Тәуелсіздік күні қарсаңында елордада “Amanat” партиясының дәстүрлі “Ұлы дала” республикалық шығармашылық байқауының қорытындысы салтанатты түрде жарияланды. Биыл әдеби дода Алаш ақыны, ұлт қайраткері Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына арналды.
Сөз басында Мәжіліс спикері, “Amanat” партиясының төрағасы Ерлан Қошанов ұлттық мүддеге сай келетін кітаптарды көптеп басып шығару мәселесі әрдайым Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарында екенін және мемлекет, партия тарапынан мәдениетке, әдебиетке қолдан келгенше көмек көрсетіле беретінін атап өтті.
“Әдебиеттегі жас буын үшін “Ұлы дала” байқауы айтулы оқиғаға айналды. Осы маңызды іс-шараны жыл сайын Тәуелсіздік күніне орайластырып өткіземіз. Өйткені ұлт тәуелсіздігінің рухани тірегі – оның тілі мен әдебиеті, мәдениеті. Біз өз тарапымыздан сіздерді қолдауға әрдайым әзірміз”, – деді ол.
Ерлан Қошановтың пікірінше, қазір қоғамдық кеселге айналған есірткі, лудоманияның белең алуы “Рухани қалқанның” болмауынан. Сондықтан оқырманға осы заманның болмысын бейнелейтін тың туындылар, образдар мен жаңа кейіпкерлер керек. Төраға кітапсүйер қауым жаңа толқын қаламгерлерден салмақты, мағыналы дүниелер күтіп отырғанын айтты.
“Біз кітаппен өмір сүрдік. Әдебиет бізге моральдық, рухани қалқан болды. Ал рухани қалқан дегеніміз не? Ол – жастарды, өскелең ұрпақты дұрыс жолға бағыттап, бұрыс жолдан сақтайтын құндылықтарымыз. Бұрын қоғамды кітап тәрбиелесе, қазір интернет пен көше тәрбиелеп жатыр. Мұның жолы – жас ұрпақты отаншылдыққа, ізгілікке, адамгершілікке тәрбиелеу. Ал ол құндылықтардың бәрі – кітапта, әдебиетте. Бұл туралы Мемлекет басшысы да әрдайым айтып келеді”, – деді партия төрағасы.
Аталған байқау осымен төртінші рет өткізіліп отыр. Биыл әдеби доданың облыстық іріктеуі ұйымдастырылып, байқауға бас-аяғы 300-ден астам шығарма келіп түсті. Оның 170-і шешуші кезеңге жолдама алды.
“Ұлы дала” байқауына “Әдеби сын” аталымын енгізу үлкен жаңалық болды. Жалпы әдеби сын болмайынша, әдебиет дамымайды. Байқауға бір емес, бірнеше материал келіп түсті. Оның бәрін ой елегінен өткізіп, лайықты бағасын бердік. Сондықтан бұл жанрға келешекте барынша көңіл бөлу керек”, – деді қазылар алқасының мүшесі, әдеби сыншы Амангелді Кеңшілікұлы.
Сонымен “Поэзия” аталымы бойынша бірінші орынды Ұмтыл Зарыққан, екінші орынды Айзада Рахымжанова, үшінші орынды Ербол Алшынбай иеленді. Ал “Проза” аталымында бірінші орынға Бақытбек Қадыр, екінші орынға Саян Сексенбаев, үшінші орынға Мерей Қайнарұлы лайық деп танылды.
“Балаларға арналған шығарма” аталымы бойынша бірінші орынды Нұрбек Кеңесбай, екінші орынды Абай Орынбай, үшінші орынды Ақмарал Омарова қанжығалады. “Драматургия” аталымында бірінші орынды Қанат Тілеухан, екінші орынды Тайбек Абдуллин, үшінші орынды Қуат Қиықбай жеңіп алды.
“Әдеби сын” аталымы бойынша бірінші орын Біржан Ахмерге, екінші орын Анар Абдуллинаға, үшінші орын Мейір Оразғалиевке бұйырды. Сонымен қатар “Алаш аманаты” арнайы сыйлығын зерттеуші-ғалым Бақтияр Бәтеу, “Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығы” сыйлығын ақын, сатирик Абылай Мауданов иеленді.
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ.