«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Тереңнен тартқан тамырын

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мамлют ауданына қарасты Бике ауылының тұрмыс-тіршілігімен, тарихымен танысу мақсатында таңалакеуімнен елді мекенге аттандық. 120 шақырымды қалай артқа тастағанымызды сезбей де қалыппыз. Темір тұлпарымыз кілт тоқтады. Алдымызда абыз ананың алтын түстес ескерткіші жарқырап тұр. “Бұл – біздің Бике анамыз!” – деді көлік тізгінінде отырған Қанат Бегенов. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті тарих факультетінің студенті ауыл тарихының тереңде жатқанын айтты.

Біз ауылдың торқалы тоқсан жасты бағындырған қариясы Қайыркен Рақымұлымен кездестік. Оның айтуынша, 1906 жылы Байжырық пен Көтенбай есімді қос азамат қазіргі ауылдың орнын мекен етіпті. Көтенбай – өз заманында қара қылды қақ жарған би, бай болған кісі. Жер, жесір дауларын шешуге атсалысқан. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында өмір сүрген тұлғаның азан шақырып қойған аты басқа болса керек. Ал Байжырық туралы әңгімелер аса көп айтылмаған соң ел есінде қалмағанға ұқсайды.

– Ауылымызда Ашамайлы Керейдің Тарышысына жататын Өлтүзер атамыздан тараған Қадыр, Қыдыр, Кенже, Малай, Мадиярдың ұрпақтары тұрады. Өлтүзер табиғатынан жуастау, момын болған көрінеді. Оның зайыбы ақылына көркі сай Бике, керісінше, өжет келін атанып, шешендігімен ерекшеленген, ел билеу ісіне араласқан. Жер, жесір дауларында айтқыштығымен, ұтымды шешімдерімен ерекшеленген. Болатнайдың базарында сауда істеріне араласып, жоқ-жітіктің орнын толтырып отырған. Сөзге беріктігімен, ауылдастарына қамқорлығымен аты шыққан. Жаугершілік заманда атқа қонып, ауылды асыраған. Ұйымдастырушылық, басқарушылық қабілеті ескеріліп “би” сөзінен алынған “Бике” деп ел қойған жанама есімімен тұтас ру “Бике” аталып кеткен. Арада қаншама уақыт өтсе де, анамыз жайлы деректердің ел жадында сақталуы, есімінің ұмытылмауы оның елге ана, жерге пана болған тұлға екенін айғақтайды. Ақылгөйлігі, шешендігі жайлы әңгімелер аз емес, – дейді Қайыркен Рақымұлы.

Бикеден Қадыр, Қыдыр, Малай, Кенже туған. Ал Мадияр – Өлтүзердің Бибай атты әйелінен туған баласы. Мадиярдан тараған ұрпақтар өздерін “Мадиярмыз” деп атап кеткен.

– Алдайдың Аманбай атасынан тарайтын Шәшке деген азамат Өлтүзердің Мадияр деген баласына қыз беріп, елінде ұстап қалады. Мадияр әкесіне тартқан ақылды, сымбатты адам болса керек. Осы қасиетіне қызыққан Аманбай ұрпақтары Мадиярға ел басқартқан екен. Мадиярдан тараған ұрпақтар бүгінге дейін Амангелді ауылында Алдай, Қантай аталарының ұрпақтарымен бірге тұрды, – дейді Жамбыл ауданындағы Амангелді ауылының тумасы Ғабдолбәри Төлегенұлы.

2022 жылдың күзінде ауылға кіреберісте Бикенің ескерткіші орнатылыпты. Бұл игі бастаманың басы-қасында Абай Қармандаев деген азамат жүрген.

Ескерткіште қашалып жазылған:

“Бұл жерден шығып еді талай тарлан,

Ер болған өз тұсында Ақмырза, Арман.

Баласы Жаңбыршының Жаназар би,

Құтқарған талай ерді құрған тордан.

Қадыр, Қыдыр, Батырғожа, Жүсіп атаң,

Ержүрек болған екен бәрі де арлан.

Тар жолда тайғақ кешкен сол заманда,

Елі үшін аттан түспей белін буған.

Дәрежесі Бике анамның биік болған,

Ру жалғасы Бике Керей деп те аталған.

Аға сұлтан Шыңғыс төре жол-жөнекей,

Аттың басын сол елге жиі бұрған!”, –

деген өлең жолдары абыз ананың өмір өткелдерінен біраз мағлұмат беріп тұрғандай.

1824 жылдың наурыз айында Манақа қыстауында (Көтенбай, Ділдәбай, Кәсен, Шаймолда атылған, Сембай қыстауларынан жиналған ауыл) ғұмыр кешкен Зергер Қорабайдың шаңырағында ХІХ ғасырда өмір сүрген атақты балуан, суырып салма әнші-ақындардың бірі – Шәрке салдың дүниеге келгенін бірі білсе, бірі білмес. Азан шақырып қойған аты – Шәріп. Ол – Өлтүзердің Малай атты баласынан тараған ұрпағы.

Шәрке салдың Сегіз сері, Біржан сал бастаған сал-серілер қатарында жүріп, ел-елді аралағанын тарихи деректерден жақсы білеміз. Өз заманының танымал тұлғасы өмірін серілікпен өткізген, дүние-мал жинамаған. Ол Базар есімді өнерлі сұлу қызға үйленіпті. Балалары жастай шетіней берген екен. Қос өнерпаздың Нұрпейіс есімді ұлдары айтпай келген ажалдан аман қалған. Нұрпейістің Баймұрат есімді ұлынан тараған ұрпақтары қазіргі уақытта Ресейдің Қорған, Түмен облыстарында тұрады. Шәріп салдың 1850 жылдың жазында бірнеше күн жол жүріп, Қазан шаһарына барғаны тарихтың сарғайған беттерінде кездеседі. 1907 жылы туған жерінде ауырып қайтыс болады.

Көтенбай, Байжырық, Бейіткөл, Құрғақкөл, Суаткөл, Қарақоға көлдерінің толқынынан сыр ұғатын ауыл тарихы мұнымен шектелмейді. Бізді ауылдағы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сәбит Омаров біраз жайтқа қанықтырды.

– Орман атамыздан тараған Бейсенбі қажы жалаң аяқ, жалаң бас мал айдап әкеле жатқанда жаздың ыстық күнінде діттеген жеріне жетпей дүниеден озған. Зираты осы ауылда. Ебіней атамыз қажы мен балаларының басына ағаштан үй салдырыпты, оның жұрнағы әлі күнге дейін тұр. 5 қызы, 2 ұлы болған. Бір қызы Қантай Сүлейменге тұрмысқа шыққан, баласы Қабыкеннің Түмен облысындағы Армизон ауданында тұратынын естігенім бар. Үшінші қызы Мәржама – Әлтидің Сейтахметінің әйелі. Төртінші қызы Шағалақ Самай Шынтемірдің Тұрғынының әйелі. Бесінші қызы Ұмсынтай Балта Қосшығұлдың Сыздықбайынан тараған Садаққа тұрмысқа шыққан. Үлкен ұлы Шәкентай ертеде ауырып дүние салған, – деді ол.

Ал екінші ұлы Шаймолда 25 жасында болыс болған екен. 1921 жылы қызыл әскерлер келген кезде екі сарбаз оны үйінен арбаға мінгізіп алып шығып, бір ағаштың жанына тоқтап, шыбыннан қорғанатын жапырақ сындырып әкел деп жұмсаған. Ол ағашқа қарай кетіп бара жатқанда артынан атып өлтірген. Бике ауылынан 3-4 шақырым жердегі “Шаймолда атылған” деген үлкен ағаштың тарихы осындай.

Жоғарыда айтқан Ебіней – Бейсенбі Қаракөтұлының Мәлике қызынан туған жиені. Қажы бірде түсінде дәрет алатын күмістен жасалған құманын Ебінейдің ұстап отырғанын көріп, “Түбінде бұл бала менің шаңырағыма ие болып қалады!” – деп жорыпты. Ақыры айтқаны келіп, Ебіней нағашы жұртында өсіп, “Бейсембин” деген фамилиясын алып, шаңыраққа ие болып қалған. Ебіней Жарас, Мәркен, Әзира есімді үш перзент сүйеді. 1947 жылы Жарас Қадиша деген қызбен шаңырақ көтеріп, өмірге үш қыз келеді.

Ебіней әйелі екеуі ауыл маңындағы зиратқа жерленген. Ол сыйлы, ардақты адам болыпты. 1982 жылдың 26 шілдесінде 92 жасында дүниеден өткен

Сәбит Есенғалиұлының деректерінде 1917 жылға дейін осы жердің тұрғындары бөлек-бөлек қыстақтарда тұрып, мал шаруашылығымен айналысқандығы туралы айтылады. Азамат соғысынан кейін бұл жерде “Совет ауылы” құрылған. 1926 жылы “Кедейлер комитеті”, 1927 жылы бірінші молотилка пайда болады.1928-1929 жылдары ұжымдастыру кең етек алып, ауыл байлары жер аударылған, дүние-мүліктері тәркіленген.

1930 жылы “Көтенбай” көлінің жанында “Сталин” атындағы кеңшар құрылыпты. Кеңшар құрамына Қыдыр, Мұсабай, Қозығұл, Өскен, Көтенбай ауылдары кіріп, басшысы болып Шери Қойбағаров тағайындалады. Суаткөл көлінің жанынан “Калинин” кеңшары ашылып, оған Бекшебай-Есіл, Алтай, Ниязбек ауылдары қарайтын болған. Құрман Нұркеев кеңшар басшысы болып сайланады. Ал Бесжырық көлінің жанынан ашылған “Ленин” кеңшары қарамағына Орман, Бейсек, Батырқожа ауылдары қараған. Оның басшысы Тұралы Бекмұрзин болған.

1931 жылы осы шағын кеңшарлар біріктіріліп, Ленин атындағы колхоз құрылған. 1935 жылдан бастап колхозға бірнеше трактор және “МК-1100” молотилкасы келіп, механизаторлар техника тізгіндеуге бар күш-жігерлерімен кірісіп кетеді. Сол жылдары бойында 15 аттың күші бар “ЧТЗ”, “НТИ” тракторлары әкелініп, тұрғындардың егіншілікті өркендетеміз деген ниеттерінің орындалуына септескен. Ауыл тұрғындары Шарипа Нұрмолдина, Орынбасар Кенебаева сынды әйел механизаторлардың еңбегін ұмытқан емес. Егін жыл сайын бітік шығып, астық Петухово элеваторына тапсырылады. 1938 жылы еңбекқорлығымен ел аузында жүрген Шеген Сүтеров Ленин колхозының басшысы болып сайланады. Сегіз жылдық білімі бар ол колхозды көптеген жетістікке жеткізді. Ұлы Отан соғысы басталғанда ауыл азаматтарының көбі Отан үшін от кешуге аттанады. Шеген Сүтеров майдан даласынан оралмаған.

“Соғыс жылдары ер азаматтардың жұмысын әйелдер, балалар атқарды. Осы кезде колхозды Қыздар Жүсіпов басқарды. 1954-1957 жылдары колхозшылар тың игеру науқанына белсенді қатысты. 1955 жылы колхоз басқармасының басшысы болып қоғам қайраткері Ніл Болатбаев тағайындалды. Шаруашылықтың қыр-сырын білетін Ніл Әдғамұлы Ленин ауылының дамуына бар күшін салды. Су жаңа “Победа” машина сатып алынды, “Зил-150”, “Зил-5”, “Газ-51” маркалы жүк көліктері келді. Ауыл ажарланып, тұрғындар жарыса ағаш үй салып, бөрене тасуға жүк көлігі беріліп тұрды. Мектепте, барлық үйде, көшелерде электр шамдары жарқырап, әр үйге радио сымдары тартылып, сайрап тұрды. Ауылымыз бір-ақ жылдың ішінде миллионер елді мекен атанды. 1957 жылы Н.Болатбаевтың ауылдан көшуі елдің көңілін түсірді”, – дейді Сәбит Омаров.

1957-1965 жылдары Ленин колхозы Миролюбов совхозының бөлімшесі болды.

Ал 1969 жылдың 26 наурызында Ленин ауылы “50 жылдық Қазақстан совхозы” боп құрылып, директоры Владимир Матронин болды. Экономикасы көтеріліп, табысы мол мәдениетті кеңшар, іргелі шаруашылық болып, Мәдениет үйі, балабақша, он жылдық қазақ-орыс мектебі, медпункт, клуб, екі қабатты кеңсе, монша, мал бордақылайтын қоралар мен жем цехы, МТМ, автогараж салынып, көшелер асфальтталып, жұмысшылардың еңбекақылары өсіп, жаңадан ағаш үйлер тұрғызылып, ауыл гүлденді.

Ауыл ақсақалдарының айтуынша, Александр Вагонов, Рашид Сюникаев, Хасан Сюникаев, Хабит Сматаевтар басшылық еткен 1969-1990 жылдар – Ленин, Октябрь, Дачное ауылдарының жаңғырған кезі. Ал 1996 жылы совхоз бытырап, жеке-жеке шаруашылық болып кеткен.

Ауыл ақсақалы Сапарғали Жолаушин бізге 2011 жылы “Асыл мұра” орталығының ғылыми қызметкері Қайролла Мұқановтың қолдауымен Қызылжар шаһарында шығарылған “Бике елі және оның шежіресі” атты кітабын көрсетті.

– 1996 жылға дейін ауылымызда 360 үй түтін түтенген еді. Қазіргі таңда 95-ақ үй бар. 2010 жылдан бері “Бике” мешіті жұмыс істеп тұр. Мен сол имандылық ордасында қызмет етудемін. Діни мейрамдар жиі ұйымдастырылып тұрады. ауылда Мәдениет үйі де, кітапхана да бар. Әр үйге су тартылған. Бұзылған үйлердің орнына жаңа баспаналар салынса деген тілегіміз бар. Оған еліміздің Оңтүстік өңірлерінен қоныс аударған отбасыларды орналастырса елді мекен тамырына қан жүгірер еді. Мектебімізде жыл сайын бала саны азайып барады. Білім ордасы жабылса, ауыл да құриды-ау деп қорқамын, – дейді қарт.

Ауылдың алтын діңгегіне баланған мектептің тарихынан аз-мұз ақпарат бере кеткенді жөн санап отырмыз. Мектеп 1934 жылы бастауыш, 1935 жылы жеті жылдық болды. 1971 жылы қазақ-орыс тілінде білім беретін Ленин орта мектебі атанған. 1978 жылы ескі мектептің орнын заманға сай жаңа ғимарат алмастырады. Білім ордасы 2000 жылы мемлекетіміздің 100 үздік мектебінің қатарына енген. Лениннің көлеңкесінен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына дейін шыға алмай, ақыры Бике атанған елді мекендегі білім ошағының әлі күнге дейін “Ленин орта мектебі” болып тұрғаны көңілге қаяу түсіретіні айтпасақ та, түсінікті.

– “Бике орта мектебі” атанатын күн де алыс емес. Құжаттар реттеліп жатыр. Мектебімізде 58 оқушы білім алуда. Шәкірттеріміз аудандық, облыстық, республикалық байқауларға белсенді қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Әр баланың білім алуына жағдай жасалған. Жаңаберген Қармандаев, Асхат Құдайбергенов, Нұрдәулет Елмұратов сынды шәкірттерімізбен мақтанамыз, – деді оқу ошағының директоры Дархан Нұртаев.

Бертінге дейін Ленин аталып келген елді мекенге Бике атауы 2021 жылдың наурызында облыстық онамастика комиссиясының шешімімен берілген.

Жалпы Мамлют ауданында Бике, Бостандық, Бексейіт деп аталатын бірнеше қазақ ауылы ғана бар. Бике – абыз ананың атын алған, даласы дарқан, табиғаты таңғажайып қасиетті ауыл.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp