“Шебердің инесі де, соққан түймесі де алтын” деген сөз тектен-текке айтылмаған. Қай салада болсын өз ісін жетік білетін маманның жүзі ашық, абырой-беделі биік болады. Мамандыққа адалдық турасында ой қозғағанда адам жанының арашасы бола білген ақхалаттыларға артылған жүктің жеңіл емес екенін аңғарамыз. Себебі “медицина мамандарына қателесуге болмайды” деген қағида бар. Дәрігер болу дегеннің өзі “адамға жарық сыйлау” деген ұғыммен үйлесетін секілді.
“Адамға ең жақын, ең керек екі мамандық – мұғалім мен дәрігер”, – деп белгілі қазақстандық ғалым және қоғам қайраткері, физика-математика ғылымдарының докторы Асқар Жұмаділдаев айтқандай, мемлекеттің алтын діңгегіне айналған екі саланың бірі – медицина. Осы саланы өмір мәніне айналдырған маман Асылхан Жағыпаровтың бұл салада 17 жылдық тәжірибесі бар.
Асылхан Төлегенұлы – Астана қаласындағы медицина университетінің 2006 жылғы түлегі. Қолына диплом ала салысымен теріскейге бағыт алып, облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жұмысқа орналасады. Қатардағы дәрігерден жарақат бөлімшесінің меңгерушісі лауазымына дейін көтерілген кейіпкеріміздің өмірі, қызмет жолы медицина саласына қызыққан жастарға үлгі-өнеге.
– 17 жылдың ішінде облыстық балалар ауруханасына травматология бойынша көптеген өзгерістер енгізілді. Өткен ғасырдың 80-90 жылдарындағы жабдықтары ескіріп, емдеу мекемелері жаңа қондырғылармен қамтамасыз етілуде. Біз қазіргі уақытта заманауи технологиялармен, жаңа әдіс-тәсілдермен ота жасап жүрміз. Өңірде бұрын оталардың 70-80 пайызы ашық түрде жасалды. Бүгіндері операцияның 95-97 пайызы жабық түрде жүргізіледі. Бұл – үлкен жетістік, – дейді Асылхан Жағыпаров.
Асылхан Төлегенұлы зайыбы екеуі үш сәби тәрбиелеп отыр. Ол үшін еліміздің ертеңі саналатын ұрпақтың денінің сау болғаны маңызды. “Мен науқас балалардың ата-аналарымен жиі әңгімелесемін. Олар дәрігер білікті, тәжірибелі, сауатты болса, сырқатымды дәл тапса екен деп ойлайды. Дәрігердің “Қорқатындай дәнеңе жоқ, біраз ем алып, өзіңізге күтім жасасаңыз, дертіңізден құлан-таза айығып кетесіз” деген жылы сөзінің өзі жарты ем. Бүлдіршіндері түрлі дертке шалдыққан аналарға жылы сөзімді аяған емеспін”, – дейді ақ халатты абзал жан.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.