«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Фарида, Фаридажан, Фарида қыз!

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақтың мұзбалақ ақыны Мұқағали Мақатаев көзі тірісінде халқымыздың аяулы қызы Фаризаны жырға қосса, бүгінгі күні Қызылжар жұртшылығы Фаридасын дәл солай жоқтауда. Иә, ол мына өмірден мәңгілік мекеніне аттанған күні табиғат та бізбен бірге жылады, ақ аспан төрінен шелектеп жаңбыр жауғаны сөзімнің дәлелі емес пе?! Қара жердің қойнына тапсырған сәтте де күннің қабағы бір ашылмады. Фарида Мұқатайқызы өлімге қиятын жан емес еді. Амал нешік, қатал тағдыр адамды аямайды ғой. Маңдайына небәрі елу бір жыл ғұмыр бұйырған бұрынғы әріптесім, асыл досым туралы қимастықпен қалам тербеу жүректі сыздатады, көңілді босатады. Жанарымыз жасқа малшынып, амалсыз өткен күндерді еске аламыз.

Фаридамен таныстығымыз Мағ­жан ақын іргесін қалаған қасиетті қарашаңырақта басталған еді. 2003 жылдың 29 маусымы күні теріскей­дегі барша қазаққа қадірлі “Soltüstık Qazaqztan” газетінің табалдырығын имене аттадым. Басылымның бұ­рынғы директоры, елімізге танымал журналист, жазушы Жарасбай Сүлейменов “Дүйсенбі сағат тоғыздан кешікпей кел, жұмысқа қабылдаймын” дегеннен кейін асыға жеткен бетім. Жұмыс уақытының басталуына әлі жарты сағаттай бар. Менен бұ­рын келген талдырмаш, сары қызды ең алғаш көргенде қазаққа ұқсата алмадым. Бірақ танысып, сөйлесе келе қаны да, жаны да қазақ екенін түсіндім.

2003 жылы газетке қаншама жас қызметке қабылданды. Ұжым жазу­ға икемі бар және компьютерге жетік ұл-қыздармен толықты. Жарасбай Қабдоллаұлы басылымды жаңа биікке көтеру үшін аянбады. Жауапты сәтте негізінен жастарға сенім артылды, әсіресе Фарида екеуімізге көп жұмыс жүктелді. Фарида еш қиналмастан берілген тапсырманы ұршықша үйіріп әкететін. Оқырман­дарды баурайтын жаңа айдарлар көбейді. “Тікелей байланыс”, “Сіз қайда жүрсіз?”, “Боямасыз өмір” айдарларымен жазылған мақалалар Фариданың қаламының ұшқыр ек­енін аңғартты. Жастарға арналған “Ақ семсер”, қыз-келіншектерге ар­налған “Шырайлым”, мұғалімдер үшін “Тағылым” қосымшаларында ардақты әріптесімнің сырлы сұхбат­тары, сүбелі мақалалары, әсерлі әң­гімелері үзбей жарияланып тұрды. Кейбір көзі қарақты оқырмандары­мыздың жас тілшілер не жазды екен деп іздеп отыратындарын естіп, марқайып қалатынбыз. Мақтау сөз, әрине, бізді қанаттандыра түсті.

Аптаның алғашқы күні лездемемен басталады. Газетке шолу жа­салады, сол жиындарда Фарида Мұқатайқызының мақалалары аға журналистердің аузына жиі ілігетін. Жан-жақтан мақтап жатса да Фарида бірқалыпты мінезінен, ұстамдылығынан айнымайтын.

Екеуіміз редакция табалдыры­ғын иемене аттаған сәтте есімі жұрт­шылыққа мәлім Тоқтар Зікірин, Жоламан Шаханов, Құрман Рама­занов ағаларымыз жылы қабақпен қарсы алды. Олар бізді өз қарындастарындай еркелетті, маңдайымыздан сипап, ақ баталарын беріп, әрдайым жанашырлық танытты. Кейін Амандық Жантеміров ағамыздың қол­дауын көрдік. Осы есімдері аталған қамқор ағаларымыз да келместің ке­месіне мініп, о дүниелік болды. Қай­ран, күндер-ай!

Фарида Есіл ауданындағы Ақтас ауылының тумасы еді. Газетке келгеннен кейін туған жерден түлеп ұшқан танымал тұлғалар жайлы да қалам тербеді. Жетімдер үйінен жүзден астам ұл-қызды асырап алған жерлесіміз, батыр ана Тұяқ Қазкенқызы туралы көлемді мақала жазды. Сол материалды бәріміз сүй­сіне оқығанымыз әлі күнге есімде. Ол уақытта бүгінгідей әлеуметтік желі жоқ, шетте жүрген батыр ананың игі ісінен оқырмандар бейхабар болатын. Тумай жатып тағ­дыр теперішіне тап болған балақай­лардың қуат-қорғаны – Тұяқ апаның ерлігін жұртшылыққа жеткізуді Фа­рида Мұқатайқызы журналистік па­рызы санағаны анық. Кейін “Ауыл­дың қара жолын асфальтқа айырбастамаймын” деген мақаласында бел жазбай еңбек еткен Майра Тәттібаева жайлы қалам тербеді. Осы­лайша еңбегі елеусіз қалған ауыл адамының төбесін көкке жеткізгендей болды. “Тікелей байла­ныс” айдарына шақырған кейіпкерлерді Фарида көпшілікке жаңа қырынан танытты. Олардың өмірінің айшықты, еңбегінің елеулі сәттерін сүбелі сөзбен өріп, қаншама азаматтың оқырмандар алдында абы­рой-беделін өсірді.

Фарида бауырмал еді, ағалары мен апаларына қолғабыс етті, тіпті олардың балалары үшін де шыр-пыр боп жүретін. Жазғы демалыстардың бірінде анасын Татарстандағы туыстарына, яғни нағашыла­рына апарып келгенін білем. Анасының бауырларына барып, мауқын басқанын жүзі бал-бұл жанып әңгі­мелеген еді. Ол ата-ана алдындағы перзенттік парызына адал болды. Демалыс күндері алып-ұшып ауылға кететін. Ет жақындарынан да қо­лынан келген көмегін аямады.

Ардақты әріптесім газетте жұмыс істеп жүрген жерінен облыстық тілдерді дамыту басқармасына ша­қырту алды. Мемлекеттік қызметте де әдеттегідей абыройын кірлетпеді. Ана тіліміздің дамуына теңізге тамған тамшыдай болса да шырылдап жүріп үлесін қосты. Қала көшелеріндегі жарнамалардың қатесін түзетуге бір кісідей күш салды. Істейтін ісі әлі де көп еді.

Мына өмірде күйбең тірлік бас көтертпейтін болғалы қашан.  Адам­дар бірін-бірі іздеуден қалды, кейде амандық сұрап, қал-жағдай білісуге де уақыт таппаймыз. Сөйтіп жүріп, жақын адамдарымыздан ай­рылып қалғанда етегіміз жасқа тол­ғанша жылаймыз, өкінеміз. Бірақ өл­ген адам қайтып келуші ме еді?! Фариданың да ауырып қалғанын кеш естідік. Соңғы сөйлескенде жамбас сүйегі сырқырап, жанын қоярға жер таппай жүргеніне шағымданған еді. Невропотологқа барып, ем алып жүргенін айтты. Оған дейін дәрігер­лер қателесіп, пневмонияны бронхит деп емдегенін, бірақ қиындықтар артта қалғанын да әңгімелеген. Сырқаты асқынып кетеді деген ой үш ұйықтасақ та түсімізге кірмепті.

Аяулы досым Фарида, Фаридажан, Фарида қыздың мәңгілік мекеніне аттанғанына да, міне, қырық күн толды. Оны ұмытпаймыз, дұғамызға қосамыз, жаның жұмақтың төрінде шалқысын деп тілейміз! 

Айгүл ЫСҚАҚОВА.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp