Астықты өңір диқандары көктем-жаз бойы бел жазбай еңбектеніп, шыққан өнімді қолайсыз ауа райына қарамастан қамбаға құйып алды. Қазір облыстағы шаруашылықтар тұрғындар алдындағы міндеттемелерін өтеп жатыр, кейбірі халыққа пайларын беріп үлгерген. Солардың бір шоғыры Аққайың ауданында орналасқан.
Тоқшын ауылдық округінде 2 мыңнан астам адам тұрады. Тұрғындардың басым көпшілігінің қорасында малы бар. Сондықтан олар үшін пайды уақытында алу маңызды. Жылына бір рет берілетін тиесілі үлесті олар ақшалай емес, жемазық ретінде алуды көздейді.
“Мен осы ауылда дүниеге келгенмін. Отбасы мүшелерінің санына қарай алты пайым бар. Әрқайсысы үшін маған 700 килограмм астық беріледі. Соған қуанамын. Жергілікті кәсіпкерлер ауылдың көркеюіне де көмектесіп жатыр. Мектептің қажетіне қаражат үлестіреді, жалпы олар елді мекеннің жағдайына бей-жай қарамайды”, – дейді ауыл тұрғыны Николай Ващенко.
Тоқшын ауылының тағы бір тұрғыны Владимир Мох өз пайын 12 жыл бұрын кәсіпкер Виктор Мамаевқа сеніп тапсырған екен. Шаруа сенімін ақтады, жылда орақ науқаны аяқталысымен ол бірінші кезекте тұрғындарға үлесін әкеліп түсіріп береді.
“Бір пайға 1 тонна 50 килограмм астық беріледі. Менің әйелім және екі балам бар. Яғни биыл төрт тоннадан артық астық алдық. Сапасы да көңілімізден шықты”, – дейді ол.
Тоқшын ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға бірер жыл бұрын 28 млн. теңгеге күрделі жөндеу жасалған. Соңғы уақытта жергілікті мектепте оқушы саны өскен, қазір мұнда 274 өрен білім алып жатыр. Сонымен қатар, соңғы 2 жылда бұл ауылға 15 отбасы көшіп келіпті. Боранбай Имантаев Тоқшын ауылдық округін он жылдан астам уақыттан бері басқарып келеді.
Жергілікті шаруа қожалықтарының жұмысын ауылдық округ әкімі де жоғары бағалады. Ол бұл қызметте 2012 жылдан бері еңбек етеді. Айтуынша, елді мекенде үш ірі жауапкершілігі шектеулі серіктестік бар. “Крафт-АГРО”, “Мәдина-АГРО” және “Токуши Grain” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, сондай-ақ 3 фермерлік және 6 шаруа қожалығы жұмыстарын дөңгелетіп отыр. Ауылда бұрын тұрғындарға тиесілі пайға қатысты түйткілді мәселе болған. Ол кезде шаруашылықтар тұрғындарға жинаған өнімінің 5 пайызын ғана беретін. Бүгінде жағдай реттелді. Серіктестік басшылары пай үлестірер кезде астықтың шығымдылығына қарамайды, уақытында береді”, – дейді ауыл әкімі.
“Көк бөрі” шаруа қожалығы пайға 1 мың, “Лидер” фермерлік қожалығы 1050, “Токуши Grain” ЖШС және “Мадина-АГРО” ЖШС пайға 700 килограм астық бергенін жеткізді. Жергілікті әкімдік пен шаруа қожалықтары арасында жасалған меморандумдарда екі тараптың міндеттемелері тайға таңба басқандай көрсетілген.
“Келісім мерзімі жерлерді жалға алу уақыты аяқталғанға дейін жарамды. Сондықтан, біз тұрғындармен және шаруашылық басшыларымен бірнеше рет кездесу өткіздік, осы мәселелердің бәрін талқыладық, қазіргі уақытта бізде пайға қатысты проблема жоқ. Олар әлеуметтік мәселелердің оң шешілуіне үнемі көмектеседі. Қараша айының соңғы онкүндігінде қатты боран соғып, ауылдағы электр жүйесін зақымдады. Аталмыш шаруашылықтар, олардың қызметкерлері мен басшылары апаттың салдарын жоюға көмектесті”, – дейді Боранбай Имантаев.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Самат БАЙҒАЗЫ.