Облыс орталығында 150 педагогтың басын қосқан “Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы” атты семинар өтті. Бала тәрбиесіндегі өзекті мәселеге тереңірек үңілу үшін Алматыдан жазушы әрі ағартушы, ұрпақ тәрбиесіне сүбелі үлес қосып жүрген Санжар Керімбай мен сарапшы-психолог Сейілбек Мырзабай арнайы шақырылды.
Облыстық білім басқармасы мен “Қазақ тілі” қоғамының облыстық филиалы бірлесе ұйымдастырған шара көне түркі тілдес халықтардың жарық жұлдызы Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдық мерейтойына тікелей қатысты деуге де болады. Себебі осыдан 100 жыл бұрын жерлесіміз “Педагогика” атты оқулығында бүгінде маңызын жоймай отырған ұрпақ тәрбиесін жан-жақты жазып кеткен.
Алаш ардақтысының: “Бала тәрбиесі – бір ѳнер, ѳнер болғанда ауыр ѳнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін ѳнер. Баланы дұрыс тәрбие қылу үшін әркімнің ѳз тәжірибесі жетпейді. Басқа адамдардың тәжірибесімен танысу керек”, – деген сөзі арада бір ғасырдан астам уақыт өтсе де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Шараны ұйымдастырушылар ақ пен қараны ажырату қиынға айналған қазіргі таңда бала тәрбиесі маңызды рөл атқаратынын өз пікірлері арқылы дәттей түсті.
– Біз, ғұлама Абай айтқандай, толық адамды, рухани құндылықты бойына сіңірген баланы тәрбиелеуге талпынуымыз керек. Бұл ретте әр ата-ана халықтық педагогикаға жүгінуі қажет. Бесік жырын тыңдап өскен баланың бойына мейірім, ізгілік сияқты көркем қасиеттер ұялайды. Егер бала қуыс кеуде болса, құндылықтарды бойына дарытпаса, болашақта түрлі жаман істерге бой ұруы мүмкін, – деді “Қазақ тілі” қоғамы облыстық филиалының директоры Жанат Мұхамеджанов.
Қазақ мектептеріндегі тәрбие мен білім мәселесін сөз еткен Санжар Керімбай ұстаздарға зор жауапкершілік жүктеліп отырғанын жеткізді.
“Адами құндылықтар сәбидің бойына ерте кезден сіңірілсе, қоғам алға басады. Қазақ мектептерінде тәрбие мәселесі бір жолға қойылған деп айта алмаймыз. Үлкенді сыйлау, мемлекеттік тілге құрмет көрсету, табиғатқа жанашырлық таныту сынды тақырыптар өзекті болып қалуда. Бұл түйткілдермен бірлесе күрескен кезде ғана нәтиже болады”, – деді алматылық мейман.
Білікті мұғалімдермен қатар болашақ ұстаздар да қатысқан жиында “Ұлттық құндылықтар”, “Ата-ана мен оқушының міндеті”, “Балалықтан – даналыққа”, “Құрал және құндылық” дәрістері тыңдалды. Бұл кеште “Отбасы хрестоматиясы” жобасы аясында шығарылған кітаптарды сатып алғандар да аз болмады.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.