«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жер – халықтың несібесі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Астықты өңір диқандары көктем-жаз бойы бел жазбай еңбектеніп, шыққан өнімді қолайсыз ауа райына қарамастан қамбаға құйып алды. Қазір облыстағы шаруашылықтар тұрғындар алдындағы міндеттемелерін өтеп жатыр, кейбірі халыққа пайларын беріп үлгерген. Солардың бір шоғыры Аққайың ауданында орналасқан.

Тоқшын ауыл­дық округінде 2 мыңнан астам адам тұрады. Тұр­ғындардың басым көп­ші­лігінің қора­­сында малы бар. Сондықтан олар үшін пайды уақытында алу маңыз­ды. Жылына бір рет бе­рі­летін тие­сілі үлесті олар ақшалай емес, жемазық ретінде алуды көз­дейді.

“Мен осы ауылда дүниеге кел­генмін. Отбасы мүшелерінің санына қарай алты пайым бар. Әрқайсысы үшін маған 700 килограмм астық бе­ріледі. Соған қуанамын. Жергілікті кәсіпкерлер ауылдың көркеюіне де көмектесіп жатыр. Мектептің қа­жетіне қаражат үлестіреді, жалпы олар елді мекеннің жағдайына бей-жай қарамайды”, – дейді ауыл тұрғы­ны Николай Ващенко.

Тоқшын ауылының тағы бір тұр­ғыны Владимир Мох өз пайын 12 жыл бұрын кәсіпкер Виктор Ма­маевқа сеніп тапсырған екен. Шаруа сенімін ақтады, жылда орақ науқаны аяқталысымен ол бірінші кезекте тұрғындарға үлесін әкеліп түсіріп береді.

“Бір пайға 1 тонна 50 килограмм астық беріледі. Менің әйелім және екі балам бар. Яғни биыл төрт тон­надан артық астық алдық. Сапасы да көңілімізден шықты”, – дейді ол.

Тоқшын ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға бірер жыл бұрын 28 млн. теңгеге күрделі жөндеу жасал­ған. Соңғы уақытта жергілікті мек­теп­те оқушы саны өскен, қазір мұн­да 274 өрен білім алып жатыр. Сонымен қа­тар, соңғы 2 жылда бұл ауылға 15 от­басы көшіп келіпті. Боранбай Имантаев Тоқшын ауылдық округін он жылдан астам уақыттан бері басқарып келеді.

Жергілікті шаруа қожалықтарының жұмысын ауылдық округ әкімі де жоғары бағалады. Ол бұл қыз­метте 2012 жылдан бері еңбек етеді. Айтуынша, елді мекенде үш ірі жауапкершілігі шектеулі серік­тес­тік бар. “Крафт-АГРО”, “Мәдина-АГРО” және “Токуши Grain” жауапкершілігі шектеулі серіктес­тіктері, сондай-ақ 3 фермерлік және 6 шаруа қожа­лығы жұмыстарын дөң­гелетіп отыр. Ауылда бұрын тұрғын­дарға тиесілі пайға қатысты түйткілді мәселе болған. Ол кезде шаруашылықтар тұр­ғындарға жинаған өнімінің 5 пайызын ғана беретін. Бүгінде жағ­дай реттелді. Серіктестік басшы­лары пай үлестірер кезде астықтың шығымдылығына қарамайды, уақы­тында береді”, – дейді ауыл әкімі.

“Көк бөрі” шаруа қожалығы пайға 1 мың, “Лидер” фермерлік қо­жалығы 1050, “Токуши Grain” ЖШС және “Мадина-АГРО” ЖШС пайға 700 килограм астық бергенін жет­кіз­ді. Жергілікті әкімдік пен шаруа қожа­лықтары арасында жасалған меморандумдарда екі тараптың міндеттемелері тайға таңба басқан­дай көрсетілген.

“Келісім мерзімі жерлерді жалға алу уақыты аяқталғанға дейін жа­рамды. Сондықтан, біз тұрғындар­мен және шаруашылық басшыла­рымен бірнеше рет кездесу өткіздік, осы мәселелердің бәрін талқыла­дық, қазіргі уақытта бізде пайға қа­тысты проблема жоқ. Олар әлеу­меттік мәселелердің оң шешілуіне үнемі көмектеседі. Қараша айының соңғы онкүндігінде қатты боран со­ғып, ауылдағы электр жүйесін за­қымдады. Аталмыш шаруашы­лық­тар, олардың қызметкерлері мен басшылары апаттың салдарын жоюға көмектесті”, – дейді Боранбай Имантаев.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Самат БАЙҒАЗЫ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp