«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛҒЫС АРҚАЛАҒАН АСЫЛХАН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Шебердің инесі де, соққан түй­месі де алтын” деген сөз тектен-тек­ке айтылмаған. Қай салада бол­сын өз ісін жетік білетін маманның жүзі ашық, абырой-беделі биік бо­лады. Мамандыққа адалдық тура­сында ой қозғағанда адам жанының арашасы бола білген ақхалатты­лар­ға артылған жүктің жеңіл емес екенін аңғарамыз. Себебі “меди­ци­на мамандарына қателесуге бол­майды” деген қағида бар. Дәрігер болу дегеннің өзі “адамға жарық сыйлау” деген ұғыммен үйлесетін секілді.

“Адамға ең жақын, ең керек екі ма­мандық – мұғалім мен дәрігер”, – деп белгілі қа­зақ­стандық ғалым және қоғам қай­раткері, физика-математика ғылым­дарының док­торы Асқар Жұмаділ­даев айтқан­дай, мемлекеттің алтын діңгегіне айналған екі саланың бірі – меди­цина. Осы саланы өмір мәніне ай­налдырған маман Асылхан Жа­ғы­паровтың бұл салада 17 жылдық тә­жірибесі бар.

Асылхан Төлегенұлы – Астана қаласындағы медицина универси­те­тінің 2006 жылғы түлегі. Қолына диплом ала салысымен теріскейге бағыт алып, облыстық көпбейінді ба­лалар ауруханасына жұмысқа орна­ласады. Қатардағы дәрігерден жа­ра­қат бөлімшесінің меңгерушісі лауазымына дейін көтерілген кейіп­керіміздің өмірі, қызмет жолы ме­дицина саласына қызыққан жастарға үлгі-өнеге.

– 17 жылдың ішінде облыстық ба­лалар ауруханасына травматоло­гия бойынша көптеген өзгерістер ен­гізіл­ді. Өткен ғасырдың 80-90  жылдарындағы жабдықтары ескіріп, емдеу мекеме­лері жаңа қондырғылармен қамтамасыз етілуде. Біз қазіргі уа­қытта заманауи технологиялармен, жаңа әдіс-тәсілдермен ота жасап жүр­міз.  Өңірде бұрын оталардың 70-80 пайы­­зы ашық түрде жасалды. Бүгінде­рі операцияның 95-97 пайы­зы жабық түрде жүргізіледі. Бұл – үл­кен жетістік, – дейді Асылхан Жағыпаров.

Асылхан Төлегенұлы зайыбы екеуі үш сәби тәрбиелеп отыр. Ол үшін еліміздің ертеңі саналатын ұр­пақтың денінің сау болғаны маңыз­ды. “Мен науқас балалардың ата-аналарымен жиі әңгімелесемін. Олар дәрігер білікті, тәжірибелі, сауатты болса, сыр­қатым­ды дәл тапса екен деп ойлайды. Дәрігердің “Қорқатындай дәнеңе жоқ, біраз ем алып, өзіңізге күтім жасасаңыз, дер­тіңізден құлан-таза айығып кетесіз” деген жылы сөзінің өзі жарты ем. Бүлдіршіндері түрлі дертке шалдық­қан аналарға жылы сөзімді аяған емес­пін”, – дейді ақ халатты абзал жан.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp