«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛТ БОЛАШАҒЫ ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІНЕ ТӘУЕЛДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

(“Қазақ балаларының жартысына жуығы өзге тілде білім алады” 23 қараша 2023 жыл)

Бүгінгі ұлттық тәрбиемізге, тілі­міздің мәртебесіне көңіліміз толады деп айта алмаймын. Сондықтан біз қатарлас буын өкілдері ертеңімізге алаңдаушылық білдірмесек бол­май­­ды. “Тәрбие – тал бесіктен”, – дегендей ұлттық тәрбиемізді бүгінгі жас ұрпақтың бойына сіңіру аға буынның басты міндеті екенін түсі­нуіміз керек.

Бүгінгі таңда көбіміз қара бастың қамын күйттеп, күн кешіп жатырмыз. Ұл болашағына алаңдап жүрген ақ­сақалдар азайған. Тіпті немере­ле­рімен өзге тілде сөйлесіп бара жатқан ата-әжелерді көріп, жағаңды ұстайсың. Қазақ мектептерінде оқи­тын оқушылар ана тіліне шор­қақ деп налимыз. “Ұяда не көр­сең ұшқанда соны ілесің”, – демекші, баланың тілі қай тілде шықса, сол тіл ана тілі болып қалады. Тәуелсіздік алғаны­мызға 30 жылдан асса да өз тілінде отыз ауыз сөзді дұрыстап жеткізе алмайтын қаракөздеріміздің қатары қалыңдаған сыңайлы. Әлі күнге дейін қазақ мектебіне баласын бергісі келмейтін қандастарымыз­дың бар екені ащы да болса шын­дық. Демек біз ұлт болып қалыптасып, мемлекетіміздің іргетасын ны­ғайту үшін ана тіліміздің дәрежесін көтеруіміз керек. Мысалға бұлбұл балапандарына өзге құстардың үнін естіртпеуге тырысады екен. Өзгелерге еліктеп, өз үнінің реңін жоғалта ма деп қорқады. Құс екеш құстың өзі үнінің тазалығын сақтауға тырысады.

Біздің ойшылдарымыз тілдің болашағына алаңдаушылық білдіріп “Кез келген мемлекеттің діңгегі мен өзегі – оның ұлтының ана тілі”, – деп айтып кеткен. Мен ауылдағы екі-үш ақсақалдың басын қосып, Қызыл­жар ауданы Архангелка ауылын­дағы балабақшада қазақ тобының ашылуына себепкер бол­дым. Қазір 13 бала өз тілінде тәрбие­леніп жа­тыр. Осындай бастама әрбір ауыл­да қолға алынғаны дұрыс. Әйтпесе Жанат Мұхамеджанов сынды санау­лы азаматтар тіліміз үшін шыр-пыр болып жүгіргенімен, жал­ғыздың үні шықпасы белгілі. Бұған ел болып шешімін табатын өзекті мәселе деп қарауымыз керек.

Мен ұлттық құндылықты насихаттау арқылы ұрпақ тәрбиесіне тамшыдай болса да үлесімді қосқым келеді. Жүрген жерімде өз тілімізде сөйлеу керектігін жиі айтамын. Өйт­кені ұлт­қа деген құрметің ана тіліңді білуден басталатынын бүгінгі жас ұрпақтың санасына сіңіру маңыз­ды. Бұл әрбір ата-әженің, әке мен ше­шенің наза­рын­да болғаны жөн. “Ел боламын десең, бесігіңді түзе”, – деп заңғар жазушы Мұхтар Әуезов айтқандай, ұрпақ тәрбиесіне ұлттық көзқараспен қара­масақ, ұтылары­мыз анық.

Әлім ТӨЛЕБАЕВ,

еңбек ардагері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp