Облыстық полиция департаментінің процессингтік орталығы шетелдік автокөліктерді заңдастыруды рәсімдеуге бір айдан аз уақыт қалғанын еске салады.
Шетелдік тіркеудегі көліктерді заңдастыру туралы 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін берілген өтінімдер 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін ғана қаралады. Полицейлер шектелген мерзімдерді еске отырып, автокөліктердің иелерін заңдастыруды аяқтауға және көлік құралдарын тіркеуге қоюға шақыруда.
2023 жылғы 23 қаңтардан бастап бүгінгі күнге дейін Петропавл қаласындағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына 15 мың 635 өтініш келіп түсті. Бүгінгі таңда 10 мың 582 көлік құралы тіркелді.
Ішкі істер министрлігі шетелдік тіркеудегі көліктерді заңдастыру туралы өтінімдерді Үкімет қаулысына сәйкес 23 қаңтар мен 30 маусым аралығында қабылдады. 2022 жылғы 1 қыркүйектен кейін еліміздің аумағына кіргізілген автокөліктер заңдастыруға жатпайды.
Автокөліктерді заңдастыруға қатысты сұрақтар бойынша жұмыс күндері 8 (7152) 32-00-22, 32-00-19 телефондарына хабарласуға болады.
Гауһар ЕРКІН,
облыстық полиция департаментінің мемлекеттік автоинспекторы.