Петропавлдағы жатақханалардың бірінде тұратын әйел есірткі саудасымен айналысты деген күдікке ілікті. Келіншектің төртінші сыныпта оқитын қызы бар екен.
Полицияға бұл жағдайды жатақхана тұрғындары хабарлаған. Облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері ақпаратты тексеріп, 47 жастағы қала тұрғынын ұстады. Оның бөлмесінен “тұз” деген атаумен белгілі “α-PvP” есірткісінің төрт түйіншегі тәркіленді. Аталған факті Қылмыстық кодекстің 297-бабы (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Ол 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Күдікті қамауға алынды. Қыз бала әжесіне берілді.
Әсет ҚАНАФИН.