«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЗАҢ ҮСТЕМДІГІ БӘРІНЕН ЖОҒАРЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Дек­ларациясына сәйкес Жоғарғы Кеңес Президиумы 1991 жылғы 6 жел­тоқ­санда “Қазақ КСР прокуратура ор­гандарының бірыңғай жүйесін құру, олардың дербестігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету туралы” қаулы қа­былдап, саланың құрылымы мен қыз­метіне бірқатар өзгерістер енгізген болатын. Кейін, яғни Бас Прокурор­дың 2004 жылғы 25 ақпандағы бұй­рығымен бұл күн “Прокуратура органдарының құрылған күні” деп белгіленді. Осы уақыт аралығында про­куратура құқық қорғау жүйесінің ор­талық институттарының біріне, ел­дегі заңдылық пен құқықтық тәртіптің сақталуының сенімді кепіліне айналды. Басты міндеті – азаматтардың конститу­ция­лық құқықтары мен бостандықта­рын, әлеуметтік-экономикалық мүд­делерін қорғау, ішкі саяси тұрақты­лық пен қоғамдық бірлікті сақтау, сы­байлас жемқорлыққа және қылмысқа қарсы күрес, кәсіпкерлікті қолдау аясында қолайлы ахуал қалып­тастыру бағытында тұрақты жұмыс жүргізу болып қала береді. 2022 жылы 5 қарашада “Прокуратура ту­ралы” жаңа конституциялық заң қа­былданып, прокурорлардың қадаға­лау өкілеттіктері кеңейтіліп, азаматтар мен бизнестің құқықтарын қор­ғауды күшейтуге зор мүмкіндіктер берілді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүргізіліп жатқан құқықтық рефор­малар аясында полиция, прокуратура және сот өкілеттіктерінің аражігі нақты ажыратылған қылмыстық про­цестің үш буынды моделі енгізілді. Ондағы басты мақсат – заң үстем­дігін орнықтыру, азаматтардың қауіп­сіздігіне толық кепілдік беру. Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде азаматтардың құқығын заманауи тұрғыдан қорғауды қамтамасыз ете­тін және жоғары халықаралық та­лап­тарға жауап беретін үлгі қажет­тігін атап көрсетті. Енді полиция қылмысты анықтап, оған қатысы бар адамдарды тауып, айғақ жинап, оны тиянақтап беруге тиіс. Прокурор жи­налған дәлелдемелерге тәуелсіз баға беруге, азаматтар құқығын бұ­зудың жолын кесуге, кінәсіз адам­дардың қылмыс үдерісіне тартылуы­на жол бермеуге, сотта айыптау жа­ғын қолдауға міндетті. Сот органдардың әрекетіне қатысты шағымды қа­райды және іс бойынша ақтық үкім шығарады. Мемлекет басшы­сының мемлекеттік құрылымдардың кәсіп­кер­лік қызметке заң­сыз араласуы, бизнесмендердің жұ­мысына кедергі келтіру мемлекетке қарсы жасалған ауыр қылмыс ретінде бағалануы керек, шенеуніктер тарапынан заңсыз қысым көрсе, бір­ден прокуратура органдарына жүгіну қажет деген талабына орай шағын және орта бизнесті қорғаудағы про­ку­ратураның рөлі күшейтілді. Кәсіп­керлік субъектілердің шағымдары бойынша мемлекеттік органдарда тікелей тексеру жүргізу мүмкіндігіне ие болды. Бұдан бөлек, балаларға қарсы жыныстық қылмыстардың алдын алу және жолын кесу – прокурорлардың ерекше бақылауында. Мемлекет басшысының “Жа­ңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы” Жолдауында жарияланған конституциялық реформа шеңберінде прокуратураға тікелей қатысты маңызды бастамаларға басымдық берілді.

Облыстық прокуратура анықталған барлық заң бұзушылықтарға байланысты пәрменді ықпал ету шара­ларын қолдана отырып, халық үшін ашық та қолжетімді жұмыс үрдісін басшылыққа алады. Өтініш-шағым­дарды жан-жақты әрі сапалы қарау­дың, оның нәтижелерін жедел түрде жеткізудің, бұзылған құқықтарды қалпына келтірудің, заңнама та­лаптары бойынша түсініктемелер берудің тиімді жолдары жете ескеріліп отырады. Білім беру, жұмыспен қамту, жол қозғалысы қауіпсіздігі, тұрғын үй құқықтық қатынас сала­ларында 74 қадағалау тексерісі жүр­гізілді. Ықпал ету шараларын әзір­леу барысында әрбір тексерудің нәтижелері алқа отырыстарында және облыс прокуратурасының ве­домствоаралық кеңестерінде талқы­ланып, нақты шешімдер алынады. Бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігін арттыру, халықтың әлеуметтік осал топтары мен кәмелетке толмағандардың құқықтарын сақтау, экологиялық қауіпсіздік мәселелері де назардан тыс қалған емес. Прокурорлық актілер негізінде 48 мыңнан астам адамның құқықтары мен мемлекеттің материалдық мүдделері қорғалды (522 млн. теңге мөл­шерінде). 407 млн. теңгенің дүние-мүлкі, сот тәртібімен мемлекетке жалпы ауданы 47 гектар олигополия субъектісіне заңсыз берілген жер учаскесі қайтарылды. 4,3 млрд. тең­генің заңсыз сатып алу шарттары жойылды, 11 тапсырыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Қадағалау қызметінің негізгі бір бағыты – кәсіпкерлік құқықтарды қор­ғау, бизнеске қысым жасаудың кез келген әрекетін болдырмау. 2 мың-нан астам кәсіпкердің құқықтары қорғалып, 1 млрд. теңге мөлшерінде субсидия төленді.

Мемлекет басшысы прокуратура органдарына маңызды инвестициялық жобаларды сүйемелдеу бойынша нақты әрекет етуді тапсырған болатын. Қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде 193 млрд. теңгеден асатын инвестициялық жоба­лар оң шешімін тапты. Өзара үйлес­тіру функциясын күшейтудің арқасын­да қылмыс деңгейі 21 пайызға төмендеді. Полиция қызметкер­ле­рінің, аудандық бөлімшелердің, тірек пункттерінің қызметтік кабинетте­ріндегі бейнебақылау камерала­ры­ның кезекші прокурордың монито­рына қосылуы азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзы­луын жедел анықтауға әсері ай­тарлықтай. Үш буынды модельді ен­гізу шеңберінде 9 мыңға жуық процестік шешім тексерілді. Жыл басынан бері прокурорлар аса ауыр және сыбайлас жемқорлық қылмыстар бойынша 53 айыптау актісін жасады. 70 адамға қатысты сот үкімдері мен қаулылар заңға сәйкестендіріліп, 13 сотталушының жағдайы жақсар­тылды, пробация қызметінде есепте тұрған 447 адам жұмысқа орналас­тырылды. 82 млн. теңге көлемінде алимент берешегі өндіріліп, 160 бо­рышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 33 қасақана алимент төлемеушіге қатысты сотқа дейінгі тергеу басталып, 9 үкім шығарылды.

Прокуратура қызметкерлерінің төл мерекесі қарсаңында еліміздегі тұрақтылық пен азаматтардың қа­лыпты өмір сүруіне айтарлықтай үлес қосқан сала ардагерлерін әркез мақтаныш етеміз. Олардың қатарында Сапар Дүйсенов, Иван Ги­ненко, Қонысбек Ыбыраев, Галина Дмитриенко, Сәкен Оразалин, Ни­колай Гирман, Қазықан Рақышев, Қайша Ахметова, Думан Еспенбе­тов, тағы басқаларының есімдері бі­рінші кезекте аталады.

Прокурорлық қадағалау – қашан да сала қызметінің негізгі міндеті болып табылады. Прокурорлардың күш-жігері Конституцияда айқындалған азаматтардың құқықтарын, мем­лекет пен қоғамның мүдделерін жан-жақты қорғауға, қоғамдағы тұрақты­лықты нығайтуға бағытталған. Берген сертіне адал, заңның үстемдігі үшін қызмет етуге әркез даяр сала қызметкерлеріне жанқиярлық еңбек, принципшілдік, жоғары кәсіби шеберлік қасиеттері тән.

Алдағы уақытта да таңдап алған мамандықтарына адалдық таныта отырып, қадағалау органдарының қа­лыптасу шежіресіне өз үлестерін қоса беретініне сенімдіміз.

Қайрат ӘБДІХАНОВ, Солтүстік Қазақстан облысының прокуроры, 3-ші сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp