Өңірде елік көбейді. Олардың көптігі соншалық, елді мекен көшелеріне де кіре бастаған. Табиғат жанашырлары жануарларды атуға болмайтынын еске салады.
Соңғы күндері әлеуметтік желіде еліктерге қатысты бейнежазбалар көбейді. Біреуінде бұл жануарлар елді мекеннің көшесіне кіріп кетсе, енді бірінде автомобиль жолында жүр. Жол жиегінде жайылған үйір-үйір елік адамдардан үрікпейтін болған.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы жанындағы жануарлар әлемі және балық ресурсы бөлімінің басшысы Михаил Никитиннің айтуынша, өңірде еліктердің көбеюіне байланысты аңшылық шаруашылықтар күшейтілген жұмыс тәртібіне көшкен. Ондағы мақсат – жануарларды қорғау, браконьерлікке жол бермеу.
“Өңірде 47 аңшылық шаруашылық бар. Мұндағы мамандар рейдтердің санын арттырды. Сондай-ақ қазіргі уақытта автомобиль жолдарына арнайы белгілер орнату бойынша әкімшілік полицияға ұсыным әзірлеп жатырмыз. Жол белгілері еліктер жиі жүретін орындарға қойылады”, – дейді Михаил Никитин.
Біздің өңіріміз еліктердің өмір сүруіне қолайлы саналады. Жылдың басында жүргізілген санақ бойынша облыс аумағында 18 мыңға жуық сібір елігі бар. Ал қыста олардың саны артады.
Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Олег Беспаловтың айтуынша, жылдың осы мезгілінде өңірге Ресейдің көрші облыстарынан еліктердің миграциясы басталады. Былтыр еліктер облысқа қараша айынан бастап келе бастаған. Оның бір себебі – қоректік жемшөп және жайлы жер іздеуімен байланысты.
“Былтыр еліктерді заңсыз атуға қатысты 14 дерек тіркелді. Браконьерлердің басым бөлігінің бас бостандығы шектелді. Біреуі келтірген шығынға байланысты 7 жылға түрмеге отырғызылды. Биыл осындай 11 факті анықталды. 4 елік атқан Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның тұрғыны мемлекетке 4,5 млн. теңге шығын келтіргені үшін 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Қызылжар ауданының екі тұрғыны бір елік атып, екі жылға сотталды. Келтірген шығынның орнын да толтырады”, – дейді Олег Беспалов.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.