Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Уәлиханов ауданының әкімі Қайрат Пішенбаев баспасөз конференциясын өткізіп, атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
Брифинг аудандағы агроөнеркәсіптік кешеннің көрсеткіштерінен басталды. Уәлиханов ауданында бұл саладағы жалпы өнім көлемі – 27 млрд. теңге.
– Биыл еліміздің, оның ішінде ауданымыздың диқандары егін жинау науқанын ауа райының қолайсыз жағдайында жүргізді. Бұл астықтың сапасы мен көлеміне әсер етті. Соған қарамастан фермерлер 84,6 мың тонна астық бастырды. Астық өнімділігі гектарынан 5,1 центнерден айналды. Мал шаруашылығына келетін болсақ, есептік кезеңде шаруашылық өнімдерінің барлық түрлерінің өсуіне қол жеткіздік. Ет өндіру және сүт сату көрсеткіші тиісті кезеңге қарағанда 100 пайыздан асты, – деді өз сөзінде Қайрат Пішенбаев.
Сонымен қатар ауданда 11 млрд. теңгеге 3 тауарлы-сүт фермасының құрылысы жүргізілуде. Шетелден 3824 бас асыл тұқымды ірі қара сатып алу жоспарлануда. Осылайша “Жолдасбай-Агро”, “JALAYR agrofoods” және “Олжа Атамекен” серіктестіктерінің фермаларында жаңа жұмыс орындары ашылады. Ал “Туған жер” шаруа қожалығының отары Павлодар облысынан әкелінетін 1000 бас асыл тұқымды аша тұяқтымен толығады.
Аудан әкімі құрылыс саласына да тоқталды. Биыл 2,8 млрд. теңгенің құрылыс жұмыстары орындалған. Ірі жобаларды жүзеге асыру үшін қазынадан 7,6 млрд. теңге бөлінген. Оның ішінде, “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы аясында 8 жобаға, “Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері” бағдарламасы аясында 5 жобаға және жергілікті бюджеттен 7 жобаға қолдау көрсетілген. Қаржының басым бөлігі әлеуметтік нысандар салуға, жолдарды жөндеуге, инженерлік инфрақұрылымды дамытуға және сумен жабдықтауға бағытталып отыр.
Облыстық, аудандық, сондай-ақ ауылішілік жолдарды жөндеу және күтіп ұстауға да айтарлықтай қаражат бөлінді. Қулыкөл, Телжан, Кішкенекөл, Бидайық ауылдарында жалпы сомасы 919 млн. теңгеге ауылішілік жолдарға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Өндіріс-Жұмысшы – Мырзағұл, Көктерек – Тоспа – Жасқайрат – Қайрат учаскелеріндегі жұмыстар жалғасуда. Келер жылы Кішкенекөл, Бидайық, Телжан ауылдарындағы ауылішілік жолдарды жөндеу жұмыстары жалғасады. Көптен бері көпшілікті алаңдатып жүрген Талшық пен Кішкенекөл арасындағы жолды жөндеу “Көкшетау Автодор” серіктестігіне жүктелген. Құны 19,9 млрд. теңге болатын жоба үш жылға шақталған.
– Ауылға негізгі керегі жол, таза ауызсу, жарық, ұялы байланыс желісі екендігі белгілі. Таза ауызсумен 25 елді мекен, яғни тұрғындардың 99,9 пайызы қамтамасыз етілген. 2459 үйге су тартылған. Ауданның 27 елді мекенінің 19-ында мобильді ұялы байланыс пен интернет бар, – деді аудан әкімі.
Жыл басынан бері Уәлихановта 1175 адам жұмысқа орналасқан. Жаңадан ашылған жұмыс орындарында 476 адам еңбек етуде. “Бастау-Бизнес” жобасы бойынша 50 адам оқуға жіберіліп, сертификаттарға ие болыпты. Жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін 14 адамға 18 млн. теңгенің мемлекеттік гранты берілді.
“Биылғы жыл ауданның білім беру саласы үшін жемісті болды. Түлектер ҰБТ нәтижесі бойынша жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, облыс бойынша көш бастады. Соңғы 3 жылда ауданда 4 жаңа клуб және 1 кітапхана ашылып, мәдениет ошақтарының саны 36-ға жетті. Биылғы жылы жалпы құны 9 млн. теңгелік Жамбыл демалыс орталығы мен Аққұдық ауылдық клубында жөндеу жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар 212 млн. теңгеге Кішкенекөл ауылының орталық алаңын қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Мәдениет мекемесі жоқ Көктерек, Жас Ұлан, Тілеусай ауылдарына клуб салу жоспарланып отыр. 2024 жылы олар үшін тиісті жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленетін болады”, – деді аудан басшысы.
Ауданда спортпен 6 мыңнан астам адам шұғылданады, олар үшін 149 спорт нысаны қызмет көрсетеді. Биылғы жылы 7 ауылда 50 млн. теңгеден астам қаражатқа спорттық-ойын алаңдарының құрылысы жүргізілді. Жүзу спортын дамыту мақсатында Кішкенекөл ауылында спорт залы бар жабық жүзу бассейінің құрылысы басталды. Нысан келер жылдың сәуір айында қолданысқа беріледі деп күтілуде.
Аманжол ЗАҒЫПАР,
“Soltüstık Qazaqstan”.