«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Лауазымды тұлғалар жазаланды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірдегі жергілікті атқарушы органдардың лауазымды тұл­ғалары өздерінің электрондық цифрлық қолтаңбасының кілтін басқаларға заңсыз беріп келген. Мұны облыстық прокуратура мамандары тексеріс барысында анықтады.

Қадағалаушы органның мәліме­тінше, Тайынша аудандық  тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы  бө­лі­мінің басшысы “Электронды құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы” Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы талаптарын бұза отырып, электрондық цифрлық қол­таңбаның жеке кілтін бас маманға беріп қойған. Кейін бөлім басшысы еңбек демалысында болған кезеңде оның атынан автомобиль жолдарын күтіп ұстау бойынша мемлекеттік сатып алу туралы келісімге бөлімнің бас маманы қол қойған.

Бөлім басшысы электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кілтін басқаларға заңсыз бергендігі үшін әкімшілік жауапкершілікке тарты­лып, айыппұл төледі. Прокуратура облыстың мемлекеттік еңбек инспек­циясы басқармасының бұрынғы басшысы, қазіргі уақытта облыстың Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитеті басқармасының бас­шысын да осындай заң бұзушылық үшін әкімшілік жауапкершілікке тартты. Ақжар, Қызылжар, Тайынша аудандарының жергілікті атқарушы органдарында да осындай 24 факті анықталды.

Прокурорлық қадағалау актілері бойынша қазіргі уақытта заң бұ­зу­шы­лықтарды жою және кінәлі ла­уа­зымды тұлғаларды жауапкерші­­лікке тарту шаралары қолға алын­ған.

Прокурорлардың айтуынша, мем­лекеттік қызметшілерге электрондық цифрлық қолтаңбаның кілтін басқа қызметкерлерге заңсыз бергені үшін Қазақстан Республи­касы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 640-бабының 5-бөлігі бойынша әкімшілік жауап­кершілік қарастырылған. Айыппұл мөлшері – 51 750 теңге.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp