Өңірде қызылша жұқтырғандар саны күннен-күнге артып келеді. Ауырған 75 адамның шамамен әр үшіншісі – Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы академиясының курсанты.
Дертке шалдыққандардың 68-і – Петропавл қаласының тұрғыны. Жекелеген жағдайлар Аққайың, Айыртау Мамлют, Қызылжар және Жамбыл аудандарында анықталып отыр.
Қызылша – жұқпалы ауру. Ауа арқылы тарайды. Қызылша жұқтырған адаммен қатар тұрып әңгімелескенде екінші адамның сырқаттануы әбден мүмкін. Дегенмен вирус тез өледі. Ол тұрмыстық заттар, киім-кешек арқылы жұқпайды. Алғашқы белгілері 3-5 күнде байқалады. Ұйқышылдық пен тез шаршау пайда болады. Сосын баланың басы ауырып, мұрнынан су ағып, жөтел қысуы мүмкін. Қызуы жоғарылайтын жайттар да кездеседі. Үй жағдайында қызылшаның алғашқы белгілерін тұмау деп ойлайтындар көп. Осы кезеңде қызылшаның негізгі белгісі – тіс түбінде, ауыз-қуысында бөртпе пайда болуы ықтимал. Егер баладан осындай белгілер байқалса, онда ауруды ерте диагностикалауға, қажет болса, оқшаулау шарасын жүргізуге мүмкіндік пайда болады. Қызылшаның екінші кезеңінде бөртпелер анық көріне бастайды. Бөртпе құлақтың артында, бас терісінде пайда болып, мойынға, бетке, кеудеге тарайды. Кейін иық, қол, арқаға өтеді. Содан соң барып бет бозарады. Сондықтан ата-аналар баладан қызылшаның алғашқы белгілерін байқаса, дәрігерге жүгінгені абзал.
Біздің өңірде қауіпті вирусты жұқтырғандардың 29-ы – Ұлттық ұлан академиясының курсанты, ал жалпы 14 жасқа дейінгі 26 бала ауырған. Одан кейін 15-19 жастағы 23 адам, 20-29 жастағы 14 адам қызылша жұқтырған. Сырқаттанғандардың арасында 50-ден асқан екі адам бар. Жалпы ауырғандардың 79 пайызы қызылшаға қарсы вакцина алмаған.
Вирустың одан әрі таралуын болдырмау үшін Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері “Қызылшаға қарсы санитарлық эпидемияға қарсы және санитарлық-профилактикалық іс-шараларды жүргізу туралы” 2023 жылғы 1 қарашадағы №7 қаулыға қол қойған болатын, оған сәйкес 2023 жылғы 6 қарашадан бастап қызылшаға, қызамық және паротитке қарсы қосымша жаппай иммундау жүргізіліп жатыр. Облыста қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундау барысында егілуі тиіс адамдардың 13,4 пайызына немесе 3540 балаға екпе қойылды, оның ішінде 6 айдан 11 айға дейін – 1103 бала, 2 жастан 4 жасқа дейін – 2077 бала, 86 – медицина қызметкері, 6 қарашадан бастап иммундауды толықтыру барысында 274 бала вакцина алды. Екпе алудан қорқудың қажеті жоқ. Біз тексерілген препаратты қолданып жатырмыз. Соңғы он жыл ішінде өңірде екпеден кейін асқыну фактісі тіркелген емес.
Қызылша туралы ақпараттарға қарамастан, ата-аналар арасында осы аурудың қаншалықты қауіпті екенін түсінбейтіндер кездесуде. Жеке сеніміне қарай вакциналаудан бас тартатындар да табылады. Олардың көбі сенімсіз фактілерге сүйенеді. Аурудың бетін дер кезінде қайтармаса, адам бойында басқа да аурулардың асқынуына соқтыруы мүмкін. Қызылша ауруын жұқтырған балада мидың ісінуі, өкпенің абцессі пайда болып, бұл оның саңырау болып қалуына апаруы ықтимал
Қазіргі уақытта өңірдің емдеу мекемелерінде дерт жұқтырған 48 адам ем алып жатыр. Оның 18-і – бала. Біз тұрғындарға қызылшадан екпе ғана құтқаратынын айтудан жалықпаймыз. Вакциналар туралы қосымша ақпаратты EGU.kz сайтынан табуға болады немесе 7701 сенім телефоны жұмыс істейді.
Әсет ЖҰМАТАЕВ,
облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы.