Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “озық ой мен әділдіктің, бірлік пен ілгерілеудің партиясы” деп баға берген “Amanat” саяси ұйымы араласпайтын сала бүгінде кемде-кем. Мен оны өз тәжірибемнен жақсы білемін. Осыдан 24 жыл бұрын іргетасы қаланған бұл саяси ұйымның осы уақыт аралығында еліміздегі ең басты партияға айналғанын, халықты ортақ мақсатқа жұмылдырудағы рөлінің жоғары екенін ешкім жоққа шығара қоймас.
“Amanat” партиясының кезектен тыс сьезінде сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Кемелұлы партияның келешегі жөнінде айта келіп, оның бұған дейін атқарған жұмысын ұмытуға болмайтынына, өз ісіне берілген партия белсенділерінің қажырлы еңбегіне құрметпен қарау керек екеніне тоқталған болатын. Президент еліміз Жаңа Қазақстан құру жөніндегі ауқымды міндетті орындауға кіріскенін мәлімдеген. “Алдымызда мемлекетіміздің болашақ тағдырын шешетін аса маңызды жұмыс тұр. Оны ойдағыдай жүзеге асыру үшін жаңа мақсат-міндеттерімізді айқындап алуымыз қажет. Партия барлық реформаға ұйытқы болуға тиіс”, – деп атап көрсетіп, бірқатар басым міндеттерді айқындап берген. Олардың ішінде маңыздыларының бірі – орталыққа тәуелділікті жою және партия аппаратының тиімділігін арттыру мәселесі форумға қатысқан делегаттар тарапынан да кең қолдау тапты. Уақыт талабына сай партияны жаңғырту идеясы “Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары” Жолдауында да қозғалып, ауқымды саяси өзгерістерді түбегейлі және жан-жақты әлеуметтік-экономикалық реформамен ұштастыру, оның басты мәні “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” қағидатын нақты іске асыру екені айтылды. Жаhандық экономика мен халықаралық еңбек нарығы түбегейлі өзгеріп, технологиялық бәсеке қызып, барлық жерде ресурстар үшін талас-тартыс жүріп жатқан беймаза шақта зор экономикалық серпіліс жасауға еліміздің мүмкіндігін пайдалануға тиіспіз. Президент басты назарымызды қағаз жүзіндегі биік жетістіктерге қол жеткізу емес, шын мәнінде халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға аударды. Әділдік, инклюзивтік және үнемшілдік, міне, жаңа экономикалық бағдарымыздың негізгі өзегі – осылар.
Қазақстанның экономикалық дамуының жаңа парадигмасы еліміздің бәсекелік артықшылықтарын тиімді пайдалануға және өндіріс саласындағы еңбек, капитал, ресурстар, технология сияқты басты факторлардың әлеуетін барынша ашуға негізделетінін екі мыңға жуық мүшесі бар Шал ақын аудандық филиалындағылар да жақсы түсінеді. Мониторингтік талдау көрсеткендей, 12 бастауыш ұйымның әрқайсысы дербес әрі толыққанды жұмыс істеу міндетін абыроймен атқарып келеді. Өзара сенім мен ынтымақтастыққа, жергілікті проблемаларды жедел шешудің әрқилы идеологиялық бағыттары мен жаңашыл әдістемелік қолдауларға құрылған жүйе артықшылық сипаттарға ие. Әсіресе, бастауыш ұйымдардың белсене араласуымен жұртшылықпен тікелей диалог алаңдары, қоғамдық талқылаулар, ашық пікірсайыстар ұйымдастырылып, тың серпін беріле бастады. Ұйымның “Популизмге салынып, орындалмайтын уәдені бермеген жөн. Сайлаушылармен кері байланысты күшейту арқылы осы бағытта қоғамдық қабылдаулардың әлеуетін барынша пайдалану қажет” деген талабы сервистік бағдарланған тәсілдерге басымдық беріп отыр. Шалғай елді мекендерге тұрақты бару тәжірибесі енгізіліп, шағымдар мен ұсыныс-пікірлерге мониторинг жүргізу жүйесі қолданылады. Партияны жаңғырту жоспарының негізгі тетіктерінің бірі – түрлі жобаларды жүзеге асыру. Бұған жергілікті ұйымдарға мақсатты трансферт ретінде жиналған жарнаның 20 пайызын кері қайтару үрдісінің ықпалы айтарлықтай. Үнемделген қаражат есебінен өткізілген “Ағашты сақта – макулатура тапсыр!” экологиялық акциясына қатысушылар қатары мол болды. “Бақытты отбасы” жобасы шеңберінде көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан 24 бүлдіршінге сый-сияпат көрсетілді.
Тұрғындардың асыға күтетіні – тапсырмалардың орындалуын бақылау және бағалау. Бұл орайда, жаңа әдіс-тәсілдерге, тың идеяларға, жас мамандарға арқа сүйеудің маңызы айрықша. Қазіргідей кадр тапшылығы өзекті мәселе болып тұрған кезде мұндай қадам өте құптарлық. Саяси партиялардың кадрлық әлеуетін нығайтудың жолдары көп. Бұған қоса, адамдардың қоғамдық ой-санасы мен елге, Отанға қатысты ниет-пиғылы өзгеріп жатса, “Адал азамат” тұжырымдамасының құндылық ретіндегі мәні арта түсер еді. Соңғы екі жылда қатарымыз 85 мүшемен толықты. Жұртшылықпен кері байланыс орнатудың бір тиімді құралы – қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жұмысын жандандыру. Жұртшылық қоғамдық-саяси құрылым ретінде қабылдайтын оған жыл сайын 200-дей өтініш түседі. “Ардагерлерді ардақтайық!”, “Кедергісіз келешек!” қанатқақты жобалары аясында өмірлік қиын жағдайларға тап болған жандарға көмек көрсетілді. Ауылда тұратын бір отбасыға баспана сатып алынды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен халықтың табысын 2025 жылға дейін ұлғайту үшін “Ауыл аманаты” бағдарламасы бекітілгені белгілі. 30 жерлесіміз жеңілдетілген несие алуға өтініш беріп, 9-ының құжаты рәсімделді. Солардың бірі – партия мүшесі, “Дархан дала” кооперативінің төрағасы А. Хамзиев сүт өңдейтін модульді зауыт ашты.
Аз ғана уақыттың ішінде өзінің тиімділігін көрсеткен “Amanat” партиясының “Қарызсыз қоғам” жобасы республика тұрғындары арасында ерекше қызығушылық тудырғаны соншалық, 8 аймақта 20 мыңнан астам адам қаржылық сауатын арттырған. Жолдауда Үкіметке “Amanat” партиясымен бірлесіп, оның ауқымын кеңейту тапсырылды. Ауылдарда тұрып жатқан 300-дей адам қаржылық сауаттылықтарын арттыру үшін тегін оқыту курсынан өтті.
Президент өз Жолдауында саяси реформалардың ауқымды бағдарламаларын ұсынды. Конституциялық реформа елімізді саяси тұрғыдан одан әрі жан-жақты жаңғыртудың берік іргетасын қалап берді. Оның қабылдануы Жаңа Қазақстанды құруға мүмкіндік берді. Суперпрезиденттік басқару түрінен түбегейлі бас тартылып, Парламент пен мәслихаттың өкілеттігі күшейтілді. Партиялық-саяси жүйені жаңғырту басым бағыттардың бірі ретінде белгіленді. Партиялар мен сайлау туралы заңнамаларды либерализациялау қоғамның рөлін айтарлықтай нығайтып, саяси үдерістердің мазмұны түбегейлі өзгерістерге ұшырады. Демократиялы, ашық және теңгерімді саяси жүйе құру жолындағы батыл қадамдардың бірі мәслихат сайлауы дер едік. Аудандық мәслихаттағы 11 депутаттық орынның 8 мандатына аманаттықтар ие болып, орталық фракциялық топқа бірікті. Сайлауалды бағдарламаларын белсенді іске асыруда. К.Жангужиновтың депутаттық сауалы бойынша Волошинка – Сергеевка –Тимирязево автожолының Новопокровка ауылы маңындағы учаскесі қалпына келтірілді. “Халықпен біргеміз!” сайлауалды бағдарламасы және “Жол картасы” көрсеткіштерінің 66 пайыздайы орындалды. Алдағы уақытта Бірлік, Кеңес, Жаңажол, Жаңаталап, Повозочное, Ступинка, Семиполка, Крещенка, Мерген елді мекендеріне ауызсу құбыры тартылады. 4 мектепке жөндеу жүргізіліп, аудан орталығында хоккей корты салынуда. Сухорабовкада шағын футбол алаңы тұрғызылады.
Мемлекеттілікті нығайту және ел бірлігін бекемдеу – саяси ұйымның айрықша миссияларының бірі. Алдымызда өзге де асқаралы міндеттер тұр. Қарқынды бәсеңдетпей, кешенді жұмыстарды жалғастыру басты талап болып қала береді.
Елена КУЛИЧЕВА,
“Amanat” партиясы Шал ақын аудандық филиалының атқарушы хатшысы.