2025 жылға қарай Қазақстанда өндірілген құс етімен импортты толықтай алмастыру жоспарланып отыр. Осылайша жалпы өндірістік қуаты жылына 223,1 мың тонна болатын 23 құс фабрикасын салу және жаңғырту арқылы елді отандық өніммен қамтамасыз ету көзделуде. Ал облыстың құс етіне деген сұранысы – сегіз жарым мың тонна. Тұрғындардың осы қажеттілігін өтеу үшін өңірімізде соңғы жылдары құс фабрикалары көптеп салынуда. Солардың бірі – осыдан екі жыл бұрын ашылған “Солтүстік бройлер” ЖШС.
– Облыс аумағында жаңа құрылыс технологиялары мен әлемдік жетекші өндірушілердің құс шаруашылығы жабдықтарын қолданатын ет өндіруге арналған заманауи құс фабрикасын салу идеясы пайда болғанда біз, ең алдымен, жер таңдауға баса мән бердік. Болашақта логистика, өткізу және еңбек ресурстары мәселесін жедел шешу үшін таңдау бірден Петропавл – Көкшетау тас жолына түсті. Бізге Аралағаш ауылының маңынан жер бөлінді, – дейді серіктестік директорының өндіріс бойынша орынбасары Айтболат Ысқақов.
Құс фабрикасы жылына 5000 тонна ет өндіреді. Алдағы уақытта бұл көлемді он мың тоннаға дейін жеткізу көзделген. Қазіргі таңда фабриканың 12 құс қорасы (BigDatchman жабдығы), инкубациялық цехы (Pas Reform), жем зауыты (Вагнер), бордақылау цехы (Szlachet Stal), тоңазытқыш қоймалары бар. Құс фабрикасы ұжымының үйлесімді жұмысының және мемлекеттік органдардың қолдауының арқасында өткен жылдың соңында алғашқы өнімдері сауда сөрелеріне жетті. “Северный бройлер” құс фабрикасының өнімі нарыққа “Ерке құс” брендімен шығарылады. Серіктестіктің өнімдері – салқындатылған және мұздатылған бройлер еті және оның бөліктері. Бұл өнімдерді тұрғындар облыс орталығындағы “Тайга”, “Рахмет”, “Северный”, “Корона”, “Океан” сауда үйлері мен “Семейный” дүкендерінен сатып алып жүр.
– Бүгінгі таңда кәсіпорында 160-тан астам адам жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі – жергілікті тұрғындар. Құс өсірушілердің біліктілігін арттыру үшін қосымша курстар өткізіледі. Бұл мақсат үшін басқа өңірлер мен шетелдерден мамандар арнайы шақырылады. Біз кәсіпорнымызда жұмыс істейтін қызметкерлер үшін барынша қолайлы және тиімді жағдай жасауға тырысамыз, – деді Айтболат Бақытұлы.
Қызметкерлер толық әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етілген. Арнайы киім-кешекпен қамтылған, мал сою күндері қосымша ыстық тамақ тегін беріледі. Кәсіпорын көпбалалы отбасыларға балаларды мектепке дайындау үшін материалдық көмек көрсетеді.
Серіктестік мемлекеттік мерекелерге орай қызметкерлерді көтермелеп, марапаттауды ұмытқан емес. Мәселен, халықаралық қарттар күні қарсаңында аға буынға қамқорлық көрсету мақсатында азық-түлік қоржындары таратылды. Конституция күніне орай қызметкерлерге құс фабрикасының өнімдерін арзан бағамен сатып алу мүмкіндігі жасалды. Республика күні мерекесінде өзін жақсы жағынан көрсеткен қызметкерлерге сыйақылар мен Алғыс хаттар табысталып, компания қызметкерлеріне мерекелік түскі ас ұйымдастырылды. Сондай-ақ Жаңа жыл қарсаңында қызметкерлердің балаларына сыйлықтар үлестіріледі.
Жақында аталып өткен ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күніне арналған салтанатты шарада “Северный бройлер” құс фабрикасы директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Талғат Мақтаев “Ауыл шаруашылығы саласының үздігі” төсбелгісімен марапатталды. Мұндай жетістіктер фабрикада еңбек етіп жүрген қызметкерлердің кәсіби біліктілігін дәлелдей түседі.
– Біздің ұжым жұмыс үдерісінің басынан бастап құс етін өңдеуге дейінгі кезеңді тиянақты атқарып, ең жақсы нәтижелерге қол жеткізуге ұмтылады. Сапа үшін жұмыс істеу – басты бағытымыз. Сондықтан тұтынушыларымыз күн сайын дүкен сөрелерінен жаңа өнімдерді сатып ала алады, – деді серіктестік директорының өндіріс бойынша орынбасары Айтболат Ысқақов.
Мемлекеттік қолдаудың арқасында ашылып жатқан құс фабрикалары нарықты отандық өніммен қамтуға мүмкіндік жасап отыр. Мәселен былтыр елімізде құс етімен қамтамасыз ету көрсеткіші 50 пайыздан 65 пайыға дейін өсті. Осылайша 2025 жылға қарай жаңа құс фабрикаларын салу және жұмыс істеп тұрған құс фабрикаларын жаңғырту есебінен құс еті бойынша импортты толық алмастыруды іске асыру міндеті жүйелі түрде орындалып келеді.
Меруерт КЕҢЕСБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.