«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Заманауи өнер алаңы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Озық ойлы, жаңаша көзқарасы бар жастар кәсіптің қай бағытында да өзгерістер жасап, жаңа салалардың қыр-сырын меңгеріп келеді. Заманмен бірге адымдайтын, жаңаға жаны құмар жастардың еркін ойлап, батыл шешімдер қа­былдай алатыны қуантады. Әсіресе жастар шығармашы­лығы саласында қолға алынған тың жобалар ертеңнен көп үміт күттіреді. Сондай игі бастамалардың бірі ретінде биыл ғана облыс орталығында өз жұмысын бастаған “MoonSound” дыбыс жазу студиясын ерекше атауға болады.

“MoonSound” – жас музыкант­тарға түрлі қызметтер көрсетіп, қа­білеттерін шыңдайтын заманауи өнер алаңы. Мұнда өнерпаздар ды­быс жазу, өңдеу қызметтерін пайда­ланып, вокал, аспапта ойнауды мең­гере алады. Аталған студияны өнер колледжінің дарынды түлектері бірігіп ашқан. Өңірімізде мұндай орындар саусақпен санарлық қана болғанымен, олар бұл саланың кеңінен танылып, сұранысқа ие боларына сенімді.

– Біз өнер колледжін тамамда­ған­нан кейін де өмірімізді музыка­мен байланыстырғымыз келді. Тамерлан Сахатов екеуіміз бір жылдай осы саланың қыр-сырын зерттеп, талпыныстар жасап, нәтижесінде өз жобамызды жүзеге асырдық. Қа­жетті құрал жабдықты кәсіби ма­ман­дармен кеңесе отырып, шетелден арнайы алдырдық. Бүгінде мұнда келушілерге заманауи соңғы үлгіде­гі құрылғылармен сапалы қызмет көрсететін мүмкіндігіміз бар, – дейді студия жетекшісі Абылайхан Ақма­ғамбет.

Расында да бүгінде Қызылжар­да ән өнеріне талаптанып, өз да­рын­дарын жетілдіріп жүрген жастар көп-ақ. Енді олар аталған студияда бас қосып, жаңа туындыларын тас­паға жазып, көпшіліктің көзайымына айнала алады. Бұл – тек сахнаға енді шығып жүрген әншілерге ғана емес, жергілікті сазгерлер үшін де таптырмас мүмкіндік. Одан бөлек мұнда музы­ка мектебі де жұмыс істейді. Келушілер вокал, дом­бырамен ән айту, аспапта ойнау сияқты өнер түрлерінен сабақ ала­ды.

Өнер адамымен жұмыс істейтін жанның өзі де өнерге жақын бол­ға­ны жөн. Өйткені дыбысты таза жазу, сапалы өңдеу, алғаш рет айтылғалы тұрған ән мен әуеннен тыңдарман­ның жүрегін тербейтін туынды жа­сап шығару асқан шеберлікті қажет етеді. Осындай бір музыкалық туын­дының иін қандырып, дайын күйге жет­кізу үшін кейде бірнеше күн аздық ететін кездер де болады екен. Мұндағы өз ісіне шебер мамандар қай кезде де шығармашылық жұ­мыстың қиындығынан қашқан емес. Керісінше алдарына келген адамға кеңес беріп, білгендерімен бөлісуге дайын.               

– Бұл сала қаламызда енді-енді қанат жайып келеді. Дыбыс жазуға келушілердің саны аз емес. Келе­шекте туындыларымызды отандық нарыққа шығарып, шетелдік тың­дармандарды да тәнті етуді көз­деп отырмыз. Заманауи өнер жаңа өзгерістер мен тың идеяларды қа­жет етеді. Біз өз жобамыз арқылы қа­зақ өнерінің дамуына үлесі­мізді қосып, жастар шығармашы­лы­ғын шыңдауды мақсат тұтудамыз. Егер әр адам өз ісіне шын жүрегімен кіріссе, әр бастаған кәсіп берекелі болады деп ойлаймын, – дейді өнерге құштар жастар.

Креативті индустрияға ерекше назар аударылып отырған қазіргі­дей уақытта “Moon­Sound” сияқты жобалардың жұрт­шы­лыққа берері мол болмақ. Өнер­ге бар күш-жігерін арнап, шын ние­тімен кіріскен Абы­лайхан Ақ­мағам­бет пен Тамерлан Саха­товтың ең­бектері жемісін беріп, көпшіліктің ал­ғысын алып жатса, бұл өзге жас­тарға да үлгі болмақ. Енді ғана көпке танылып, халықтың қызығушылы­ғын оятып келе жатқан студиядан күні ертең танымал өнер жұлдыз­дары өсіп шығады деп се­неміз.

Әсел АЗАТ,

М.Қозыбаев атындағы  СҚУ-дың студенті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp