Сыбайлас жемқорлық – азаматтардың өмір сүру деңгейі мен әл-ауқатына тікелей әсер ететін қоғамның негізгі проблемаларының бірі. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Қазақстандағы мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі ретінде айқындалған.
Әлемде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту жұмыстары үздіксіз жүргізілуде және ол үнемі жетілдіріліп отыр. Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға мемлекеттік басқарудың ең жоғары деңгейінде ерекше көңіл бөлінеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес көптеген құжаттарда, оның ішінде Қазақстан Республикасы Президентінің жыл сайынғы Жолдауларында көрініс табуда.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмысты барлық мемлекеттік органдар, ұйымдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері, лауазымды адамдар, қоғамдық бірлестіктер, сондай-ақ өзге де жеке және заңды тұлғалар жүргізуге міндетті.
Мемлекеттік органдар қызметінің негізгі бағыттарының бірі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізу болып табылады. Мемлекеттік органның қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің профилактикасы мақсатында мынадай іс-шаралар жүргізіледі: мемлекеттік сатып алу мониторингі, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау, басшылардың жауапкершілігі, қоғамдық бақылау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру.
“Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің цифрлық технологиялар басқармасы” КММ сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау және жою мақсатында жыл сайын басқарма қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізеді. Үстіміздегі жылдың мамыр-маусым айларында басқарма сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізді.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу қағидаларының 11-тармағына сәйкес талдау объектісінің қызметіне қатысты нормативтік-құқықтық актілердегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін, сондай-ақ талдау объектісінің ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау бойынша жұмыс жүргізілді.
Мемлекеттік сатып алу – мемлекеттік органның барлық сатыларын қамтитын сала. Мониторинг ұқсас шарттардың техникалық ерекшеліктерін салыстыру, сондай – ақ бірдей тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер бағасының негізділігін тексеру мақсатында жүргізіледі, мұнда негізгі міндет бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуын болғызбау болып саналады.
Осы бағыт бойынша басқармада жүргізілген талдау шеңберінде заңбұзушылықтар анықталған жоқ. Талдау барысында жұмыс тобы барлығы 4 тәуекелді анықтады (қызметті нормативтік қамтамасыз ету және ұйымдық-құқықтық жұмыс саласында), 5 ұсыным берілді, басқарма қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ішкі талдау нәтижелері бойынша анықталған сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленді және бекітілді.
Қазақстан заңнамасында сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасаған мамандар үшін олардан лауазымы бойынша жоғары тұрған басшылардың жауапкершілігі туралы норма бар. Бұл норманың маңызы зор, өйткені бірінші басшы мемлекеттік органда сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың сақталуын қамтамасыз етеді.
Басқармада сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру білім беру, ұйымдастырушылық және ақпараттық сипаттағы шаралар кешені арқылы жүзеге асырылады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі нормаларды сақтау мақсатында мемлекеттік қызметші өзінің функционалдық міндеттері мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасының талаптарын мүлтіксіз сақтауға, сол арқылы сыбайлас жемқорлық көріністеріне “нөлдік төзімділік” қағидатын ұстануға міндетті.
Азамат БАЙТЕМІРОВ,
Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің цифрлық технологиялар басқармасының басшысы.