Тәуелсіз Қазақстанның басты жетістігі – тұрақтылық пен келісім. Бір шаңырақ астына түрлі этнос өкілдері бірігіп, тату-тәтті, ынтымақта өмір сүріп жатқанын әр қазақстандық мақтан етері сөзсіз. Бірлігімізді нығайтуға қызмет етуді басты мақсат, негізгі міндет деп санайтын Қазақстан халқы Ассамблеясының атқарып отырған жұмысы ұлан-ғайыр десе де болады. Қазақстан халқы Ассамблеясының “Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму” атты ХХХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: “Әрбір азамат бірлікті нығайту үшін қызмет етуі керек. Бұл қызмет ешқашан тоқтамайды, үздіксіз жалғаса береді. Өйткені, бірлік болса ғана тірлік болады. Біз осы мызғымас қағидаға әрдайым адал болуымыз керек. Татулық пен келісімнің ерекше маңызды екенін жұрттың бәрі бірдей сезінбеуі мүмкін. Сол себепті “Ассамблеяның қажеті жоқ” деген ұшқары, яғни күмәнді пікірлер айтылып жатады. Шын мәнінде, Ассамблея – мемлекеттілігіміздің іргесін бекітіп тұрған басты институт”, – деп атап көрсеткен болатын.
Қазақстан халқы облыстық Ассамблеясы өңірді мекен еткен барша этносты бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай ұйыстырып, қоғамның барлық салаларына белсене араласып келеді. Достық үйінде өткен форумда сөз алған облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Жангүл Жолмұханова Ассамблеяның маңызына тоқталып, жиналғандарды жыл ішінде атқарылған кешенді іс-шаралармен таныстырды.
Биыл құрылғанына 28 жыл толып отырған консультативті-кеңесші органның институционалдық мәртебесі нығайып, этносаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей институтына айналды. 2008 жылы “Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы” Заң қабылданып, этносаралық қатынастар саласындағы принциптер айқындалды. Бүгінде негізгі міндеттері мемлекеттік органдармен, азаматтық қоғам институттарымен бірлесіп, этносаралық қарым-қатынасты қамтамасыз етуге, толеранттылықты нығайту үшін қолайлы жағдайлар жасауға, халық бірлігін нығайтуға, азаматтардың саяси-құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, этномәдени және өзге де қоғамдық ұйымдардың күш-жігерін бір арнаға топтастыруға жұмылдырылған. Оның қызметінде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту де маңызды орынға ие.
Жыл басынан бері 300-ге жуық қоғамдық шара ұйымдастырылған. 28 этномәдени бірлестіктің 22-і қоғамдық аккредитациялаудан өткен.
Жангүл Серікқызы “Urpaq” қазақ ұлттық-ағарту орталығына, күрдтердің “Барбанг”, тәжіктердің “Сомониен Север”, ингуштардың “Вайнах”, армяндардың “Кентрон”, украиндардың “Світанок”, немістердің “Видергебурт”, поляктардың “Коперник”, тағы басқа этнос ұйымдарына басқарманың Алғыс хатын табыс етті.
Ұлттық бірлік пен қоғамдық келісімді нығайтуға, ізгілік мұраттарына дәйекті қызмет етуге, қоғамның рухани дамуына қосқан елеулі үлесі үшін Татьяна Вербицкая мен Диляра Хасанова Қазақстан халқы Ассамблеясының Алғыс хатымен марапатталды. Мұндай құрмет “Қайырымдылық” клубына, Аналар кеңесіне, Журналистер клубына, “Золотой возраст” орталығына да көрсетілді.
“Қаһармандар арамызда жүр” аталымы бойынша берілген марапатқа облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен “Жедел жәрдем” орталығының бір топ қызметкері ие болды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Вадим МУДАРИСОВ.