышына ортақтасқан өңір басшысы көпбалалы ана Гүлназ Кенжетаеваның шаңырағына барды. Қуа­ныштан көзіне жас алған ана облыс башысына алғысын жаудырды.

“Қайран менің өз үйім, кең са­райдай боз үйім” деп асыға күткендердің бірі – Владислав Варлаков. Осыдан 15 жыл бұрын әйелі қайтыс болғаннан кейін отбасымен қалаға көшіп келген. Содан бері пәтер жалдап тұрған. Ал 3 жыл бұрын тас жолда баланы құтқарамын деп мү­гедек болып қалған. Қазір жұмыс істемейді.

– Жұмыс істемегесін пәтер жал­дау да қиындай түсті. 4 балам мен немерелерім бар. 15 жыл бойы ке­зекте тұрдым. Бейсенбі күні әкімдіктен қоңырау шалып, пәтер беріледі дегенде қуанышым қойныма сыйма­ды. Енді 3 бөлмелі пәтерде барлығымыз бірге тұрамыз, – дейді Вла­дислав Варлаков.

“Береке” – күннен күнге өсіп, көр­кейіп келе жатқан болашағы зор ша­ғынаудандардың бірі. Бүгінгі таңда мұнда екі мектеп, балабақша мен спорт кешенінің құрылысы жү­ріп жатыр. Жыл соңында жаңа емхана пайдалануға беріледі.

Жалпы жаңа жылға дейін облыс орталығында 22 көпқабатты үй қол­данысқа беріліп, 2 мыңнан аса отбасы баспаналы болады деп жоспарланған.

Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суреттерді түсірген

Самат БАЙҒАЗЫ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp