«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ЕРКЕ ҚҰС” – ОТАНДЫҚ БРЕНД

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

2025 жылға қарай Қазақстанда өндірілген құс етімен импортты толықтай алмас­тыру жоспарланып отыр. Осылайша жалпы өндірістік қуаты жылына 223,1 мың тонна бола­тын 23 құс фабрикасын салу және жаңғырту арқылы елді отандық өніммен қамтамасыз ету көзделуде. Ал облыстың құс етіне деген сұранысы – сегіз жарым мың тонна. Тұрғындардың осы қажеттілігін өтеу үшін өңірімізде соңғы жылдары құс фабрикалары көптеп салынуда. Солардың бірі – осыдан екі жыл бұрын ашылған “Солтүстік бройлер” ЖШС.

– Облыс аумағында жаңа құры­лыс технологиялары мен әлемдік же­текші өндірушілердің құс шаруашылығы жабдықтарын қолда­натын ет өндіруге арналған зама­науи құс фабрикасын салу идеясы пайда болғанда біз, ең алдымен, жер таңдауға баса мән бердік. Болашақта логистика, өт­кізу және еңбек ресурстары мәсе­лесін жедел шешу үшін таңдау бір­ден Петропавл – Көкше­тау тас жолы­на түсті. Бізге Арала­ғаш ауылының маңынан жер бөлін­ді, – дейді серік­тестік директорының өндіріс бойын­ша орынбасары Айт­болат Ысқақов.

Құс фабрикасы жылына 5000 тон­на ет өндіреді. Алдағы уақытта бұл көлемді он мың тоннаға дейін жет­кізу көзделген. Қазіргі таңда фаб­риканың 12 құс қорасы (BigDatch­man жабдығы), инкубациялық цехы (Pas Reform), жем зауыты (Вагнер), бордақылау цехы (Szlachet Stal), то­ңазытқыш қоймалары бар. Құс фабрикасы ұжымының үйлесімді жұмысының және мемлекеттік органдардың қолдауының арқасында өткен жылдың соңында алғашқы өнімдері сауда сөрелеріне жетті. “Северный бройлер” құс фаб­рикасының өнімі нарыққа “Ерке құс” брендімен шығарылады. Серіктестіктің өнімдері – салқын­да­тылған және мұздатылған бройлер еті және оның бөліктері. Бұл өнімдерді тұрғындар облыс орталығындағы “Тайга”, “Рахмет”, “Северный”, “Ко­рона”, “Океан” сауда үйлері мен “Семейный” дүкендерінен сатып алып жүр.

– Бүгінгі таңда кәсіпорында 160-тан астам адам жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі – жергілікті тұрғындар. Құс өсірушілердің біліктілігін арттыру үшін қосымша курс­тар өткізіледі. Бұл мақсат үшін басқа өңірлер мен шетелдерден ма­ман­дар арнайы шақырылады. Біз кәсіп­орнымызда жұмыс істейтін қызмет­керлер үшін барынша қолайлы және тиімді жағдай жасауға тырысамыз, – деді Айтболат Бақытұлы.

Қызметкерлер толық әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етілген. Ар­найы киім-кешекпен қамтылған, мал сою күндері қосымша ыстық тамақ тегін беріледі. Кәсіпорын көпбала­лы отбасыларға балаларды мектепке дайындау үшін материалдық көмек көрсетеді.

Серіктестік мемлекеттік мереке­лерге орай қызметкерлерді көтер­ме­­леп, марапаттауды ұмытқан емес. Мәселен, халықаралық қарт­тар күні қарсаңында аға буынға қам­қорлық көрсету мақсатында азық-түлік қор­жындары таратылды. Конс­титу­ция күніне орай қыз­меткерлерге құс фабрикасының өнімдерін арзан баға­мен сатып алу мүмкіндігі жасал­ды. Республика күні мерекесінде өзін жақсы жағынан көр­сеткен қыз­мет­керлерге сыйақылар мен Алғыс хат­тар табысталып, ком­пания қыз­меткерлеріне мерекелік түскі ас ұйым­дастырылды. Сондай-ақ Жаңа жыл қарсаңында қызмет­керлердің ба­лаларына сыйлықтар үлестіріледі.

Жақында аталып өткен ауыл ша­руашылығы, тамақ және қайта өң­деу өнеркәсібі қызметкерлері күніне арналған салтанатты шарада “Се­верный бройлер” құс фабрикасы директорының өндіріс жө­ніндегі орынбасары Талғат Мақтаев “Ауыл шаруашылығы саласының үз­дігі” төсбелгісімен марапатталды. Мұндай жетістіктер фабрикада еңбек етіп жүрген қызметкерлердің кәсіби біліктілігін дәлелдей түседі.

– Біздің ұжым жұмыс үдерісінің басынан бастап құс етін өңдеуге дейінгі кезеңді тиянақты атқарып, ең жақсы нәтижелерге қол жеткізуге ұм­тылады. Сапа үшін жұмыс істеу – басты бағытымыз. Сондықтан тұтынушы­ларымыз күн сайын дүкен сөрелері­нен жаңа өнімдерді сатып ала ала­ды, – деді серіктестік директорының өндіріс бойынша орынбасары Айтболат Ысқақов.

Мемлекеттік қолдаудың арқасында ашылып жатқан құс фабрика­лары нарықты отандық өніммен қамтуға мүмкіндік жасап отыр. Мәселен былтыр елімізде құс етімен қамта­масыз ету көрсеткіші 50 пайыздан 65 пайыға дейін өсті. Осылайша 2025 жылға қарай жаңа құс фабрикала­рын салу және жұмыс істеп тұрған құс фабрикаларын жаңғырту есебі­нен құс еті бойынша импортты толық алмастыруды іске асыру міндеті жүйелі түрде орындалып келеді.

Меруерт КЕҢЕСБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp