Химик-металлург, ғалым, сөз зергері, қоғам қайраткері Евней Бөкетовті солтүстікқазақстандықтар мақтан тұтады. Өңірімізде түрлі салада аты шығып, артында хатын қалдырған бірнеше ғалым болса, солардың белортасында ойып алар орны бар тұлға – Евней Арыстанұлы. Оның жүріп өткен өмір жолына назар салатын болсақ, біртуар жанның жарқын келбетін, ұлтқа, ғылымға деген шексіз сүйіспеншілігін көреміз. Шығармашылық пен ізденістің қос тізгінін ұстаған тұлға ғылым мен әдебиетте өзіндік қолтаңбасын қалдырған. Оған қоса қайраткерлік қызметі де бар. Евней Бөкетовтің ортамыздан кеткеніне 13-ші желтоқсанда қырық жыл болса да, есімі халқының есінде.
Евней Арыстанұлы Бөкетов 1925 жылдың 23 наурызында қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданындағы Бағанаты ауылында дүниеге келген. Азан шақырып қойған аты – Ибн-Ғабиден. Ата-анасы Евней-Ғабиден атап, кейін құжаттарда Евней деп жазылып кеткен. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы ашаршылық Бөкетовтер отбасын да айналып өтпеді. Бала-шағасының амандығын ойлаған отағасы Арыстан отбасымен бірге Ресейдің Қорған облысының Макушинск совхозына көшіп барып, сонда қара жұмыста еңбек етеді. Евней Арыстанұлы сол жақта мектеп табалдырығын аттаған, кейін 1938 жылы ата-анасымен туған жеріне көшіп келеді. Білімге, білуге құштар болса да науқастанып қалған әкесінің орнын басып, отбасын асырау үшін 9-сыныптан кейін жұмыс істейді. Орта мектепті жиырма жасында 1945 жылы бітірген.
Евней Бөкетов Қазақ тау-кен металлургия институтын 1950 жылы бітіріп, ғылымның сара жолына түсіп, елу жасында академик дәрежесіне ие болды. Ол 1960-1972 жылдар аралығында Қазақ КСР Ғылым академиясының химиялық-металлургия институтының директоры, одан кейін Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры қызметтерін абыроймен атқарған. Университет 1972 жылдың наурыз айында белгілі қазақ жазушысы Сәбит Мұқановтың қатысуымен салтанатты түрде ашылып, оның алғашқы ректоры болып Евней Арыстанұлы тағайындалған болатын. Оның басшылығымен университеттің материалдық-техникалық базасы жасақталып, ғылыми инфрақұрылымы дамыды. Ардақты тұлға білгір басшы әрі химия мен металлургия саласының білікті маманы ретінде еліміздің ғылымы мен жоғары білім беру саласында аянбай еңбек етті. 1991 жылы университетке Е.А.Бөкетовтің есімі берілді.
Осы институтта ол ғалымдар үшін күтпеген жаңалық, түрлі-түсті, сирек және бытыраңқы металдар зертханасын ашты. Өзі басқарған зертханада молибден, вольфрам, селен, және теллур элементтері бойынша көптеген зерттеулер жүргізген. 1965 жылы шахта пештерінде түйіршіктелген концентраттарды күшейткіш күйдіруден өткізу үрдісін алғаш енгізген. Осы еңбегі үшін 1969 жылы Евней Арыстанұлы КСРО-ның авторлық куәлігін алды және Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығына ие болды.
Евней Бөкетов – химия саласындағы жаңа бағыт: халькогендер мен халькогенидтердің химиясы мен технологиясының негізін салған ғалым. Сондай-ақ мыс-электролиттік шламдардан селен, теллур элементтерін бөліп алудың әдістерін жасап, Д.Менделеев жасаған элементтердің периодтық жүйесіндегі химиялық элементтер аналогтарының жіктеліміне түзетулер енгізген.
Ол металлургиялық тотықсыздандырғыштар арқылы көмірді сутектендіру мүмкіндігін дәлелдеп, өзінің даралығы мен даналығын көрсетті. Нәтижесінде оның қоржынына 50 өнертабыстың нәтижесі мен 10 патенттелген авторлық жаңалық салынды. Екінші жаңалығы – флотациялық байыту сатысында бос жыныстардан айырып алуға жеңіл көнетін, тотықтандырылатын мысты сульфидтік түрге айналдыру. Соның арқасында жарамдылығы аз кендерден жоғары сапалы шикізат алынып, табиғат байлығы арта түскен. Осы екі табысы оны әлемге танытты. 1966 жылы докторлық диссертациясын ойдағыдай қорғап, төрт жылдан соң Қазақ КСР Ғылым академиясына мүше-корреспондент, бес жылдан кейін академик болып сайланды.
Фосфор шламындағы фосфорды анықтаудың Бөкетов-Баешов әдісін ғылыми жаңалық ретінде АҚШ ғалымдары жоғары бағалап, 1990 жылы аспанда жаңадан табылған жұлдызды “Бөкетов-Баешов жұлдызы” деп аталды, бірақ академик өзінің ғұламалығының халықаралық тұрғыда мойындалғанын білмей өмірден озып кетті. Евней Арыстанұлы көзі тірісінде жас ғалымдарға жетекшілік етіп, 4 ғылым докторын, 50-ден аса ғылым кандидатын даярлаған.
Евней Бөкетовтің жаратылыстану ғылымдарымен қатар гуманитарлық бағытты да қатар алып жүруі оның болмысының биік екенін дәлелдейді. Ол – жазушы, аудармашы, əдебиет сыншысы, публицист, тарихшы ретінде де танылған.
Біртуар тұлғаның əдеби шығармаларын зерттеушілер оның мұрасын үш топқа бөліп қарастырады. Атап айтсақ, көркем-публицистикалық очерктері, өмірбаяндық романдары және аудармалар. Евней Арыстанұлының қаламынан елуден аса көркем шығарма туып, жиырмадан астам туынды қазақ тіліне тәржімаланған. Әдебиетке талабы зор сөз майталманы əдеби-сын мақалалар жазып, ауқымды шараларда ұлт болашағына қатысты тұжырымды да ашық ой айтқан. Ғалымның әріптестері, достары және туған-туыстарымен алмасқан хаттары да эпистолярлық мұра ретінде сақтаулы тұр.
Оның Қаныш Сәтпаев, Мұхтар Әуезов, Шоқан Уәлиханов туралы жазған эсселерін тамсанбай оқу мүмкін емес. Мұхтар Әуезовтің шығармашылығына ден қойған сыншы “Абай жолы” ақынның ақындық қасиетін, ойшылдығын, тұлға-бітімін жан-жақты аша білген сыр сандық”, – деп баға береді. “Халқымыздың мерейі мен мақтанышы” деген мақала жазып, Мұхтар Әуезовке “ұлтымыздың ары мен абыройы” деген жүрекжарды пікірін жеткізген. Оның тұжырымы мен пікірлері шығарманың мазмұнын терең түйсініп, әділ түйін жасауымен ерекшеленеді.
Евней Арыстанұлы – “Түйе қомында туған адам” (“Человек, родившийся на верблюде”, 1975), “Творчество қырлары” (“Грани творчество”, 1977), “Шоқанның қасиетті ісі” (“Святое дело Чокана”), “Белгісіздікке барар жолда” (“Пути в незнание”, 1984) атты очерктер мен эсселер жинағының авторы. Бұл туындылар да автордың шеберлігін, талантты сөз зергері екендігін айғақтайтын дүниелер.
Евней Бөкетовтің танымал шығармалары қатарындағы қазақ тілінде жазылған “Түйе қомында туған адам”, “Досыма алты хат” роман-эссесі, аяқталмай қалған “Академик Сəтбаев туралы” биографиялық романы, “Шығармашылық қырлары” атты еңбектері – елге танымал тұлғалардың образдарын сомдауға арналған туындылар. Бұл шығармалардағы басты кейіпкерлер: қазақтың дарынды ұлдары – Қаныш Сəтбаев, Мұхтар Əуезов, Шәкен Айманов жəне тағы басқалар. Ғалым қазақтың тарихын жақсы білген. Бұған қазақтың көрнекті ғалым-археологы Ə.Марғұланмен достығы себеп болса керек.
Академик Зейнолла Қабдолов замандасы туралы мынадай ой білдірген: “Евней жас кезінен екі тілді жетік білген, алдына қойған мақсатына жетуді көздейтін, сөз бен істің адамы… “Абай жолы” Евнейдің сүйікті кітабы болды, ғалым-жазушы Мұхтар Əуезовті барлық əдебиетшілер қауымының ағасы ғана емес, ұстазы деп таныды. Академик Бөкетовтің шығармашылығында сирек кездесетін металл-селенге деген махаббаты өлеңге деген махаббатымен пара-пар, оның біртұтас тұлғасының құпиясы дəл осында еді…”.
Аудармашы ретінде ол батыс және орыс классиктерінің, атап айтсақ, И.Василенконың “Артемка” повесін, Э.Золяның “Әңгімелер мен мақалаларын”, И.Вазовтың “Тепкіде” романын, У.Шекспирдің “Макбет” пен “Юлий Цезарь”, В.Маяковскийдің “Қандала” пьесаларын аударып, шетел классиктерінің туындыларын қазақ тілінде тартымды да мазмұнды сөйлеткен.
Оның жастар мәселесіне назар аударуы елінің ертеңіне деген алаңдаушылығы болса керек. Оларға қамқорлық танытып, талай көмек қолын созғандығы жайында да аз айтылып жүрген жоқ. Евней Арыстанұлы мерзімді басылым беттерінде жастарға арналған мақалаларын жиі жариялап тұрған. Мәселен, “Ағадан – ақыл, ініден – шарапат”, “Қараша үйден Қарағанды университетіне дейін”, “Арманшыл болғанға не жетсін”, “Студент, саған мәңгілік құштарлық”, “Жиырма деген жасында”, “Университеттік ілім”, “Жастардың болашағын ойласақ”, “Маманға бүгінгі талап жоғары” және басқа да мақалаларынан автордың қоғамның тұғырын нығайтуға, оны жасаушысы жастардың қатарын қалыптастыруға деген ұмтылысы аңғарылады.
Евней Бөкетов Қазақстан компартиясының XIII, XIV съездерінің делегаты болды. Еңбек Қызыл Ту орденімен және медальдармен марапатталды. Соңғы жылдары еңбек еткен институтының қабырғасына 1987 жылы мемориалдық тақта орнатылды. Қарағанды және Петропавл қаласында ғалымның есімімен аталатын көше бар.
Ол Қазақ елінің аспанында жарық жұлдыз болып жанды, ғылымы мен біліміне, әдебиеті мен мәдениетіне өлшеусіз еңбек сіңіріп, артында өшпес мұра қалдырып кеткен қазақтың бірегей ұлы ретінде жадымызда мәңгі қалады. Евней Арыстанұлы – сегіз қырлы, бір сырлы ірі ғалым, әдебиеттанушы, аудармашы, публицист, ақын, жазушы. Ғылым және жазушылық жолды, қайраткерлік қызметті қатар алып жүруге қуаты жеткен нар тұлға.
Евней Бөкетов 1983 жылдың 13 желтоқсанында мәңгілік сапарға аттанған еді. Оның ғибратты ғұмыры, ғылыми және әдеби мұралары қазақ елінің тарих таспасына алтын әріптермен жазылғаны сөзсіз. Ғалымның хаты ешқашан өлмейді.
Жанар ТАЛАСПАЕВА,
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты.