Аққайың ауданының орталығы – Смирново ауылында екі қабатты үйде газ баллоны жарылып, бір адам мерт болды. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов оқиға орнына жедел жетіп, мәнжайды біліп, тиісті тапсырмалар берді.
“Өкінішке қарай, өрт бір адамның өмірін қиды. Отбасы мен жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Зардап шеккен отбасыға барлық қажетті көмек көрсетіледі.
Қала және аудандар әкімдерімен шұғыл түрде селекторлық кеңес өткізіп, өрт қауіпсіздігінің барлық ережелерін сақтау мен алдын алудың маңыздылығын тағы бір мәрте атап өттім. Сондай-ақ тұрғын үйлер мен нысандарда газ баллондарының бар-жоғын тексеріп, тұрғындармен жүйелі түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, келесі жылы аудандық көпқабатты үйлерді орталықтандырылған жылу жүйесіне қосуды жоспарлауды тапсырдым”, – деді Ғауез Торсанұлы.
8 желтоқсан күні 14 сағат 50 минутта аудандық өрт сөндіру бөлімінің байланыс пунктіне Титов көшесінде орналасқан екі қабатты үйлердің бірінде газ баллонының жарылғаны жайлы хабар түскен. Оқыс оқиға салдарынан 12 жастағы қыз бала қайтыс болған. 9 адам қауіпсіз жерлерге шығарылған. Қызыл жалынды ауыздықтауға 4 техника мен құрамында 15 адам бар арнайы топ жұмылдырылған. Жарылыстың салдарынан 60 шаршы метр аумаққа залал келген.
Ауыр дене жарақатын алған 22 жастағы ер адам облыс орталығындағы көпбейінді ауруханаға жеткізілді. Оның денесінің 60 пайызын күйік шалған. Жағдайы аса ауыр деп бағаланып отыр.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.