Өңірде ауыл шаруашылығы саласының тиімділігін арттыру мақсатында жан-жақты жұмыс жүргізіліп жатыр. Мәселен, Айыртау ауданындағы “Агро Елецкое” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 5,5 млрд. теңгеге үлкен көкөніс қоймасын салуда. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары басталып кеткен. Жаңа нысанда 35 мың тонна өнім сақтауға болады. Кәсіпорын ашылғанда елді мекенде жаңа жұмыс орындары да құрылмақ. Шаруашылық заман ағымынан қалмай, тамшылатып суару жүйесін де қолданысқа енгізді. Жоба құны – 1 млрд. теңге. Серіктестік тамшылатып суару жүйесімен 2,5 мың гектар алқапты қамтуды жоспарлап отыр.
“Біз бұл жобаны өткен жылы қолға алғанбыз. Қазір 400 гектар алқап тамшылатып суарылады. Жоспарымыз кезең-кезеңімен жүзеге асып жатыр. Ал көкөніс сақтайтын қойманың құрылысы басталған, қабырғалары тұрғызылды. Дегенмен ауа райына байланысты жұмыс тоқтап қалды. Қазір бидай, күнбағыс өсіреміз. 2025 жылы картоп, 2026 жылы сәбіз өсіруді қолға алу жоспарда бар. Қазір бәрін жан-жақты зерттеп, нақты жоспармен іске кіріспекпіз”, – дейді “Агро Елецкое” ЖШС-ның директоры Байтас Қазбеков.
Айыртау ауданындағы басқа елді мекендер де көштен қалмай, қарқынды дамып келеді. Бастысы осыған дейін өзекті болған мәселелер өз шешімін тапқан. Мәселен, Кирилловка ауылының тұрғындарын пай мәселесі бірнеше жыл бойы әуре еткен еді. Мұнда қазір тұрғындар саны 700-ге жуық, оның 400-інің пайы бар. Биыл сәуір айында елді мекенге “North Grain” атты жаңа компания келіп, жағдай өзгерді. Зейнеткер, ауыл тұрғыны Қалима Жаналинованың айтуынша, биыл пай уақытылы берілген. Жаңа компания ауылдың жағдайына да көңіл бөліп, әлеуметтік мәселелерді назарға алған.
“Біз бұл елді мекенге 10 сәуірде келдік. Техникаларды жаңартып, бірден жұмысқа кірісіп кеттік. 2 мың тонна тұқымды жаңарттық. Алқап 15 мың гектардан астам жерді алып жатыр. Ауа райының қолайсыз болғанына қарамастан, нәтиже жаман емес. Сапаны сақтап қалуға тырыстық. Қазір компанияда 130 адам жұмыс істейді”, – дейді “North Grain” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ерболат Кәленов.
Серіктестік директорының сөзінше, барлық пай иелерімен келісімшартқа қол қойылған. Тұрғындар әр гектар үшін 60 килограмм астық алады. Бірақ олардың басым бөлігі қазір пайды ақшалай алуды жөн көреді.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”