(“Қазақ балаларының жартысына жуығы өзге тілде білім алады” 23 қараша 2023 жыл)
Бүгінгі ұлттық тәрбиемізге, тіліміздің мәртебесіне көңіліміз толады деп айта алмаймын. Сондықтан біз қатарлас буын өкілдері ертеңімізге алаңдаушылық білдірмесек болмайды. “Тәрбие – тал бесіктен”, – дегендей ұлттық тәрбиемізді бүгінгі жас ұрпақтың бойына сіңіру аға буынның басты міндеті екенін түсінуіміз керек.
Бүгінгі таңда көбіміз қара бастың қамын күйттеп, күн кешіп жатырмыз. Ұл болашағына алаңдап жүрген ақсақалдар азайған. Тіпті немерелерімен өзге тілде сөйлесіп бара жатқан ата-әжелерді көріп, жағаңды ұстайсың. Қазақ мектептерінде оқитын оқушылар ана тіліне шорқақ деп налимыз. “Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілесің”, – демекші, баланың тілі қай тілде шықса, сол тіл ана тілі болып қалады. Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан асса да өз тілінде отыз ауыз сөзді дұрыстап жеткізе алмайтын қаракөздеріміздің қатары қалыңдаған сыңайлы. Әлі күнге дейін қазақ мектебіне баласын бергісі келмейтін қандастарымыздың бар екені ащы да болса шындық. Демек біз ұлт болып қалыптасып, мемлекетіміздің іргетасын нығайту үшін ана тіліміздің дәрежесін көтеруіміз керек. Мысалға бұлбұл балапандарына өзге құстардың үнін естіртпеуге тырысады екен. Өзгелерге еліктеп, өз үнінің реңін жоғалта ма деп қорқады. Құс екеш құстың өзі үнінің тазалығын сақтауға тырысады.
Біздің ойшылдарымыз тілдің болашағына алаңдаушылық білдіріп “Кез келген мемлекеттің діңгегі мен өзегі – оның ұлтының ана тілі”, – деп айтып кеткен. Мен ауылдағы екі-үш ақсақалдың басын қосып, Қызылжар ауданы Архангелка ауылындағы балабақшада қазақ тобының ашылуына себепкер болдым. Қазір 13 бала өз тілінде тәрбиеленіп жатыр. Осындай бастама әрбір ауылда қолға алынғаны дұрыс. Әйтпесе Жанат Мұхамеджанов сынды санаулы азаматтар тіліміз үшін шыр-пыр болып жүгіргенімен, жалғыздың үні шықпасы белгілі. Бұған ел болып шешімін табатын өзекті мәселе деп қарауымыз керек.
Мен ұлттық құндылықты насихаттау арқылы ұрпақ тәрбиесіне тамшыдай болса да үлесімді қосқым келеді. Жүрген жерімде өз тілімізде сөйлеу керектігін жиі айтамын. Өйткені ұлтқа деген құрметің ана тіліңді білуден басталатынын бүгінгі жас ұрпақтың санасына сіңіру маңызды. Бұл әрбір ата-әженің, әке мен шешенің назарында болғаны жөн. “Ел боламын десең, бесігіңді түзе”, – деп заңғар жазушы Мұхтар Әуезов айтқандай, ұрпақ тәрбиесіне ұлттық көзқараспен қарамасақ, ұтыларымыз анық.
Әлім ТӨЛЕБАЕВ,
еңбек ардагері.