«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қызылшаға шалдыққандар азаяр емес

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірде қызылша жұқтырғандар саны күннен-күнге артып келеді. Ауырған 75 адамның шамамен әр үшіншісі – Қазақстан Рес­публикасы Ұлттық ұланы академиясының курсанты.

Дертке шалдыққандардың 68-і – Петропавл қаласының тұрғыны. Же­келеген жағдайлар Аққайың, Айыр­тау Мамлют, Қызылжар және Жамбыл аудандарында анықталып отыр.

Қызылша – жұқпалы ауру. Ауа ар­қылы тарайды. Қызылша жұқтыр­ған адаммен қатар тұ­рып әңгімелес­кенде екінші адам­ның сырқаттануы әбден мүмкін. Дегенмен вирус тез өледі. Ол тұр­мыстық заттар, киім-ке­шек ар­қы­лы жұқпайды. Алғашқы бел­гілері 3-5 күнде байқалады. Ұй­қышылдық пен тез шаршау пай­да бо­лады. Сосын баланың басы ауы­рып, мұрнынан су ағып, жөтел қы­суы мүмкін. Қы­зуы жоғарылайтын жайттар да кез­десе­ді. Үй жағдайын­да қызыл­шаның ал­ғаш­­қы белгілерін тұмау деп ой­­лайтындар көп. Осы кезеңде қызыл­шаның негіз­гі белгісі – тіс түбінде, ауыз-қуы­­сында бөртпе пайда болуы ық­ти­мал. Егер баладан осындай белгілер байқал­са, онда ауру­­ды ерте диагностика­лауға, қажет болса, оқшаулау шара­сын жүр­гізуге мүм­кіндік пайда бола­ды. Қызылшаның екінші кезеңінде бөртпелер анық көріне бастайды. Бөртпе құлақтың артында, бас тері­сінде пайда болып, мойынға, бетке, кеудеге тарайды. Кейін иық, қол, ар­қаға өтеді. Содан соң барып бет бо­зарады. Сондықтан ата-аналар баладан қызылшаның алғашқы белгілерін байқаса, дәрігерге жүгінгені абзал.

Біздің өңірде қауіпті вирусты жұқ­тырғандардың 29-ы – Ұлттық ұлан академиясының курсанты, ал жал­пы 14 жасқа дейінгі 26 бала ауырған. Одан кейін 15-19 жастағы 23 адам, 20-29 жастағы 14 адам қызылша жұқтырған. Сырқаттанғандардың арасында 50-ден асқан екі адам бар. Жалпы ауырғандардың 79 пайы­зы қызылшаға қарсы вакцина алмаған.

Вирустың одан әрі таралуын бол­дырмау үшін Қазақстан Республика­сының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері “Қызылшаға қарсы санитар­лық эпидемияға қарсы және сани­тар­лық-профилактикалық іс-шараларды жүргізу туралы” 2023 жылғы 1 қарашадағы №7 қаулыға қол қойған болатын, оған сәйкес 2023 жылғы 6 қа­рашадан бастап қызылшаға, қы­за­мық және паротитке қарсы қосым­ша жаппай иммундау жүргізіліп жа­тыр. Облыста қызылшаға қарсы қо­сымша жаппай иммундау барысын­да егілуі тиіс адамдардың 13,4 пайызына немесе 3540 балаға екпе қойылды, оның ішінде 6 айдан 11 айға дейін – 1103 бала, 2 жастан 4 жас­қа дейін – 2077 бала, 86 – медицина қызметкері, 6 қарашадан бас­тап иммундауды толықтыру ба­рысында 274 бала вакцина алды. Екпе алудан қорқудың қажеті жоқ. Біз тексерілген препаратты қолда­нып жатырмыз. Соңғы он жыл ішінде өңірде екпеден кейін асқыну фактісі тіркелген емес.

Қызылша туралы ақпарат­тарға қарамастан, ата-аналар арасында осы аурудың қаншалықты қауіпті еке­нін түсінбейтіндер кездесуде. Жеке сеніміне қарай вакциналаудан бас тартатындар да табылады. Олардың көбі сенімсіз фактілерге сүйенеді. Аурудың бетін дер кезінде қайтармаса, адам бойында басқа да аурулардың асқы­нуына соқтыруы мүмкін. Қызылша ауруын жұқтырған балада мидың ісінуі, өкпенің абцессі пайда болып, бұл оның саңырау болып қалуына апаруы ықтимал

Қазіргі уақытта өңірдің емдеу мекемелерінде дерт жұқтырған 48 адам ем алып жатыр. Оның 18-і – бала. Біз тұрғындарға қызылшадан екпе ғана құтқаратынын айтудан жалықпаймыз. Вакциналар туралы қосымша ақпаратты EGU.kz сайты­нан табуға болады немесе 7701 сенім телефоны жұмыс істейді.

Әсет ЖҰМАТАЕВ,

облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp