«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҰМЫСЫ БАРДЫҢ ТҰРМЫСЫ ТҮЗУ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жергілікті кәсіпкерлердің іскерлігінің арқасында соңғы жылдары ауылдар көркейіп келеді. Биыл Щучье елді мекенінде қараусыз қалған мектеп ғимаратының орнына 100 млн. теңгеден астам қаржыға мәдени-демалыс орталығы салынды. Спорт, банкет залы, асхана, демалыс орны, монша ашылды. Орталықта тұрғындарға қажеттінің барлығы бар. Тіпті, дүкен, шашта­разға дейін ойластырылған. Кәсіпкердің сөзінше, ғимараттың екінші бөлігінде фельдшерлік-акушерлік пункт және балалардың демалыс орны болады.

“Былтыр ғимараттың оң жақ бөлі­гінде құрылыс жұмыстары толығы­мен аяқталды. Спорт залда мере­ке­лік іс-шаралар ұйымдастырылып, во­лейбол матчтары өтеді. Тұрғындар ап­тасына үш рет келіп, спортпен шұ­ғылданады. Негізі жұмыстар 2019 жылы басталған. Қазір орталық 60 пайызға дайын”, – дейді “Белое Агро” жауапкершілігі шектеулі серік­тесті­гі­нің басқарушысы Алексей Левин.

Серіктестік 2014 жылы құрыл­ған. Онда қазір елуге тарта маман жұмыс істейді. Орташа еңбекақы – 120-150 мың теңге. Шаруашылыққа Щучье ауы­лының 150 тұрғыны жерлерін сеніп тапсырған. 1 пай үшін 600 килограмм астық бері­леді. Тұр­ғын­дардың айтуынша, пайды ақша­лай да, астықпен де алуға болады. Бұдан басқа кәсіпкер көшелерді жа­рықтандырған, қытымыр қыста жолды қар алса, тазалап отырады. Кезінде елді мекеннен көшіп кеткен тұр­ғындар ауылға қайта оралған.

Биыл серіктестік жұмысшылары­на арнап 2 баспана тұрғызды. Құ­рылыс жұмыстарына 40 млн. теңгеден астам қаржы жұмсалды. Тағы 3 баспананың іргетасы қаланған. Ке­лер жылы тағы да жаңа тұрғын үйлер бой көтермек.

“Ауылдық округте біраз өзгеріс бар. Биыл Белое ауылына су құбырын тарттық. Алдағы жылы Щучье ауылына да су тартылып, тіршілік нәрі үйлерге дейін жеткізілетін бола­ды”, – дейді Белое ауылдық округінің әкімі Әділхан Разиев.

Ал Становое ауылдық округінде­гі “СТАН” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 1999 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Шаруашылық пайдала­нып отырған алқаптың 76 пайызы пайшыларға тиесілі. Тұрғындар әр гектар үшін 90 килограмм астық алады. Жылда желтоқсан айына дейін шаруа қожалығы тұрғындармен есеп айырысады. Жалпы шаруа қожа­лы­ғындағы орташа еңбекақы – 255 мың теңге. Ал механизаторлар қолдары­на 320 мың теңге алады.

“Менің мұнда жұмыс істеп жатқа­ныма екі жыл болды. Еңбекақы­мызды да, пайымызды да уақытылы аламыз. Ауылда жақсы өмір сүруге бар жағдай жасалған”, – дейді шаруашылықтың жұмысшысы Светлана Гапонова.

Жергілікті кәсіпкер ауылды көркей­туге барынша көмек көрсетіп отыр. Мәдениет үйін қажетті керек-жарақпен қамтамасыз еткен. Өнерпаздарға мерекелік кос­тюмдер тіккізіп, көлік мәселесін де шешіп берген.

“Мерекелерді өткізуге, байқау­лар ұйымдастыруға шаруашылық жақсы көмектеседі. Жалпы мереке­лік іс-шаралардың өз деңгейінде өтуі­не үнемі қаражат бөліп тұрады. Жолды да қардан тұрақты түрде та­за­лады, сондықтан бізде ай­тарлықтай мәселе жоқ”, – дейді Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Валентина Яфарова.

Елді мекендегі мектеп жартылай биоотынмен жылыту жүйесіне көш­кен. Серіктестік қазандықты Поль­шадан арнайы әкеліп орнатыпты. Енді көмір және ағашпен бірге сабан да отын ретінде қолданылады. Жа­қын­да шаруашылық тағы бір жоба­ны қолға алды. Ескі сауда орталығы ғи­маратын мәдени-демалыс орта­лы­­ғы­­на айналдырмақ. Құрылыс жұмыс­та­­ры әлі жүріп жатыр. Нысан қол­данысқа келер жылдың желтоқ­сан айында берілмек.

“Біздің ауылдық округке 3 елді ме­кен кіреді. Олар: Афонькино, Украинка және Орел. Мен осында 4 жыл қызмет еттім. Су мұнарасы жұ­мыс істейді. 2021 жылы тұрғындар­дың үйіне су кіргіздік. Сондай-ақ, бар­лық көше жарықтандырылды. Кә­сіпкерлер ауылды дамытуға өз үлестерін қосып жатыр”, – дейді Стано­вое ауылдық округінің әкімі Анжелика Осикова.

Биыл серіктестік ескі техника­ның бәрін жаңартқан. Сондай-ақ, маши­на-трактор шеберханасы мен ша­руашылықтағы 8 қойма күрделі жөндеуден өтіпті.

“Стан” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Қанат Бекеновтің айтуынша, биылғы жыл шаруалар үшін ауа райына байланысты қиын болды. Орта есеппен бидай мен арпаның әр гектарынан 12 центнерден өнім алды.

2008 жылы алғашқы болып ауы­лына су кіргізген кәсіпкерлердің бірі Токаревка ауылында тұрады. Қазір бұл елді мекен тұрғындары ауызсумен толықтай қамтамасыз етілген. “Хуландой” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Небиюла Сағындықовтың айтуынша, шаруашы­лық­та 21 адам жұмыс істейді. Орташа еңбекақы – 180 мың теңге. Ал егін шаруашылығында 15 адам еңбек етеді. Олардың алатын еңбекақысы – 282 мың теңге. Сыйақы да беріліп тұрады. Биыл шаруашы­лық жаңа мәдени-демалыс орталы­ғы­­ның құрылысын аяқтады. Қазір онда асхана, медпункт және үлкен зал бар. Медицина орталығында тұрғындарға тегін қызмет көрсеті­леді. 4 жыл бұрын басталған құры­лыс жұ­мысына 10 млн. теңгеге жуық қара­жат жұмсалған.

“Ауыл шағын. 30 үй бар. Токаревка ауылын дамытуға “Хуландой” серіктестігі зор үлес қосып отыр. Келесі жылы ауылішілік жолдарды жөн­деуді жоспарлаудамыз. Сондай-ақ, көшелерді жарықтандыру қолға алы­нады”, – дейді Новомихайловка ауылдық округінің әкімі Рамиль Ба­тырбаев.

Ауылда пайға қатысты ешқандай мәселе жоқ. Серіктестіктегі жарна алушылар саны – 150. Бір пайға 950 килограмм бидай беріледі. Бүгінде Токаревка ауылында 100-ге жуық тұрғын бар. Халықтың басым бөлігі шаруашылықта еңбек етеді.

Айнұр ДОСАН.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp