Халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету қашан да маңызды. Елімізде осы бағытта жүйелі жұмыстар жүзеге асырылып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың аясында жаңа үйлер салынып жатыр. Ал жылдап пәтер кезегінде тұрғандардың баспаналы болды – үлкен қуаныш.
Облыс орталығындағы “Береке” шағынауданында жалдамалы-коммуналдық 6 көпқабатты үй қолданысқа беріліп, 600 отбасы баспаналы болды. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жаңа пәтерлердің иелеріне кілттерді салтанатты түрде табыс етіп, қоныстоймен құттықтады.
Үйлі болғандардың басым бөлігі – көпбалалы отбасылар, жетімдер, мүгедектер және толық емес отбасылар.
– Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Тұрғындарға баспана қолжетімді болуы керек. Бұл – Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы. Облыста бұл бағытта кешенді жұмыстар атқарылуда. Бүгін тапсырылып отырған 6 үй – соның айқын дәлелі. Бүгінгі таңда “Береке” шағынауданында мектеп, спорт кешені мен балабақша салынуда. Жақын күндері емхана ашылады. Яғни, тұрғындардың жайлылығы үшін барлық жағдайлар жасалады, – деді Ғауез Торсанұлы.
Баспаналы болғандардың қуанышына ортақтасқан өңір басшысы көпбалалы ана Гүлназ Кенжетаеваның шаңырағына барды. Қуаныштан көзіне жас алған ана облыс башысына алғысын жаудырды.
“Қайран менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім” деп асыға күткендердің бірі – Владислав Варлаков. Осыдан 15 жыл бұрын әйелі қайтыс болғаннан кейін отбасымен қалаға көшіп келген. Содан бері пәтер жалдап тұрған. Ал 3 жыл бұрын тас жолда баланы құтқарамын деп мүгедек болып қалған. Қазір жұмыс істемейді.
– Жұмыс істемегесін пәтер жалдау да қиындай түсті. 4 балам мен немерелерім бар. 15 жыл бойы кезекте тұрдым. Бейсенбі күні әкімдіктен қоңырау шалып, пәтер беріледі дегенде қуанышым қойныма сыймады. Енді 3 бөлмелі пәтерде барлығымыз бірге тұрамыз, – дейді Владислав Варлаков.
“Береке” – күннен күнге өсіп, көркейіп келе жатқан болашағы зор шағынаудандардың бірі. Бүгінгі таңда мұнда екі мектеп, балабақша мен спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Жыл соңында жаңа емхана пайдалануға беріледі.
Жалпы жаңа жылға дейін облыс орталығында 22 көпқабатты үй қолданысқа беріліп, 2 мыңнан аса отбасы баспаналы болады деп жоспарланған.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суреттерді түсірген
Самат БАЙҒАЗЫ.