Қазіргідей алмағайып заманда сәл ғана қалғып кетсек, артқа тартып, аяғымызға тұсау болатын кесел көп. Сондай дерттің бірі – жемқорлық. Елінің ертеңіне жол салмай, біреудің қалтасына қол салатындардың кесірінен талай елдің басына қара түнек орнап, ертеңі бұлыңғырға айналды. Сондықтан да қоғам үнемі сергек болып, жең ұшынан жалғасқан заң бұзушылыққа қарсы тұруға әрдайым сақадай сай болуға тиіс. Жыл сайын өз қызметін асыра пайдаланып, арам ақшаны қалтаға басатындардың әрекеті салдарынан әлем экономикасы миллиардтаған доллар шығын көріп отыр. Оның сыртында тамыр-таныстық, жұмысқа салғырт қараудың кесірінен туындап отырған қаншама мәселе бар.
Жемқорлық мәселесі адамзатты алғашқы мемлекеттер пайда болғаннан бастап алаңдатып келеді. Жарты әлемге әмір жүргізген талай ірі империяның түбіне осы індет жеткені тарихтан мәлім. Осы түйткілге назар аударған әлемдік қауымдастық 2004 жылдан бері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күнін атап өтіп келеді. Айтулы күнге орай облыс орталығында алқалы жиын өтіп, жиналғандарды облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов құттықтады.
– Сыбайлас жемқорлық – қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі. Сондықтан да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге ерекше назар аударып отыр. Мемлекеттік органдар, БАҚ және белсенді жастар бірігіп қана осы індеттің тамырына балта шаба алады. Жергілікті билік пен бейінді агенттік заңсыздыққа жол бермеу үшін тиісті жұмыстар атқаруда. Адами факторды алмастыратын автоматтандыру үрдісі де жемқорлыққа тосқауыл бола алады. Бүгінде елімізде цифрландыруға баса мән берілуде. Жемқорлықпен кез келген адам күресуі керек, – деді облыс әкімі.
Өңір басшысының құттықтауынан кейін жемқорлыққа қарсы күреске атсалысқаны үшін бірқатар азаматтарға марапаттар табысталды. Жиында облыс әкімінің Алғыс хатымен “Әділдік жолы” қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының жетекшісі Айнагүл Нұрахметова, “Жаңару” қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының басшысы Темірғали Әбілмәжінов, қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Иманғали Тәттібаев марапатталды. Сонымен қатар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Асхат Жақыпбеков бірінші қалалық емхананың комплаенс маманы Ерік Әбілкәрімовке, Есіл ауданы әкімінің кеңесшісі Жангүл Нұрмұқановаға, “Демеу” балалық шақ мәселелері жөніндегі үйлестіру орталығының басшысы Жұлдыз Саттароваға, “Қызылжар су” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің комплаенс маманы Ешкен Есләмге Құрмет грамотасын табыстады. Аталған марапат осы салада белсенді еңбек етіп жүрген серіктестік басшылары, еріктілер мен ұйым басшыларына да берілді. Өңірде сыбайлас жемқорлыққа қарсы атқарылып жатқан жұмыстарды БАҚ бетінде насихаттағаны үшін өңірлік, республикалық газеттер, телеарна, интернет басылымдарының қызметкерлері де марапатталды.
– Жемқорлықпен күрес – ел саясатының басым бағыттарының бірі. Бұл – жұртшылықпен бірлесіп атқаратын жұмыс. Жемқорлық қоғамға үлкен қауіп төндіретін дертке айналды. Өзімнің “Жаңару” бірлестігіндегі жұмыстарға басшылық етіп жүргеніме біраз уақыт болды. Осы уақыт аралығында көптеген шаралардың өтуіне мұрындық болып, жемқорлықпен күрестің барынша жемісті болуына үлес қосып келемін, – деді “Жаңару” қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының басшысы Темірғали Әбілмәжінов.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Самат БАЙҒАЗЫ.