«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҚҚУҒА АСПАНДАҒЫ ӘНІН ҚОСҚАН Ақан сері ауылының болашағы бұлыңғыр

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Биыл Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы “заманының сұңқары, қызыл тілдің ділмары, жігіттің құлпы жібегі, сөздің ағытылған тиегі” деп бағасын берген даңқты ақын, сырлы сазгер Ақан сері Қорамсаұлының дүниеге келгеніне 180 жыл толды. Серінің дүниеге келгеніне екі ғасырға жуық уақыт өтсе де, ел оның басынан өткен оқи­ғаларды, әндерінің тарихын ертегі­дей қылып айтады. Сірә, ақын тұлға­сы көзі тірісінде-ақ түрлі әңгімелердің кейіпкеріне, аңыз бейнеге айналса керек.

Иә, уақыт өткен сайын әнсүйер қауымның Ақан шығармашылығына деген қызығушылығы артып келеді. Бүгінде дәстүрлі ән дегенде көз ал­дымызға алдымен көшпелі өмірдің бар сән-салтанатын бойына жиған даңқты бабамыздың бейнесі елес­тейді. Оның осы бейнесін кейінгі буынға танытуда биылғы мерейтой да себеп болып отыр. Ақынның 180 жылдығына орай жыл басынан бері өңірімізде бірқатар мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды. Серінің есімін иеленген облыстық филармо­нияның өнер ұжымы “Арқаның ар­дагері Ақан сері” атты концерт өт­кізді. Кейін дарынның өзі туған ау­данда жер-жердің жүйріктері қатыс­қан “Құлагер шабыт – сері Ақан” атты республикалық айтыс өтті. Айтыс өткен күннің ертеңіне ақынның туған жерінде дүбірлі той болып, балуан күресіп, тұлпар жарысып, мерейтой­дың көркі қызды. Атаулы күнге орай өңірдегі кітапхана, мәдениет ордала­ры, оқу орындарында да ірілі-ұсақты іс-шаралар бірінен кейін бірі ұйым­дастырылуда. Серінің 180 жылды­ғын атап өту өзге өңірлерде де жал­ғасын тауып, түрлі байқаулар, айтыстар мен ән кештері жұртшылықтың жүрегін жылытты. Жергілікті өнер жанашырлары облыс орталы­ғында Ақан сері Қорамсаұлының 180 жылдығына арналған екінші республикалық дәстүрлі әншілер байқауын өткізді. Аталған байқау алғаш рет осыдан 5 жыл бұрынғы мерейтой аясында ұйымдастырылған екен. Іле облыстық филармонияға ақынның есімі берілгені есімізде. Игі бастаманың ұмыт қалмай араға 5 жыл салып қайта қолдау тауып жатқаны көңіл қуантады.

Елімізде облыстық филармония­дан тыс даңқты ақынның есімін иеленген нысандар аз емес. Асыл тұл­ғаның туған жері Айыртау ауданын­дағы Саумалкөл ауылында Мәдениет үйі, Көкшетауда Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжі, Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облыс­тарында ескерткіші бар. Сонымен қа­тар Айыртау ауданында Ақанның атын алған елді мекен барын біреу біл­се, біреу білмейді. Аталған ауыл осыдан 30 жыл бұрын жерлесіміздің 150 жылдық мерейтойына орай бой көтерген. Елді мекенде өз заманына сай соңғы үлгідегі 70 үй салынған. Аталған үйлерге жарық, жылу, су тар­тылып, тұрғындар өркениеттің бар игілігіне қол жеткізген. Одан бөлек мұнда мектеп, Мәдениет үйі және өзге де нысандар бой көтеріп, жұрт­шылықтың пайдалануына берілген. Елді мекеннің дәл осы маңға орналас­ты­рылуы да бекер емес. Ақан сері ауылы ежелден өлең-жырға бесік болған, даңқты бабамыз туып өскен, өмірінің талай қилы оқиғаларын бастан кешкен жерге қоныс теп­кен. Серіге арналған мемориал да, оның бейіті де осы маңда. Түптеп кел­генде аталған елді мекен мен оның маңайындағы тарихи орындар мен ескерткіштердің бәрі біріге келе үл­кен кешенді құрауы тиіс еді. Аталған аймақ Жидебайдағы Абай ақынның өмірінен сыр шертетін, бірнеше нысанның басын қос­қан үлкен кешен сияқты жаңа кейіпке енсе, тұмса табиғатымен танылған Айыртау даласы тарихқа қызығушылар үшін сүйікті орынға айналар еді.

Алайда жанашыр азаматтардың бұл бастамасы аяқсыз қалып, арада бар-жоғы 30 жыл өткеннен кейін атағы аспан­даған, көрген жанның көзін алатын ауыл назардан тыс қалып, тұрмысы ақсай бастады. Тұрғындары жаппай көшіп, оты өшкен ауылдарымыз аз ба? Осы күні де қан­шасының мектебінің есігіне қара құлып салынып, үйлері қараусыз қалып, тұрғындары жол мен судан таршылық көріп отыр. Бірақ мұның бәрі сері ауылының басына түсер жайт­тар емес еді. Керісінше жаңа ауыл өркендеп, береке-бірлігімен өзгелерге үлгі болса игі. Сән-салтанатты өмір сүріп, халқы баладай мәпелеген Ақанның ауылы да мейманасы та­сып, ырысы артып, байыпты тұрмыс кешіп жатса даңқты бабамыздың есі­мі асқақтап, жерлестерінің де жағдайы жақсарар еді. Өкініштісі сол, бүгінде өңірдегі ең жас ауылдардың бірі картадан жойылып кетудің аз-ақ алдында тұр. Бұл мәселе аталған ауданның тумасы, Қазақстанның құр­метті журналисі Кәрібай Мұсырман­ды да алаңдатып отыр.

– Ұлы сазгерге қатысты көптен бері шешімін таппай келе жатқан мә­селе де бар, ол – Ақан сері ауылы­ның тағдыры. 1993 жылы тәуелсіз­діктің елең-алаң шағындағы қиын­дықтарға қарамастан, Ақан сері Қо­рамсаұлының республика деңгейін­де атап өтілген бір жарым ғасырлық мерейтойына орай аталған ауылда заманауи үлгідегі 70 жеке тұрғын үй салынған болатын. Ауыл төріне Ақан серінің ескерткіші қойылған. Өкінішке қарай, арада бірнеше жыл өткенде сәулеті мен дәулеті келіскен ауыл­дың тоз-тозы шықты. Екі қолына бір күрек таппаған тұрғындардың көбі жұмыс іздеп, жан-жаққа көшіп кетті. Бірінен соң бірі ауысып жатқан аудан әкімдерінің ешқайсысы ұлы сазгер ауылын қайта өркендету қа­мын ойлап, пәрменді шара қолдан­ған жоқ, – деп күйінішін білдірген Кәрібай Иманжанұлы қасиетті жерді қайта түлетудің жолы – бос қалған ауылға қандастарымыз бен өзге өңір­лерден қоныс аударушыларды орналастырып, олардың жұмыс істеп, кәсіппен айналысуына жағдай жасау екенін айтады.

Қуанышы ортайып, базары тар­қаған ауылда бүгінде үйлердің көбі қараусыз қалып, күйі қашқан. Мектеп, Мәдениет үйінің де есігі ашылмағанына бірнеше жылдың жүзі болыпты. Алаштан ат оздырып, аспандағы ақ­қуға ән қосқан серінің ауылының осындай күйге түсуі – бүгінгі ұрпаққа сын. Бүгінде халқы көшіп, сәні кеткен дала осыдан бір жарым ғасыр бұрын ән мен жыры тасыған, ойын-тойдың, өлең-сөздің ортасы, қазақ өнерінің астанасы еді ғой… Енді бүгін алты Алаш аруағына бас иген бабамыздың ауылы деп 30 жыл бұрын салынған елді мекеннің жұр­тын көрсетеміз бе?

Аядай ғана ауылдан бөлек осы маңдағы ақынға байланысты өзге ны­сандар да көңіл аударуды қажет етеді. Жұртшылықтың Айыртау жеріндегі еңселі ескерткішті көшіру жөнінде айтып жүргеніне де көп болды. Аталған нысандарға тағзым етушілердің келіп кетуіне жөнді жағдай жасалмаған. Ақан сері мазарына да тиісті назар аударылып, аталған аумақ абаттандырылмаған. Ән өнерін жаңа деңгейге көтеріп, ұлтымыздың мақтанышына айналған дарын иесі­нің мәңгілік байыз тапқан жерін бақсының моласындай иен далада ескерусіз қалдыру елдің намысына тиеді-ақ. Кәрібай Мұсырманның сөзінше, ақын басына мазар тұрғызып, оған күтім жасау мәселесі Тәуелсіздік алмай тұрып көтерілген екен.

– Өткен ғасырдың сексенінші жыл­дарының аяғында аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Болат Көшімбаев Ақан сері қабірінің басына мазар тұрғызу мәселесін көтерген болатын. Осы мақ­сатпен ол Алматыға барып, Ақан сері мазарын қаржыландыру мәселесін шешуге тырысқан. Мәселені тек адамдардың ерікті қайырымдылығы есебінен шешуге рұқсат етілген. Осы­ған орай Болат Көшімбаев бастама­шыл топ құрып, оны басқаруды “Карасев” кеңшарының директоры Жақсыбай Төрегелдинге тапсырған. Ау­дандық атқару комитеті төрағасының міндетін атқарушы Болат Рахи­мов жауапкершілікті өз мойнына алып, мазар құрылысын бастай бе­руге рұқсат берген. Ал Жақсыбай Тө­регелдин мазар жобасын әзірлеуді тездету үшін өзінің қорасындағы сиы­рын сатып, түскен ақшаны сәулетші жалдауға жұмсады. Кейін айыртау­лық азаматтар қаражат жинап, ұлы сазгер зиратын көтеруге үлес қосты. Сөйтіп мазар құрылысы 1988-ші жылы басталып, 1990-шы жылы аяқталған, – дейді Кәрібай Мұсыр­ман.

Әр жылдары ақынның басына белгілі қаламгерлер, өнер адамдары келіп, жасырын зиярат еткен деседі. Мазарға арнайы келіп, Ақан рухына тағзым етушілер қазір де бар. Алай­да мұнда жолаушыларға оңтайлы жағдай жасалмаған.

Бүгінде елімізде 6400-дей елді мекен болса, соның 3,5 мыңына “бо­лашағы жоқ” деген ен салынған. Өңі­ріміздегі көп ауылдың осы тізімнен табылып жатқаны көңілге қаяу сала­ды. Әсіресе қазақтың сөз ұстаған тектілері дүниеге келген ауылдардың жүдеген күйі жүрегіңді ауырта­ды. Бұл бір ғана Ақан сері ауылының басындағы жай емес. Облыстағы көрнекті қаламгерлер, белгілі қайрат­керлер туған ауылдар да осындай жағдайды бастан өткеріп отыр. Кешегі Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Ғабит Мүсірепов, Сәкен Жүнісов сынды алыптарымыз Ақан сері туралы туындылар жазып, зерттеу жүргізіп өз мойындарына жүктелген міндетті абыроймен атқарып кетті. Ал бүгінгі қоғамның мойнында сері атындағы ауылды сақтап қалу міндеті тұрғандай. Осы міндетімізге енжарлық танытып, келер ұрпақтың алдында айыпты болып қалмайық.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp