Жергілікті кәсіпкерлердің іскерлігінің арқасында соңғы жылдары ауылдар көркейіп келеді. Биыл Щучье елді мекенінде қараусыз қалған мектеп ғимаратының орнына 100 млн. теңгеден астам қаржыға мәдени-демалыс орталығы салынды. Спорт, банкет залы, асхана, демалыс орны, монша ашылды. Орталықта тұрғындарға қажеттінің барлығы бар. Тіпті, дүкен, шаштаразға дейін ойластырылған. Кәсіпкердің сөзінше, ғимараттың екінші бөлігінде фельдшерлік-акушерлік пункт және балалардың демалыс орны болады.
“Былтыр ғимараттың оң жақ бөлігінде құрылыс жұмыстары толығымен аяқталды. Спорт залда мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылып, волейбол матчтары өтеді. Тұрғындар аптасына үш рет келіп, спортпен шұғылданады. Негізі жұмыстар 2019 жылы басталған. Қазір орталық 60 пайызға дайын”, – дейді “Белое Агро” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басқарушысы Алексей Левин.
Серіктестік 2014 жылы құрылған. Онда қазір елуге тарта маман жұмыс істейді. Орташа еңбекақы – 120-150 мың теңге. Шаруашылыққа Щучье ауылының 150 тұрғыны жерлерін сеніп тапсырған. 1 пай үшін 600 килограмм астық беріледі. Тұрғындардың айтуынша, пайды ақшалай да, астықпен де алуға болады. Бұдан басқа кәсіпкер көшелерді жарықтандырған, қытымыр қыста жолды қар алса, тазалап отырады. Кезінде елді мекеннен көшіп кеткен тұрғындар ауылға қайта оралған.
Биыл серіктестік жұмысшыларына арнап 2 баспана тұрғызды. Құрылыс жұмыстарына 40 млн. теңгеден астам қаржы жұмсалды. Тағы 3 баспананың іргетасы қаланған. Келер жылы тағы да жаңа тұрғын үйлер бой көтермек.
“Ауылдық округте біраз өзгеріс бар. Биыл Белое ауылына су құбырын тарттық. Алдағы жылы Щучье ауылына да су тартылып, тіршілік нәрі үйлерге дейін жеткізілетін болады”, – дейді Белое ауылдық округінің әкімі Әділхан Разиев.
Ал Становое ауылдық округіндегі “СТАН” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 1999 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Шаруашылық пайдаланып отырған алқаптың 76 пайызы пайшыларға тиесілі. Тұрғындар әр гектар үшін 90 килограмм астық алады. Жылда желтоқсан айына дейін шаруа қожалығы тұрғындармен есеп айырысады. Жалпы шаруа қожалығындағы орташа еңбекақы – 255 мың теңге. Ал механизаторлар қолдарына 320 мың теңге алады.
“Менің мұнда жұмыс істеп жатқаныма екі жыл болды. Еңбекақымызды да, пайымызды да уақытылы аламыз. Ауылда жақсы өмір сүруге бар жағдай жасалған”, – дейді шаруашылықтың жұмысшысы Светлана Гапонова.
Жергілікті кәсіпкер ауылды көркейтуге барынша көмек көрсетіп отыр. Мәдениет үйін қажетті керек-жарақпен қамтамасыз еткен. Өнерпаздарға мерекелік костюмдер тіккізіп, көлік мәселесін де шешіп берген.
“Мерекелерді өткізуге, байқаулар ұйымдастыруға шаруашылық жақсы көмектеседі. Жалпы мерекелік іс-шаралардың өз деңгейінде өтуіне үнемі қаражат бөліп тұрады. Жолды да қардан тұрақты түрде тазалады, сондықтан бізде айтарлықтай мәселе жоқ”, – дейді Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Валентина Яфарова.
Елді мекендегі мектеп жартылай биоотынмен жылыту жүйесіне көшкен. Серіктестік қазандықты Польшадан арнайы әкеліп орнатыпты. Енді көмір және ағашпен бірге сабан да отын ретінде қолданылады. Жақында шаруашылық тағы бір жобаны қолға алды. Ескі сауда орталығы ғимаратын мәдени-демалыс орталығына айналдырмақ. Құрылыс жұмыстары әлі жүріп жатыр. Нысан қолданысқа келер жылдың желтоқсан айында берілмек.
“Біздің ауылдық округке 3 елді мекен кіреді. Олар: Афонькино, Украинка және Орел. Мен осында 4 жыл қызмет еттім. Су мұнарасы жұмыс істейді. 2021 жылы тұрғындардың үйіне су кіргіздік. Сондай-ақ, барлық көше жарықтандырылды. Кәсіпкерлер ауылды дамытуға өз үлестерін қосып жатыр”, – дейді Становое ауылдық округінің әкімі Анжелика Осикова.
Биыл серіктестік ескі техниканың бәрін жаңартқан. Сондай-ақ, машина-трактор шеберханасы мен шаруашылықтағы 8 қойма күрделі жөндеуден өтіпті.
“Стан” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Қанат Бекеновтің айтуынша, биылғы жыл шаруалар үшін ауа райына байланысты қиын болды. Орта есеппен бидай мен арпаның әр гектарынан 12 центнерден өнім алды.
2008 жылы алғашқы болып ауылына су кіргізген кәсіпкерлердің бірі Токаревка ауылында тұрады. Қазір бұл елді мекен тұрғындары ауызсумен толықтай қамтамасыз етілген. “Хуландой” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Небиюла Сағындықовтың айтуынша, шаруашылықта 21 адам жұмыс істейді. Орташа еңбекақы – 180 мың теңге. Ал егін шаруашылығында 15 адам еңбек етеді. Олардың алатын еңбекақысы – 282 мың теңге. Сыйақы да беріліп тұрады. Биыл шаруашылық жаңа мәдени-демалыс орталығының құрылысын аяқтады. Қазір онда асхана, медпункт және үлкен зал бар. Медицина орталығында тұрғындарға тегін қызмет көрсетіледі. 4 жыл бұрын басталған құрылыс жұмысына 10 млн. теңгеге жуық қаражат жұмсалған.
“Ауыл шағын. 30 үй бар. Токаревка ауылын дамытуға “Хуландой” серіктестігі зор үлес қосып отыр. Келесі жылы ауылішілік жолдарды жөндеуді жоспарлаудамыз. Сондай-ақ, көшелерді жарықтандыру қолға алынады”, – дейді Новомихайловка ауылдық округінің әкімі Рамиль Батырбаев.
Ауылда пайға қатысты ешқандай мәселе жоқ. Серіктестіктегі жарна алушылар саны – 150. Бір пайға 950 килограмм бидай беріледі. Бүгінде Токаревка ауылында 100-ге жуық тұрғын бар. Халықтың басым бөлігі шаруашылықта еңбек етеді.
Айнұр ДОСАН.