«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“Олимпиадалық салмаққа ауысқым келеді”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Күрес десе, ішер асын жерге қоятын халық екеніміз ешкімге жасырын емес. Жүрегінің түгі, білегінің күші бар талай тарландарымыз болғанын тарихтан білеміз. Қажымұқан, Балуан Шолақтардың ізін басқан жігіттер теріскейде де жетерлік. Ахметжан Қазымбетов, Уәлихан Нұркеев, Жамбыл Тасеменов, Бауыржан Құлжановтарды білмейтіндер кемде-кем. Олардың ізгі жолын жалғастырып, көк туымызды көкте желбіретіп, әнұранымызды шырқатып жүргендердің бірі – Аманғали Бекболатов. Жамбыл ауданына қарасты Орталық ауылының тумасы соңғы уақытта Германияда шеберлігін шыңдауда. Елімізден жырақта жаттығып жүрген балуанмен телефон арқылы сұхбаттасып, алдағы жоспарларын білдік.

– Бірер күн бұрын ғана әскерилер арасындағы әлем чемпионатында топ жардың, жеңісің құтты болсын! Қазіргі уақытта Германияда жаттығып жүргеніңді естідік. Не себептен таңдау Еуропаға түсті?

– Құттықтап жатқаныңызға көп рақмет! 2021 жылдан бері Германияда жүрмін. Соңғы жылдары Еуропада грек-рим күресі жақсы дамып келеді. Әлемнің үздік балуандары неміс клубтарында өнер көрсетеді. Әрбір жарыста жүлдегер атану үшін мықтылармен бірге жаттығу керек. Кез келген қарсыласқа дайын болу маңызды. Сондықтан да шетелде жаттығуға бел будым.

Германияда клубтар арасында түрлі жарыстар өтеді. Бұл сындарға күрестің хас шеберлері қатысады. Біздің елімізден еуропалық командалар сапында өнер көрсетіп жүрген 3-ақ спортшы бар. Олардың бірі – менмін. Германияда өзге спорт түрлеріндегідей скауттар жұмыс істейді. Олар клубтарға қажетті балуандарды таңдайды. Мен “Нюрнберг-Гризли” клубымен келісімшарт жасастым. Былтыр клубпен бір жарым айға ғана келісім болған, 7 белдесу өткізіп, барлығында да жеңіске жеттім. Жақында келісімшарт мерзімі ұзартылды. Келісілген 14 белдесудің 12-сін өткіздім. Енді екі рет бозкілемге шыққан соң елге қайтамын.

– Германияда жаттыққаныңмен, еліміздің ұлттық құрамасы сапында күресіп жүрсің. Қазақстанның атынан қандай жарыстарға қатысып үлгердің?

– Клубтың атынан қатысып жүрген жарыстар мен үшін үлкен додаларға дайындық десем болады. Ал ұлттық құрама сапында жақсы өнер көрсету – менің басты міндетім. Қазақстанның атын әлемге таныту – үлкен абырой.

Құрамада 55 килограмм санатында күресемін. Жыл басынан бері бірнеше байрақты бәсекеге қатыстым. Барлығы да рейтингтік турнирлер болып табылады. Биылғы жыл мен үшін сәтті басталды. Алдымен Мысырдың Александрия қаласындағы сайыста бағымды сынадым. Бұл сында бірінші орын бұйырды. Кейін Мажарстанның Будапешт шаһарында топ жардым. Әрине жеңіске жету оңай болмады.

Биылғы жылы қатысқан барлық додаларда топ жаруға тырысып бақтым. Бірақ арасында үшінші орын иеленген жарыстар да болды. Мысалға, Қырғызстанда өткен рейтингтік турнирде қола жүлдегер атандым. Кейін Ресейдің Красноярск қаласында жеңіске жеттім. Ресейде грек-рим күресі жақсы дамыған. Мәселен, финалдық белдесулерде көбіне қарсыластарым ресейліктер болады. Сондықтан көрші мемлекетте ұйымдастырылатын жарыстарды қалдырмаймын. Новосібірде өткен сайыста қола медаль тағындым.

Өз елімізде де түрлі құрлықтық додалар өтеді. Биыл Астанада Азия біріншілігі өтті. Оған қатысып, жүлдегерлер қатарынан көріндім.

– Талай мемлекетте болдың ғой, қай елде күрес түрлері жақсы дамыған. Оған не себеп деп ойлайсың?

– Әлемдегі күрес державаларының көшбасшысы – Иран екені даусыз. Үлкен спортта жүргеніме 13 жылдан асты ғой, әлі күнге дейін ирандықтардың өнеріне таңғалып келемін. Олар жүлдесіз қалған турнир аз. Кем дегенде қола медаль еншілейді. Кейінгі орында Ресей тұр. Оларда күрес академиялары жақсы жұмыс істейді. Грузия мен Түркияның балуандары да осал емес. Мен жаттығып жүрген Германияда 30 шақты күрес клуб бар. Олардың сапында ирандық, түркиялық, ресейлік спортшылар көп. Франция мен Германия елдерінің балуандары да мықты.

– Жуырда аяқталған әскерилер арасындағы әлем біріншілігіне тоқталсаң.

– Әзірбайжанның Баку қаласында өткен додаға дүниежүзінің үздік балуандары қатысты. Мен 55 килограмм салмақта өнер көрсеттім. Финалға дейін Түркия, Грузия, Ресей елдерінің спортшыларымен күрестім. Ақтық сындағы қарсыласым – Иран балуаны болды. Қазақстанның намысын қолдан бермей, жеңіске жеткеніме қуаныштымын.

– Енді көптің көкейінде жүрген сауалды қояйын. Олимпиадаға жолдама алатын мүмкіндігің бар ма?

– Кез келген спортшының арманы – Олимпиада. Менің де мақсатым – Париждегі додаға қатысу. Бірақ оған аттанбас бұрын лицензиялық турнирлерде топ жару керек. Қазір 55 килограмм салмақ дәрежесінде өнер көрсетемін. Баршаға мәлім, бұл – олимпиадалық салмақ емес. Сондықтан Германиядан оралған соң бапкерлеріммен бұл мәселені ақылдасамыз. Олимпиадаға қатысу үшін 60 килограмға өтуім қажет.

2024 жылы Олимпиада лицензиясы сарапқа салынатын бірнеше турнир өтеді. Ең алдымен мен ел біріншілігінде топ жаруым қажет. Ол ақпан айында өтеді деп жоспарланған. Ал наурызда Қырғызстанның астанасы Бішкек қаласында тағы бір лицензиялық турнир ұйымдастырылады. Сол сындарда бағымды сынап көремін.

– Сұхбатыңа рақмет! Жеңісті күндер көп болғай!

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp