Өңірдегі жергілікті атқарушы органдардың лауазымды тұлғалары өздерінің электрондық цифрлық қолтаңбасының кілтін басқаларға заңсыз беріп келген. Мұны облыстық прокуратура мамандары тексеріс барысында анықтады.
Қадағалаушы органның мәліметінше, Тайынша аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы “Электронды құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы” Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы талаптарын бұза отырып, электрондық цифрлық қолтаңбаның жеке кілтін бас маманға беріп қойған. Кейін бөлім басшысы еңбек демалысында болған кезеңде оның атынан автомобиль жолдарын күтіп ұстау бойынша мемлекеттік сатып алу туралы келісімге бөлімнің бас маманы қол қойған.
Бөлім басшысы электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кілтін басқаларға заңсыз бергендігі үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төледі. Прокуратура облыстың мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының бұрынғы басшысы, қазіргі уақытта облыстың Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитеті басқармасының басшысын да осындай заң бұзушылық үшін әкімшілік жауапкершілікке тартты. Ақжар, Қызылжар, Тайынша аудандарының жергілікті атқарушы органдарында да осындай 24 факті анықталды.
Прокурорлық қадағалау актілері бойынша қазіргі уақытта заң бұзушылықтарды жою және кінәлі лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту шаралары қолға алынған.
Прокурорлардың айтуынша, мемлекеттік қызметшілерге электрондық цифрлық қолтаңбаның кілтін басқа қызметкерлерге заңсыз бергені үшін Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 640-бабының 5-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Айыппұл мөлшері – 51 750 теңге.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.