Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов “Петропавл жылу желілері” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барып, атқарылып жатқан жұмыс жайымен танысты.
Кәсіпорынның қысқы маусымға дайындығын тексеріп, мамандардан жылыту маусымына дайындықтарын сұрастырды. Әңгіме барысында белгілі болғандай, жылу желілерінің тозуын азайту бойынша жүргізіліп жатқан кешенді шаралар әлі де аздық етеді. Өйткені қолдағы мәліметтерге қарағанда, қаладағы 270 шақырым құбырдың 70 пайыздан астамы тозған. Жыл өткен сайын оның көлемі ұлғая түсуде. Осы себепті техникалық ақаулар шамадан тыс жиі кездеседі. Құбырлардың ауыстырылуы да белгіленген жоспардан әлдеқайда төмен. Күн суытқалы жылу мәселесі тіпті өзекті проблемаға айналып отыр. Өйткені, ескірген құбырлар кез келген уақытта сыр беруі мүмкін. Қалпына келтіруде кезек күттірмейтін қауіпті учаскелер аз емес. №2 жылу электр орталығындағы былтырғы жағдай қайталанбас үшін кәсіпорынның қызметкерлері қыстың көзі қырауда да жөндеу жұмыстарын жалғастыруға мәжбүр. Былтырлары құбырлар жарылып, көлкіген ыстық су маңайға жайылып, көпқабатты үйлердің жертөлелеріне кіргені белгілі.
Биыл облыс орталығында 8,3 шақырым жылу желілері және 51 стансада сорғы қондырғылары жөнделген. 3,8 шақырымға жылу оқшаулау жұмыстары жүргізілген.
Бүгінде № 2 жылу магистралінің құрылысы жүргізілуде, осылайша озық жобаның арқасында бас шаhардың солтүстік бөлігін жылумен қамту жақсара түспек. Бұдан бөлек, тағы бір жылу магистралі құрылысының жобасы әзірленуде.
Қазіргі уақытта “Петропавл жылу желілері” кәсіпорнымен бірлесіп, жылыту жүйесін жаңарту бойынша 2024-2029 жылдарға арналған жол картасы әзірленген. Бұл қадам желілердің тозуын азайтуға мүмкіндік береді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.