«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛ КӨРКЕЙСЕ – ЕЛ ӨРКЕНДЕЙДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа ар­наған Жолдауларында ауылды дамыту мәселесін назардан тыс қалдырған емес. Президент болып қайта сайланғаннан кейінгі алғашқы Жарлығында “Мен ауылдық аумақ­тарды дамыту тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырдым. Бұл – менің жаңа пре­зиденттік өкілеттігім бас­талғаннан кейінгі алғашқы Жарлы­ғым. Келесі жыл ауыл тұрғындары­ның әл-ауқатын арттыруға және тұр­мыс сапасын жақсартуға арналады. Ауылды өркендетудің мүлдем тың тәсілдері керек”, – деп атап көрсет­кен болатын. 2022 жылы 26 қараша­да қабылданған “Қа­зақстан Респуб­ликасының ауылдық аумақтарын да­мытудың 2023-2027 жылдарға ар­нал­ған тұжырымдамасына сәйкес Үкімет осы кезеңді қам­титын бағдарламаны бекітті. Онда ауылдық аумақтардың география­лық ерекшеліктері мен артықшы­лық­та­рын ескере оты­рып, әлеумет­тік-экономикалық әлеуетін аша тү­суге басымдық берілген. Ауыл тұр­ғындарының табысы мен тұрмыс сапасын арттырудың нақты шарала­ры қарастырылған.

“Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы шеңберінде даму әлеуеті жоғары 3,5 мың ауылдық елді мекен жаңғыр­тылып, адамдардың қалыпты еңбек ететін, қолайлы өмір сүретін мекені­не айналмақ. Түпкі мақсат – ауыл­дардың әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымына баса мән беру. Жаңа мектептер мен ме­дициналық нысандар салынады, сапалы ауызсумен үздіксіз жабдық­талады, кең жолақты интернет басқа да әлеуметтік желілер тартылады, жол сапасы жақсарады, халыққа қыз­мет көрсету орындары көптеп тұрғы­зылады деген сөз. Ауыл шаруашы­лығы министрлігі 2023 жылға 52 млрд. теңге бөлінгенін мәлімдеді. Бұл қаражат есебінен 11 мың адамға жеңілдікті несие беру жоспарланған. Қанатқақты жобаның ауқымын ке­ңейту мақсатымен 2024 жылы 12 мың адамға 74,6 млрд. теңге, ал 2025 жылы 76,7 млрд. теңге несие рәсімделмек. Сыйақының мөлшер­ле­месі жылдық 2,5 пайыз, мерзімі 7 жылдан аспайтын кепілмен қамта­ма­сыз етілмек. Не­сиенің ең жоғары сомасы 2,5 мың айлық есептік көрсет­кішке тең бо­лып, шамамен 7,9 млн. теңгені құ­ра­са, ірі кооперация үшін 8 мың айлық есептік көрсет­кішпен 25,4 млн. теңге болмақ. Қа­сым-Жомарт Кемелұлы “Ауыл ама­наты” жобасына қатысты: “Ауылда­ғы тұрмыстың қаладағы сияқ­ты бо­луына күш саламыз. Бүкіл елімізде ауыл шаруашылығы коопе­ративтері құрылады. Ауыл шаруа­шы­лығы са­ласында 350 мыңнан ас­там жаңа жұмыс орны ашылады. Жалпы коо­перативтерді дамыту үшін бюджет­тен 1 триллион теңге­ден астам қаржы жұмсалады”,– де­ген міндет қойған еді. Бұл жобаны қаржыландыру өңдеу, өсімдік, мал шаруашылығын және ауыл шаруа­шылығы кооперати­він жандандыру, бас­қа да бағыттағы бизнесті қолдау сынды бес салада жүргізіледі.

Осылайша тіршілігі тұралап қал­ған ауылдың бойына қайтадан қан жүгіріп, еңбек жұмыс күші жетіс­пей­тін өңірлерге, шекаралық аумақтар­ға да үлкен серпін беріледі деген үміт мол. Олай дейтініміз, жылдан жылға елді мекен тұрғындары азайып барады. Мәселен, 2013 жылы халықтың 60 пайызы ауылдық жерлерде тұрса, 2023 жылы 38,2 пайызға дейін кеміген. Басты себеп – табыстың аз­дығынан, жұмыстың тапшылығынан көшу үрдісінің жыл­дам өсуі. Жүргі­зілген сауалнама нә­ти­жесі көрсет­кендей, еңбекке қабі­летті адамдар­дың 41 пайызы қала­лық жерлерге көшкенді қалайды. Өйткені 200-ден астам елді мекенде медициналық нысан жоқ, 400-ге жуығында апатты жағдайда. Сондық­тан ауыл тұрғындарының мұң-мұқтаждары мен әлеуметтік мә­селелерін шешуге бағытталған ұлт­тық жобаның жүзеге асуына, бірінші кезекте Үкімет пен жергілікті атқа­рушы орындар мүдделі болуға тиіс.

Президент “Әділетті Қазақстан­ның экономикалық бағдары” Жолдауында ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау талабын қойды. Біз “Ауыл ама­наты” бағдарламасының елге аса қажет екенін жете сезініп отырмыз. Алдағы уақытта жеңілдетілген не­сие берумен шектеліп қалмай жеке қосалқы шаруашылық иелерінің өза­ра бірігуіне қажетті жағдайлардың жа­салатыны қуантады. “Ғайса” ЖШС – тарап кеткен кеңшардың ор­нына келген шаруашылық құрылым­дарының бірі. Ағайынды төртеуіміз бастапқыда 100 гектар жерді игеріп, уақыт өте келе егістік көлемін ұлғайт­тық. Негізінен дәнді дақылдар өсірумен шұғылданамыз. Соңғы кез­дері майлы дақылдар да егіледі. Бұ­дан бөлек, мал өсіреміз. Бүгінде көп­теген фермерлер “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ-ның “Кең дала” бағдарламасын кеңінен пайдала­нып жүр. Біз де солардың қатарын­да­мыз. Әсіресе көктем­гі, күзгі дала жұ­мыстары кезінде рәсімделетін несие жеңілдіктері қарастырылған. Әр ау­данда АҚ-ның филиалдары құрыл­ған. Ел бойынша несие беру мөл­шерінің екі есеге дейін ұлғаюы несиелік шарт­тардың тиімділігін және қолжетімді­лігін аңғартса керек. Қа­зақстанда 2002 жылы құрылған кре­диттік серіктестік­тердің саны қазір 208-ге жетіп отыр. Екіжақты қа­ты­сушылардың ортақ жауапкершілігі арқасында тұ­рақты­лықпен қоса өза­ра берік сенім қалыптасқан. Жалпы қарыздардың қайт­арымы 98 пайыз­ды құрайды. Алғашқыда “Дос­тық” КС-тің қызме­тіне жү­гінгендер­дің қата­ры 25 болса, қазір 50-ден асып жығылады. Біз “Аграр­лық несие кор­порациясы” АҚ-ның басқа да бағ­дарламаларына қа­ты­самыз (не­гізгі құралдарды сатып алу, айналым қаражатын толықтыру және тағы бас­қалар). Меніңше, мемлекет тарапы­нан мұндай қолдау көр­сетіл­месе, техника, тұқым, тыңайтқыш, герби­цид сатып алу мүмкін бол­мас еді. Сынақтан өткен бидай тұ­қым­дары аудандастырылған (“Айна”, “Лика­меро”, “Любава-5”). Ас­тық жи­науға заманауи егіс кешен­дері қатысты­рылады. Лизинг бағ­дар­ламалары мен инвестициялық субсидиялар көмегіне де жүгінеміз. Құрғақшылық болғанның өзінде мол өнім алуға мүмкіндігіміз көп.

Жолдауда егін шаруашылы­ғын­да маңызды реформа жасайтын кез келгені айтылды. Шынында да егіс түрлерін көбейтуден, көбірек пайда әкелетін дақылдарды еккеннен, суды көп қажет ететін егіс алқабын біртіндеп азайтып, бір ғана дақыл тү­рін өсіруді шектеуден, жаңа сұрып­тар­ды шығарып, оны өсіру мәселе­сін шешуден ұтарымыз көп. Қазіргі ауыл шаруашылығы жоғары техно­логиялы сала саналатындықтан, ша­руаларды жер жағдайы немесе ауа райы емес, инновациялық амал-тә­­сілдер, заманауи ғылым ғана та­бысқа жеткізеді. Мемлекеттің баға реттеу мәселесіне шектен тыс ара­ласуы да агроөнеркәсіп кешенін өр­кендетуге айтарлықтай кедергі келті­ріп отырғаны жасырын емес. Осы себепті “Азық-түлік келісімшарт кор­по­рациясы” алдына ахуалды тұрақ­тандыру ісінде қазіргіден де маңыз­ды талаптың қойылуы, нарықтағы жекеменшік иелерінің ауыл шаруашы­лығы өнімдерін өндіретін, оны сақтайтын және сататын толыққан­ды желі құруда жәрдемдесу рөлінің арттырылуы өте құптарлық. Есіл ау­данында әртараптандыру нәтиже­сінде соңғы 5 жылда майлы дақылдардың көлемі 26,5 мың гектарға не­месе 61 пайызға, шаруа қожалықта­рының саны 41-ден 76-ға дейін өс­кен. 3 тауарлы-сүт фермасы жұмыс істейді. 2022-2023 жылдары жалпы сомасы 10,2 млрд.теңге болатын 5 жоба пайдалануға берілмек. Қара­ғаш ауылының кіре берісіндегі 20 ша­қырым жол рес­публикалық бюджет есебінен қал­пына келтірілді. Бірақ технология дұ­рыс сақталмаған­дықтан, сапасына сын айтушылар аз емес. Соның сал­дарынан негізгі ауыртпалық шаруа қожалықтарына түсіп жатады. Кем-кетігін бүтіндеуге мәжбүрміз. Бұдан бөлек, су тазарту жүйесі жаңартыл­ды. Сырттан көшіп келген қандаста­рымыз жұмысқа ор­наластырылып, барлық әлеуметтік жағдай жасал­ған. Нәтижесінде ауыл тұрғындары 189-ға дейін көбейіп, негізгі мек­теп­те 38 бала білім алады. Жалпы об­лыста тұрғындардың қата­ры кеміп әрі “қартайып” бара жатқанын, әр бе­сінші тұрғынның зей­неткер екенін ес­керсек, жас отба­сылардың көптен қо­ныс аударуына мүдделіміз. Кадр тапшылығы өзекті болып тұрған кезде мұндай қадам аса маңызды.

Жолдауда Әділетті Қазақстан құру қоғамдық сана, азаматтардың ниетіне тығыз байланысты екені қа­дап айтылды. Ұлттың жаңа сапасын қалыптастырудың жолдары көп. Со­ның бірі – жастардың бойына отан­шыл, білімпаз, еңбекқор қасиеттерді сіңіру. Абайдың “Толық адам” ілімі­нен бастау алатын “Адал азамат” тұ­жырымдамасының түпкі мәні – осы. Бұл орайда ауылымызда үлгі-өнеге алатын тұстар аз емес. Намазхана, шағын футбол алаңы салынды. Мек­тепке күрделі жөндеу жүргізілді. Де­меушілік, қайырымдылық істерге белсене атсалысамыз. 2020 жылы “Жомарт жүрек” сыйлығының жеңім­паздары мен лауреаттарын марапат­тау рәсіміне қатысып, әлеу­меттік және қайырымдылық жобаларды тиімді жүзеге асыруға, маңызды іс-шараларға бас демеуші бол­ғаным үшін “Ерен еріктілік” аталымын жеңіп алдым.

Барша қазақтың алтын бесігі, тұрмыс-тіршілігіміздің қайнар көзі – ауылдарды дамытуға арналған жо­балар мен іс-қимыл жоспарлары бі­ріктіріліп, жүйелі мақсатта орында­латын болса, ажары кіріп, ахуалы оңалары анық.

Біржан ҒАЙСИН,

“Ғайса” ЖШС-ның директоры.

Есіл ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp