Облыстық прокуратура Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс талаптарының сақталуын тексерді. Жергілікті атқарушы органдар азаматтардың өтініштерін қарау кезінде заңбұзушылықтарға жол берілгені анықталды.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, экономика, жер қатынастары, тұрғын үй инспекциясы, мәдениет, құрылыс басқармаларының қызметкерлері Петропавл қаласы мен Айыртау, Ақжар, Ғабит Мүсірепов атындағы, Шал ақын, Тайынша ауданы азаматтарының 58 өтініші бойынша алдын ала тыңдау рәсімін өткізбеген.
Осының салдарынан өтініш берушілер мемлекеттік органдардың алдын ала шешімдерінің жобаларына жазбаша қарсылық білдіруде заңды құқықтарын пайдалана алмаған. Сонымен қатар облыс әкімдігінің білім, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, құрылыс, кәсіпкерлік, жолаушылар көлігі басқармаларының және Қызылжар, Тимирязев, Уәлиханов аудандары әкімдіктерінің жауапты қызметкерлері жеке тұлғалардың 29 өтінішіне талапқа сай жауап бермеген. Сондай-ақ облыс әкімдігінің ішкі саясат, жолаушылар көлігі басқармаларының, мемлекеттік еңбек инспекциясының лауазымды тұлғалары азаматтың өтініші қай тілде түссе, сол тілде жауап беру деген талапты орындамаған.
Ал жергілікті атқарушы органдардың жауапты тұлғалары “E-Otinish” ақпараттық жүйесінде өтініш берушілерге іс жүзінде бас тарту сипатындағы жауаптар берілгеніне қарамастан, олардың пайдасына 22 актіні қабылдау туралы мәліметтерді негізсіз көрсеткен. Осылайша тиісті заңнаманы бұзған.
Қадағалау органының актісіне сәйкес жергілікті атқарушы органдардың 22 лауазымды тұлғасы (оның ішінде облыс әкімдігінің денсаулық сақтау және білім басқармаларының басшылары) тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.