Облыс орталығында өңір аудандарының даму қорытындыларына байланысты кезекті брифинг өтіп, онда Есіл ауданының әкімі Мереке Мұхамедияров өзі басқарып отырған ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы баяндама жасады.
Алдымен ауыл шаруашылығы саласына тоқталған Мереке Тілеужанұлы 10 айдың ішінде аталған саладағы жалпы ішкі өнімнің көлемі 59 млрд. теңгеге жеткенін атап өтті. Диқандар 286 мың гектар жерді игерсе, оның 218 мыңына дәнді-бұршақты, 47 мыңына майлы, 19 мыңына жем-шөп дақылдары, 1,6 мыңына картоп және 143 гектар жерге көкөніс егілген. Биыл дәнді дақылдардың өнімділігі гектарынан 18,6 центнерден айналып, 406 мың тоннасы қамбаға құйылған. Ал майлы дақылдар әр гектардан орта есеппен 10,3 центнер өнім беріп, жалпы көлемі 48 мың тонна астық орылыпты.
Аудандағы 50 шаруа қожалығында 9 мың ірі қара, 2 мың қой, мың басқа жуық жылқы бар. “Заградовское”, “Ильинское”, “Ебжанов және К”, “Красный Сибиряк” серіктестіктеріне тиесілі бірнеше сүт фермасы жұмыс істейді. Биыл сүт өндірісі өткен жылмен салыстырғанда мың тоннаға артып, 9 мың тоннаға жеткен.
– Инвестициялық жобаларға келсек, ауданда алдағы жылдары құны 15 млрд. теңге болатын 5 жобаны жүзеге асыру көзделген. “Атамекен-Агро-Корнеевка” аумағында құны 11 млрд. теңге болатын 1,5 мың сиырға арналған ферма салынуда. Аталған фермада жылына 7,5 мың тонна сүт өндіріліп, 50 адам жұмыспен қамтылмақ. “Азия-Тарангул” серіктестігі 800, “Грамлих” серіктестігі 100 бас ірі қараға арналған тауарлы-сүт фермасының құрылысын жүргізуде. “Явленское МТС” серіктестігі картоп пен көкөніс өсіру көлемін 1800 гектарға арттыру және сыйымдылығы 2 мың тонна болатын көкөніс қоймасын салу үшін тиісті жұмыстар жүргізді. “Рустикус” серіктестігі 1500 басқа шақталған қой фермасын салу бойынша жұмыстарды аяқтап, асыл тұқымды 300 бас қой сатып алды, – деді аудан әкімі.
Аудандағы өнеркәсіп иелері 10 айда құны 7 млрд. теңгенің тауарын саудалапты. Осы уақыт аралығында кәсіпорындар 333 тонна ет, 3297 тонна ұн, 381 тонна нан, 680 тонна макарон өндірген.
Келер жылы “Қызылжар жолдары KZ” серіктестігі аудан орталығының маңына құны 800 млн. теңге болатын асфальтбетон зауытын салуды жоспарлаған. Сонымен қатар өткен жылдан бері қуаты 200 Мега Ваттық 21 жел генераторын орнату бойынша жұмыстар жалғасуда.
Есілдегі 505 километрден астам автомобиль жолының 188-і асфальтталған. Биыл Бесқұдық ауылына кіреберістегі 25 километр жол жөнделсе, Бұлақ ауылына кіреберістегі 5,5 километрді жөндеуге 61,5 млн. теңге бөлінген. Ұзындығы 13 километр Қарағай – Ақтас ауылдарына кіреберістегі аудандық маңызы бар автомобиль жолын күтіп ұстауға облыстық бюджеттен 25 млн. теңге қарастырылған. Сонымен қатар Чириковка, Тораңғұл, Николаевка, Бұлақ, Ақтас елді мекендерінің ауылішілік жолдарын жөндеуге жалпы көлемі 900 млн. теңгеден астам қаржы бағытталыпты. Аталған жобалардың алды аяқталса, қалғанындағы жұмыстар соңына таяған. Мерзімнен кешіккен мердігердің үстінен сотқа талап арыз жолданыпты.
– Бүгінде аудан тұрғындарының 88 пайызы үшін сапалы ауызсу қолжетімді. 2300 тұрғыны бар 21 ауылдың халқы ұңғыма суын пайдаланып келеді. Биыл Амангелді, Леонидовка ауылдарын сумен жабдықтау үшін жұмыстар жүргізіліп, шарт жасалды. Корнеевкадағы халықты сумен қамтуда түйткілді мәселелер бар. Алдағы жылдары 13 ауылдың тұрғындары Преснов топтық су құбырының игілігін көрмек. Ал 8 шағын елді мекенде арнайы блок-модульдер орнатылады. Осылайша 2025 жылдың қыркүйегіне дейін аудан халқы 100 пайыз сапалы ауыз-сумен қамтамасыз етіледі деп жоспарлануда, – деді Мереке Мұхамедияров.
Брифинг соңында аудан әкімі Есілдегі құрылыс қарқыны, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік нысандарды жөндеу, жұмыспен қамту бойынша атқарылған істерге тоқталды.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.