Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясына сәйкес Жоғарғы Кеңес Президиумы 1991 жылғы 6 желтоқсанда “Қазақ КСР прокуратура органдарының бірыңғай жүйесін құру, олардың дербестігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету туралы” қаулы қабылдап, саланың құрылымы мен қызметіне бірқатар өзгерістер енгізген болатын. Кейін, яғни Бас Прокурордың 2004 жылғы 25 ақпандағы бұйрығымен бұл күн “Прокуратура органдарының құрылған күні” деп белгіленді. Осы уақыт аралығында прокуратура құқық қорғау жүйесінің орталық институттарының біріне, елдегі заңдылық пен құқықтық тәртіптің сақталуының сенімді кепіліне айналды. Басты міндеті – азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын, әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қорғау, ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамдық бірлікті сақтау, сыбайлас жемқорлыққа және қылмысқа қарсы күрес, кәсіпкерлікті қолдау аясында қолайлы ахуал қалыптастыру бағытында тұрақты жұмыс жүргізу болып қала береді. 2022 жылы 5 қарашада “Прокуратура туралы” жаңа конституциялық заң қабылданып, прокурорлардың қадағалау өкілеттіктері кеңейтіліп, азаматтар мен бизнестің құқықтарын қорғауды күшейтуге зор мүмкіндіктер берілді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүргізіліп жатқан құқықтық реформалар аясында полиция, прокуратура және сот өкілеттіктерінің аражігі нақты ажыратылған қылмыстық процестің үш буынды моделі енгізілді. Ондағы басты мақсат – заң үстемдігін орнықтыру, азаматтардың қауіпсіздігіне толық кепілдік беру. Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде азаматтардың құқығын заманауи тұрғыдан қорғауды қамтамасыз ететін және жоғары халықаралық талаптарға жауап беретін үлгі қажеттігін атап көрсетті. Енді полиция қылмысты анықтап, оған қатысы бар адамдарды тауып, айғақ жинап, оны тиянақтап беруге тиіс. Прокурор жиналған дәлелдемелерге тәуелсіз баға беруге, азаматтар құқығын бұзудың жолын кесуге, кінәсіз адамдардың қылмыс үдерісіне тартылуына жол бермеуге, сотта айыптау жағын қолдауға міндетті. Сот органдардың әрекетіне қатысты шағымды қарайды және іс бойынша ақтық үкім шығарады. Мемлекет басшысының мемлекеттік құрылымдардың кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласуы, бизнесмендердің жұмысына кедергі келтіру мемлекетке қарсы жасалған ауыр қылмыс ретінде бағалануы керек, шенеуніктер тарапынан заңсыз қысым көрсе, бірден прокуратура органдарына жүгіну қажет деген талабына орай шағын және орта бизнесті қорғаудағы прокуратураның рөлі күшейтілді. Кәсіпкерлік субъектілердің шағымдары бойынша мемлекеттік органдарда тікелей тексеру жүргізу мүмкіндігіне ие болды. Бұдан бөлек, балаларға қарсы жыныстық қылмыстардың алдын алу және жолын кесу – прокурорлардың ерекше бақылауында. Мемлекет басшысының “Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы” Жолдауында жарияланған конституциялық реформа шеңберінде прокуратураға тікелей қатысты маңызды бастамаларға басымдық берілді.
Облыстық прокуратура анықталған барлық заң бұзушылықтарға байланысты пәрменді ықпал ету шараларын қолдана отырып, халық үшін ашық та қолжетімді жұмыс үрдісін басшылыққа алады. Өтініш-шағымдарды жан-жақты әрі сапалы қараудың, оның нәтижелерін жедел түрде жеткізудің, бұзылған құқықтарды қалпына келтірудің, заңнама талаптары бойынша түсініктемелер берудің тиімді жолдары жете ескеріліп отырады. Білім беру, жұмыспен қамту, жол қозғалысы қауіпсіздігі, тұрғын үй құқықтық қатынас салаларында 74 қадағалау тексерісі жүргізілді. Ықпал ету шараларын әзірлеу барысында әрбір тексерудің нәтижелері алқа отырыстарында және облыс прокуратурасының ведомствоаралық кеңестерінде талқыланып, нақты шешімдер алынады. Бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігін арттыру, халықтың әлеуметтік осал топтары мен кәмелетке толмағандардың құқықтарын сақтау, экологиялық қауіпсіздік мәселелері де назардан тыс қалған емес. Прокурорлық актілер негізінде 48 мыңнан астам адамның құқықтары мен мемлекеттің материалдық мүдделері қорғалды (522 млн. теңге мөлшерінде). 407 млн. теңгенің дүние-мүлкі, сот тәртібімен мемлекетке жалпы ауданы 47 гектар олигополия субъектісіне заңсыз берілген жер учаскесі қайтарылды. 4,3 млрд. теңгенің заңсыз сатып алу шарттары жойылды, 11 тапсырыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Қадағалау қызметінің негізгі бір бағыты – кәсіпкерлік құқықтарды қорғау, бизнеске қысым жасаудың кез келген әрекетін болдырмау. 2 мың-нан астам кәсіпкердің құқықтары қорғалып, 1 млрд. теңге мөлшерінде субсидия төленді.
Мемлекет басшысы прокуратура органдарына маңызды инвестициялық жобаларды сүйемелдеу бойынша нақты әрекет етуді тапсырған болатын. Қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде 193 млрд. теңгеден асатын инвестициялық жобалар оң шешімін тапты. Өзара үйлестіру функциясын күшейтудің арқасында қылмыс деңгейі 21 пайызға төмендеді. Полиция қызметкерлерінің, аудандық бөлімшелердің, тірек пункттерінің қызметтік кабинеттеріндегі бейнебақылау камераларының кезекші прокурордың мониторына қосылуы азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылуын жедел анықтауға әсері айтарлықтай. Үш буынды модельді енгізу шеңберінде 9 мыңға жуық процестік шешім тексерілді. Жыл басынан бері прокурорлар аса ауыр және сыбайлас жемқорлық қылмыстар бойынша 53 айыптау актісін жасады. 70 адамға қатысты сот үкімдері мен қаулылар заңға сәйкестендіріліп, 13 сотталушының жағдайы жақсартылды, пробация қызметінде есепте тұрған 447 адам жұмысқа орналастырылды. 82 млн. теңге көлемінде алимент берешегі өндіріліп, 160 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 33 қасақана алимент төлемеушіге қатысты сотқа дейінгі тергеу басталып, 9 үкім шығарылды.
Прокуратура қызметкерлерінің төл мерекесі қарсаңында еліміздегі тұрақтылық пен азаматтардың қалыпты өмір сүруіне айтарлықтай үлес қосқан сала ардагерлерін әркез мақтаныш етеміз. Олардың қатарында Сапар Дүйсенов, Иван Гиненко, Қонысбек Ыбыраев, Галина Дмитриенко, Сәкен Оразалин, Николай Гирман, Қазықан Рақышев, Қайша Ахметова, Думан Еспенбетов, тағы басқаларының есімдері бірінші кезекте аталады.
Прокурорлық қадағалау – қашан да сала қызметінің негізгі міндеті болып табылады. Прокурорлардың күш-жігері Конституцияда айқындалған азаматтардың құқықтарын, мемлекет пен қоғамның мүдделерін жан-жақты қорғауға, қоғамдағы тұрақтылықты нығайтуға бағытталған. Берген сертіне адал, заңның үстемдігі үшін қызмет етуге әркез даяр сала қызметкерлеріне жанқиярлық еңбек, принципшілдік, жоғары кәсіби шеберлік қасиеттері тән.
Алдағы уақытта да таңдап алған мамандықтарына адалдық таныта отырып, қадағалау органдарының қалыптасу шежіресіне өз үлестерін қоса беретініне сенімдіміз.
Қайрат ӘБДІХАНОВ, Солтүстік Қазақстан облысының прокуроры, 3-ші сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі.