С.М. Киров атындағы зауыттың құрылғанына — 95 жыл
Петропавлдағы “С.М.Киров атындағы зауыт” акционерлік қоғамының құрылғанына биыл 95 жыл. Айтулы күнге орай Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында салтанатты шара ұйымдастырылды. Бұл күні зауыттың ардагерлері, еңбек озаттары марапатқа ие болды.
“С.М. Киров атындағы зауыт” акционерлік қоғамында қазіргі уақытта 500-ге жуық адам еңбек етеді. Олардың қатарында инженерлер, операторлар, техниктер және басқа да көптеген мамандар бар. Тарихы сонау 1928 жылдан басталатын стратегиялық маңызды зауыт Мәскеуде құрылып, 1941 жылы екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда Петропавл қаласына көшіріледі. Осылайша 1942 жылы алғашқы өнімдерін майданға аттандырады. Зауыт кеңес әскерін түрлі радиоқұрылғылармен қамтамасыз етіп отырды. Бүгінде өндіріс орны заман талабына бейімделіп, арнайы байланыс құралдарын, цифрлық теледидарларды, темір жол автоматикасын, телемеханика мен қауіпсіздік жүйелерін шығарады.
“Жылдың соңына дейін 13,2 млрд. теңгенің өнімін шығарып, тапсырыс берушілерге жеткіземіз. Біздің өнімімізді Қорғаныс министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және “ҚазМұнайГаз” компаниялары қолданады”, – дейді кәсіпорын директорының бірінші орынбасары Дидар Тасыбек.
Мерекелік іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Рүстем Құрманов қатысып, кәсіпорын ұжымын облыс әкімінің атынан құттықтады.
“Киров атындағы зауыт – машина жасау саласындағы өзіндік орны бар кәсіпорындардың бірі. Өндіріс орнында жасалған техника нарықта сұранысқа ие. Ел экономикасының дамуына сіздердің қосқан үлестеріңіз зор. Сондықтан облыс басшылығы атынан зауыт ұжымы мен ардагерлерін құттықтаймын. Бір ғасырға жуық тарихы бар кәсіпорынның ең басты капиталы – адамдары. Жұмысшылардың арқасында кәсіпорын үлкен жетістіктерге жетіп, технологиялық тұрғыда дамып келеді”, – деді өңір басшысының орынбасары.
Кәсіпорынның бір топ маманы облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапатталды. Кәсіпорын басшылығы талай жыл өндіріс орнында еңбек етіп, зауыттың дамуына үлес қосқан ардагерлерге құрмет көрсетті.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.