Соңғы жылдары облысымызда волейбол спорты қанатын кеңге жайып келеді. Жергілікті “Қуаныштың” құрлықтық және республикалық додаларда сәтті өнер көрсетіп, ел чемпионатында жүлдегер атануы сөзімізге дәлел. Петропавл қаласында өткен 2023-2024 жылғы ел біріншілігінің алғашқы турында мықты екенін тағы бір рет байқатты.
Жерлестеріміздің соңғы жетістіктерінің бірі – ел кубогында жеңімпаз атануы. Команда көшбасшыларының бірі Сәбира Бекішеваның айтуынша, жылда бапкерлер волейболшылар алдында жаңа міндеттер қояды. Былтыр ішкі біріншілік басталмас бұрын клубтың бас жаттықтырушысы Азамат Есімов бұған дейін алынбаған қамал – ел кубогын еншілеу қажеттігін айтқан екен. Солтүстікқазақстандық спортшылар тапсырманы мүлтіксіз орындап шықты.
– Біздің командамыз жоғары лиганың “А” және “В” дивизондарында жеңімпаз атанған болатын. Сол уақытта бапкеріміз келесі бағындырар меже ұлттық біріншілік пен ел кубогы екенін айтқан болатын. Жаттықтырушымыздың бірінші тапсырмасын орындадық. Азулы қарсыластарымыздың бірі “Жетісу” клубын финалда ұттық. Ендігі межеде – республикалық чемпионатта жеңіс тұғырына көтерілу, – дейді Сәбира Бекішева.
Ел біріншілігінің алтын жүлдесі – “Қуаныш” командасы үшін бұған дейін алынбаған меже. Жерлестеріміздің ойын өрнегіне қарап, бұл белесті де бағындыратынына сенім мол.
Биыл әйелдер командалары арасындағы ел чемпионатының бірінші туры Петропавлда өтті. Екі апта бойы 7 клуб бір-бірімен ойнап, өз араларында мықтыны анықтады. Қазақстанның беткеұстар волейболшылары бас қосқан доданы жергілікті спортсүйер қауым тамашалап, қолдау білдірді. Алғашқы ойында жерлестеріміз “Алматымен” кездескен болатын. Өкінішке қарай, бірінші тур әрі суперкубок үшін өткен кездесуде жерлестеріміз 3:2 есебімен жеңіліп қалған.
Бұл жеңілістен соң жергілікті жанкүйер “Қуаныштан” қарқынды ойын күткені жасырын емес. Жерлестеріміз спортсүйер қауымды қуанта алды. Алдымен бұрымды волейболшыларымыз “Жетісудан” басым түсті.
– Биылғы маусым фавориттері – “Қуаныш”, “Жетісу”, “Берел” және “Алматы” командалары екені даусыз. “Алтай” клубы мықты легионерлерінен айырылды. Әрине, ойыншылардың кетуі өскемендік команданы әлсіретті. Олардан да мықты қарсыластар бар. Қыздарымыз ұпай жоғалтпауы керек. Сонда ғана солтүстікқазақстандық жанкүйерлердің арманы орындалады. Біз ел чемпионы болуға лайықтымыз, – дейді волейбол жанкүйері Олжас Бектаев.
Өткен жылы “Жетісу” ел чемпионатында атой салғанымен, биылғы біріншілікті сәтсіз бастады. Алғашқы ойында талдықорғандық қыздар “Қуаныш” командасына есе жіберді. Бұл жеңіс жерлестерімізді қанаттандырған болар, келесі ойындарда солтүстікқазақстандық команда бірде-бір рет ұтылмады.
“Қуаныш” клубы директорының орынбасары Степан Притуланың айтуынша, солтүстікқазақстандықтар өз жанкүйерлерінің алдында намысты қолдан бермеуге тырысқан.
– “Алматы” командасы деңгейі жағынан бізге ұқсайды. Оларда да ойыншылардың басым бөлігі отандық волейболшылар. Суперкубок үшін матчта есепте алда келе жатып, таразы басын теңестіруге мүмкіндік беріп қойдық. Жеңіске жетуге болатынын сезген қарсыластарымыз мүмкіндіктерін мүлт жібермеді. Бас бапкер қателіктермен жұмыс істеп, қалған ойындарда жеңіске жетіп, нәтижесінде бірінші турда көш бастадық, – деген Степан Притула екінші турда алматылықтардан есе қайтаратындарын жеткізді.
Жанкүйерлер “Қуаныш” клубының қатарына жаңа ойыншылардың қосылағанын бірден аңғарғаны анық. Клуб директоры орынбасарының айтуынша, ұжым былтырғы жылмен салыстырғанда жартылай жаңарыпты.
– Өткен жылы үздік шабуылшылар қатарында болған Татьяна Алдошина мен Анастасия Коломоец өзге клубтармен келісімшарт жасасты. Сондай-ақ үш легионеріміз елдеріне қайтты. Биыл чемпионатта команда сапында 18 ойыншы ойнайды. Олардың 3-уі – легионер, 13-і – Солтүстік Қазақстан өңірінің тумалары және 2-уі – еліміздің өзге өңірлерінен келген волейболшылар, – дейді Степан Притула.
Легионерлер қатарында Словения елінің өкілі, байланыстырушы Ева Мори Павлович, украиналық шабуылшы Юлия Дымар және ресейлік ойыншы Анастасия Бавыкина бар. Жанкүйерлеріміз олардың өнеріне жоғары баға беріп үлгерді.
– Чемпионат басталғанда Татьяна Алдошинасыз қиын болады деп ойладым. Кейін қатарға қосылған волейболшылардың ойынын көріп, көңілім орнына түсті, – дейді волейбол жанкүйері Арман Жантасов.
Биыл бас бапкер болып қайтадан тағайындалған Азамат Есімовтің жергілікті ойыншыларға басымдық беретіні байқалады. Мұны чемпионаттың бірінші турындағы ойындардан аңғаруға болады.
Жанкүйерлер үшін тағы бір қуанышты жаңалық бар. Ел чемпионатының екінші тур ойындары Петропавлда желтоқсанның 19-ы мен 28-і күндері өтеді. Командалар “Қуаныш” волейбол клубының спорт кешенінде ойнайды. 3-ші тур Павлодар қаласында ұйымдастырылса, 4-ші турдың қай шаһарда болатыны әзірге белгісіз. Ал плей-офф кезеңі наурыз айында Түркістанда ұйымдастырылады.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Самат БАЙҒАЗЫ.