«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТОҚСАН АУЛА АБАТТАНДЫРЫЛАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті баспасөз мәслихатында қала әкімі Серік Мұхамедиев облыс орталығының әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысын баяндады. Сонымен қатар болашақта жүзеге асырылар жоспарлармен таныстырып, тұрғындар тарапынан және бұқаралық ақпарат құралдарында жиі көтерілетін мәселелерге тоқталды. 

Үстіміздегі жылы облыс орталығында ауқымды жұмыстар жүргізілді.  Биыл қалалық бюджет көлемі 82,8 млрд. теңгені құрады. Салықтар және басқа да міндетті төлемдер түрінде 62,2 млрд. теңге түсті. Облыстық бюджетке – 31,8 млрд. теңге, қалалық бюджетке – 30,4 млрд. теңге түсім қамтамасыз етілді. Өткен жылмен салыстырғанда қалалық бюджетке 13,8 млрд. теңге артық түскен.

Сонымен қатар 10 айдың қорытындысы бойынша, барлық әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша өсім бар. Оның ішінде өнеркәсіп өндірісінің көлемі 349,3 млрд. теңгені құраған. Негізгі үлес өңдеу өнеркәсібіне тиесілі.  Оның көлемі – 289,2 млрд.теңге. Машина жасау саласында 138,4 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Сондай-ақ тамақ өнімдерін өндіруде де біршама ілгерілеу байқалады.

Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі – 131,8 млрд. теңге. Негізгі үлес жеке инвестицияларға тиесілі. Ол 106,4 млрд. теңгені немесе жалпы көлемнің 80,7 пайызын құрайды.

Брифингте қаланы абаттандыру жұмыстары да айтылды. Қазіргі кезде облыс орталығында 593 аула бар. Оларды абаттандыру бойынша жұмыстар бірнеше жыл бойы жалғасып келеді. Ендігі жылы Петропавлда 90 ауланы жөндеу жоспарланған. Биыл 34 балалар және 42 спорт алаңы орнатылыпты. 15 аулаішілік жолға асфальт төселді. Сонымен қатар “Береке” шағынауданында, Пушкин көшесі бойындағы жаңа оқу корпусының маңына, Мещан орманында саябақтар мен демалыс алаңы салынған.

Баспасөз мәслихатында қаланың тозығы жеткен инфрақұрылымын жаңалау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар легі баяндалды. “Петропавл жылу желілері” ЖШС-ға тиесілі жылу желілерінің жалпы ұзындығы – 229,3 км. Оның 70 пайыздан астамы ескірген. Биыл 8,3 км желіге күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізілді. 51 станцияда сорғы жабдығы жөнделді.

Жағдайды жақсарту үшін биыл ТМ-5 және ТМ-15 екі жылу магистралінің құрылысы бойынша жоба қолға алынды. Бұл көппәтерлі үйлерді және қаланың солтүстік бөлігіндегі жеке секторды орталықтандырылған жылуға қосуға мүмкіндік береді. Оған Орман шағынауданы, Борки кенті, әскери академияның салынып жатқан ғимараты және жаңа кәсіпкерлік субъектілері кіреді. Жылу магистральдарының жалпы ұзындығы шамамен 6 шақырымды құрайды.

– Бұдан басқа “Береке” шағынауданында 158 метр жылу желісі ауыстырылды. Ол салынып жатқан жаңа өрт сөндіру депосын жылуға қосуға және қолданыстағы көпқабатты үйлерді жылумен жабдықтау параметрлерін жақсартуға мүмкіндік берді, – деген қала басшысы Серік Мұхамедиев тозығы жеткен жылу желілерін бірден жаңарту мүмкін еместігін, мәселе бір жылда шешілмейтінін тілге тиек етті. Дегенмен қордаланған мәселені жүйелі шешу қалалық әкімдік “Петропавл жылу желілері” ЖШС-мен бірлесіп,  жылу желілерін күрделі және ағымдағы жөндеу бойынша 2024-2029 жылдарға арналған Жол картасын әзірлеген. Кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын бағдарлама аясында  желілердің тозуын 15 пайызға азайту көзделген.

Брифинг барысында қала әкіміне қойылған сұрақтардың басым бөлігі жолдарды жөндеу, қоқыстарды уақытылы шығару, аулаларды абаттандыру, қоғамдық көліктің жай-күйіне қатысты болды. Кездесуде барлық көтерілген сұрақтар бақылауда болатынын айтқан Серік Мұхамедиев қаланы одан әрі көркейтіп, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуда тындырымды істер атқарылатынын  атап өтті.

Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp